Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ АБЫЗЫ

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ АБЫЗЫ


Қаратаудың етегінде туып, өсіп, барша мағыналы ғұмырын, табиғат дарытқан ақындығын туған еліне сыйлаған балалар ақыны бұл күндері балалар әдебиетінің абызы атанды. Ақынның балаларға арнаған еңбектерін оқи отырып, қазақи сұлу мінезімізді сәби бойына қалыптастырған ықпалын терең тануға болады. «Үлкендерше ойлап, балаларша жазу керек» дейді «Қазақ газетіне» берілген ақынның сұхбатына үңілсек.
«Бүгінде балалар тақырыбында тың туындылар жазып, бүлдіршіндердің сүйікті жазушысына айналған Адырбек ағаның 2011 жылы «Білім» баспасынан «Шешілген жұмбақ» атты кітабы шықты. Онда балаларға арналған өлеңдер, мысалдар, ертегілер мен жұмбақ, жаңылтпаштар жинақталды. Соңғы бір-екі жылдың көлемінде тек балаларға арналған туындылармен қатар былтыр «Арна» баспасынан «Желкілдек батыр» деген атпен тарихи туынды жарық көрді. Мұнымен қоса, «Академик Сартаев» атты кітабы шыққан болатын. Алдағы жылы бүлдіршіндерге жаңа туындылар «Біз өмірдің гүліміз» деген атпен шығармалар жинағы баспаға дайын тұр.
Жақсы ғой біздің анамыз,
Айтқан тілін аламыз.
Байқамай үйдің әйнегін,
Сындырып қойды балаңыз, Бұл ақынның тұңғыш рет жазған «Сынған әйнек» деген өлеңі болатын.
Бозбала шағында «Сапар мен парта» деген мысал өлең жазады. Сол өлеңге тағы бір-екі өлең қосып, республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне жолдайды. Балалар ақыны Жақан Смақовтан келген хатында «Сапар мен партаны» ұнатқанын айтады. Көп ұзамай әлгі өлең жан-жағына партаны ойып атын жазып отырған баланы салып, «Қазақстан пионері» газетіне шығады. Бұл, республикалық баспасөзде жарық көрген тұңғыш өлеңі еді.
1961 жылдың көктемі. Мемлекеттік емтиханға дайындалып жүргенде университеттің акт залында Қазақстан жазушылар одағының балалар әдебиетіне арналған бір жиыны өтіп жатыр екен. Ақын Адырбек аға да кіріп отырады. Мінбеде сол кездегі Қазақ ССР оқу министрі, белгілі ғалым, жазушы Әди Шәріпов:» «Балаларға жазылған танымдық өлеңдердің бірі
– Адырбек Сопыбековтың «Қоразға» деген өлеңі. Онда:
Оятпа, қораз, сен бізді,
Өзім де сездім, таң атты.
Сенсіз-ақ білем мезгілді,
Үйреніп алдым сағатты – деп әдемі келтірген. Балаларға арналған өлең осындай болуы керек», – деген. Жанында отырған белгілі ақын Сағи Жиенбаев пен балалар жазушысы Машқар Гумеров ақынның қолын алып құттықтайды. Сол жылы «Қоразға» деген жалғыз шумақ өлеңі 1-сыныпқа арналған «Әліппе» оқулығына шықты. Содан бастап: «Е-е, мен балалар ақыны бола алады екенмін ғой,» – деген үміттің ұшқыны ақын көкірегіне қонған секілді.
Одан кейін жазған өлеңдері республикалық, облыстық басылымдарда жарық көріп жүрді. Сол себепті шығармашылыққа деген қызығушылығы одан сайын арта түсті. Орта мектепті тәмамдаған соң қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де филология факультетіне оқуға түсті. Облыстық «Сыр бойы», Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде журналист болып көп жыл қызмет атқарды. ... «Дүниеге адам болып келген соң еңбек ету керек. Барлығы еңбекпен келеді» – дейді ақын аға.
«Балаларға шығарма қызықты болу үшінең алдымен балалардың көңілінен шығатын тақырыпқа қалам тербеген дұрыс. Қысқасын айтқанда, үлкендерше ойланып, балаларша жазу керек. Сонда ғана шығарма балалар аудиториясына өтімді болады. Түсінікті тіл, қысқаша мазмұнға мән берген дұрыс. Байқасаңыз, балалардың дені компьютерлік ойынға, ғаламторға қызығады. Оларға ертегі айта қойсаң, тыңдағысы жоқ. Сондықтан, баланың санасына кішкентайынан кітап оқуды, ертегі, жұмбақ жаттауды сіңіргеніміз жөн» – деген өз пікірін айтады ақын.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгер шоғырының бірі – Мұзафар Әлімбаев мұнан қырық жыл бұрын «Абайдан бастап Адырбекке дейінгі балалар ақындарының антологиясын жасау керек» деген болатын жазушылар пленумында.
Құлыбек Ергөбек:
Ақындар бөбектерді «күлкі витаминімен» /С.Михалков/ тәрбиелеуді ойлайды. Күлкі ұтымды жауап пен келеңсіз әрекеттен туындайды. Ал, Адырбектің «Тілалғыш» аталатын өлеңінде де осы екі тәсілдің әдемі қоспасы бар. Ақын Нұра деген баланы тілалғыш деп отырып та, оның теріс әрекетін әшкерелеп, күлкі тудыратын өлең жазған.
«... Кезінде балалар әдебиетінің білгірі К.Чуковский балаларға арналған өлеңнің суретті болуын талап еткен. «Тұтас бір бет өлең жазып, – дейді ол, – жалғыз ғана суреттің қажет екеніне көзің жетсе, ол өлеңді жарамсыз деп тап та, белінен бір-ақ тарт». Бұл әрине, бүлдіршіндерге арналар өлеңнің жанды сурет, тірі қимыл, сан алуан бояуға толы болуын талап еткен пікір. Бүлдіршіндердің көзге елестету арқылы қабылдайтынын ескерсек, бұл өте орынды талап. А.Сопыбеков, А.Сәрсеков, Ә.Нарымбетовтың бірсыпыра өлеңдерінің ерекшелігі – суреттілігінде.
Сөз – балаларға арналған өлеңдер жайында, жақсы өлең жазудың құпиясы мол. Шеберлік сабағы ретінде көрінетін бір мәселеге жол-жөнекей тоқтап өтейік. Ол – сөз ойнату. Белгілі бір лексиконды қайталай, сөз ойната отырып өлең жазу – қазақ балалар әдебиеті дәстүріне кеңінен ене қойған жоқ. Әйтсе де, ара-тұра кездеседі. Жылдың бірсыпыра жинағынан осы талапты көріп, қуандық. Бұл мәселеде Адырбек пен Есентай үздік көрінді» деп жазады Қ.Ергөбек.
Ендігі бір топ өлеңдер үлкенге құрмет, кішіге ізет, яғни, кішіге үлкендік қамқорлықты көрсете білуге тәрбиелесе «Қоларба» өлеңінде өзі мінуге сай келмейтін қоларбаға ойлана келе Гүлнәр деген балақайды мінгізіп, сүйретіп, жұбатып, қуантуды ойлайды. Ақынның «Көзілдірік» өлеңін балалардың үлкендер арасындағы қарым-қатынасы да анық көрінетін тұстары бар. Бала көмегіне үлкендердің де зәру екендігі байқалады.
Мұны:
Көзілдірік ап келдім,
Әжем қалды қуанып.
- Сенің қалам, дәптерің,
Көрінді, – деп, – бәрі анық , – деп әдемі кестелейді.
Ежелден көшпелі қазақ халқының баспанасы болған киіз үйдің бөлшектерінің атауларымен аталған өлең шумақтарының да өзіндік ерекшелігі бар. «Шаңырақ» өлеңінде:
«Елтаңбасы – Шаңырақ,
Болды елімнің белгісі» деп шаңырақтың мәнісін ұғындырса, «Кереге өлеңінде»
Мықты болса іргеміз,
Бәріміз де біргеміз,
Сонда құт пен береке – деп жырлап, кереге керілмесе үй орнығып тұрмайтынын түсіндіреді.
«Босаға» өлеңі де тек танымдық қана сипат алмайды, сонымен қатар тәрбиелік мәні қатар қойыла айтылған насихаты бар. Шаңырақ көтеріп, отау тіккен жас жұбайларды алғашқы қадам жасағаннан сыйластығы, еңбекшілдігі т.б. үйлесім тапқан қасиеттердің арқасында бақытты, берекелі отбасы болуға тәрбиелейді.
Тарихын ту еткен ақын туған жерінің батырын, ел мен туған жерді қорғауда қара нардай қасқайып халқына қорған болған қаһармандардың асқан ерлігін үлгі еткен. Желкілдек батыр – Абылай ханның қол бастаған батырларының бірі болған.
Ақын Адырбек Сопыбеков «Желкілдек батыр» атты тарихи поэмасында Абылай хан Қоқан хандығына шабуыл жасаған тарихи деректемелерді негізге ала отырып, көркем кестелейді.
Ақынның поэзия әлемі қазақ балалар әдебиетінен ойып орын алады. Дана әрі дара қаламгердің әр бір кітабы балабақша мен бастауыш сынып ұстаздары үшін үлкен көмекші құрал. Бастауыш сыныптан бас-тап, оқушыларға вариативтік компоненттен таңдау бойынша сабақтарда «Адырбектану» пәнін ұйымдастыру арқылы туған жерінің ақыны, жазушысы, ғалымы, батырын танып қоймай, туған жерінін жан-жақты танытатын поэмаларын жаттап өскен балалардың танымдық дүниесін арттырып, қиналмай еркін жатталатын өлеңдерінен «Адырбек оқулары» байқауын ұйымдастырсақ балғын баланың азамат болып қалыптасуына басымықпалын жоққа шығаруға болмайды. Адырбек ағамыздың аталық қызметі барлық баланың бойына дарыған болар еді. Ұрпақ сабақтастығына өз үлесін қоса білген балалар әдебиетінің абызы Адырбек ағамыздың 80 жасқа толу мерейтойы қарсаңында ағамыздың шығармашылығы туралы танымдық шаралар туған жердің мектептерінде ұйымдастырылудан бастау алса жөн болар еді.
Салтанат ҮСЕНБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты.
18 қаңтар 2018 ж. 3 028 0