Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ – САЛАМАТТЫ ЕЛДІҢ КЕПІЛІ

САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ – САЛАМАТТЫ ЕЛДІҢ КЕПІЛІ


Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жаңғырудың негізі – адами капитал екеніне тақталып, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс екенін атап өтті. «2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет...», – деді. Осы тұста, ауданның мектепке дейінгі білім беру мекемелері қарқынды жұмыс жасауда. Бүлдіршінге тәлімді тәрбие беріп, оның дені сау, ақыл-ойы ашық болып өсуіне сүбелі үлес қосып жүрген «Меруерт» бөбекжай-балабақшасының әдіскері Сәуле Күнходжаева.
Алдымен 45 жылдан аса жұмыс жасап келе жатқан балабақша тарихына тоқталсақ. Балалар мекенінің негізі 1972 жылы №2 «Балдырған» мемлекеттік балабақшасы болып қаланған. Одан кейін араға жиырма бес жыл салып, 1997 жылы жекеге өтеді. Ал, 2006 жылдан бері қарай «Меруерт» бөбекжай жеке балабақшасы болып атауы өзгереді. Аталмыш мекемеге 1993 жылдан бері Айзада Сақтағанова басшылық етіп, оның қызметінің нәтижелі болу жолында еңбек етіп келеді.
Бүгінде сыйымдылығы 90 орындық балабақшада жас ерекшелігіне байланысты төрт топта тоқсан бүлдіршін тәрбиеленуде. Оларға тәрбиешілер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасымен білім беруде. Білім беру стандартына сай балаларға үш тілде сабақ өтіліп, тіл білудің пайдасы мен артықшылығы түсіндіріледі. Драма үйірмесі бойынша «Қуыршақ», «Саусақ», «Көлеңке», «Үстел үсті» театры жұмыс жасап, тәрбиеленушілерге рөлдерді сомдап, оларға жақсы мен жаман кейіпкердің ара-жігін ажыратуды үйретеді.
Бөбекжайда баланың заманауи білім алып, салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай жасалған. Компьютер, шахмат, хареография, ән-күй үйірмелері тұрақты жұмыс жасайды. Балабақшаның тағы бір өзіндік ерекшелігі – жазғы бассейн. Бүлдіршіндер жаз айларында оның игілігін көріп, бойларын сергітеді. Сонымен қоса, балғындарға жолда жүру ережесін үйрететін алаңқай, ойын алаңы, спорт алаңы бар. Әрине, мұндай жағдай білікті маман, қабілетті ұйымдастырушы Айсара Әбдірахманқызының еңбегі екені даусыз.
Хош. Енді осы балғындар үйінде отыз жылдан аса қызмет жасап келе жатқан, баланың сапалы білім алуы мен саламатты өмір салтын басты басымдыққа санайтын бала жанашырына қайта оралсақ. Сәуле Күнходжаева Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Түркістандағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық училищені «мектепке дейінгі тәрбие» мамандығымен бітіріп, одан әрі Шымкент университетінде «педагогика және психология» мамандығы бойынша білімін шыңдаған. Бүгінде «Меруерт» бөбекжайында әдіскер әрі психолог қызметін абыроймен атқарып келеді.
– Бұл өмір ұрпақ сүюмен мәнді. Сондықтан әр баланың шыр етіп жарық дүние есігін ашысымен өмірден ойып алар өз орны болады. Біз әр баланың қалыптасуына үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Олардың сапалы тамақтануынан бастап, дұрыс тәлім алуы өте маңызды. Бірінші кезекте бала денсаулығы. Өйткені, басты міндет – саламатты өмір қалыптастыру. Одан кейін олардың заманға сай білім алуына жағдай жасаймыз, – дейді Сәуле Нүрекеқызы.
– «Жақсы оқытушы болу үшін, оқытатыныңды да сүюің керек», деп орыс академигі Василий Ключевский айтқандай, әр тәрбиеші қол астындағы баланы жақсы көргенде ғана нағыз ұстаз болады. Міне, осы қасиет Сәуленің бойынан табылады. Ол үлгілі ұстаз. Балаларға сапалы білім беру үшін аянбай еңбек етеді. Осындай ұлағатты, ізденімпаз ұстаздардың арқасында болашақ ұрпақтың саналы болып өсері сөзсіз, – дейді Айзада Сақтағанова.
Айта кететіні, Сәуле Күнходжаева біліктілігін көтеру мақсатында облыстық оқуларға барып, тәжірибе алмасып, ізденісін тоқтатқан емес. Оның білім саласында атқарған еңбегі құзырлы орындардан ескеріліп, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», Республикалық қазақ салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы «Құрмет грамотасымен» тағы басқа мадақтамалармен марапатталған.
Өмірінің бір бөлігін бала тәрбиесіне арнаған кейіпкеріміз шаңырағында ардақты ана, ақ жаулықты әже. Жолдасы Нұрлан Сәрсенов екеуі бес перзентті өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, олардан он бір немере сүйген өнегелі отбасы.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
16 қаңтар 2018 ж. 2 022 0