2017: бала туу көрсеткіші қандай?
60 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ
Жалпы, биыл егіздердің саны артқан. Тарқатып айтсақ, 2015 жылы үш егіз, 2016 жылы жеті егіз, 2017 жылы сегіз егіз өмірге келген. Ең қуантарлығы, соңғы үш жылда бала шетінеуі тіркелмеген. Өкініштісі, кесарь тілігімен босанған аналар саны артыпты. Жыл басынан бері 80 ана осындай хирургиялық әдіспен перзентіне жарық дүние сыйлаған.
Орташа есеппен Жаңақорғанда күніне 5-6 бала өмір есігін ашады. Яғни, туу көрсеткіші 1991 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артқан. Мақтанарлығы, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде салмағы 500 грамнан жоғары ерте туылған нәрестелердің өмірін сақтау мүмкіндігі мол. Артта қалған 5 жыл ішінде салмағы 1500 грамм баланы аман сақтап қалу көрсеткіші 30 пайыз артыпты. Аудандық перзентхананың меңгерушісі Сәуле Бектұрғанова: «Бүгінгі күні тегін медициналық көмек шеңберінде туа біткен ауруларын уақытылы анықтау және емдеу мақсатында перинатальдық және неонатальдық генетикалық скрининг жүргізіледі. Сонымен қатар перзентханаларда жаңа туған нәрестелер арасында есту қабілетінің ақауына скрининг енгізілген. Ол: "балаларға амбулаториялық және стационарлық деңгейде медициналық көмек, оның ішінде жоғары технологиялық, қымбат диагностикалық және емдеу амалдары тегін көрсетіледі» деп атап өтті. Заманауи техникамен және білікті мамандармен қамтылған перзентханада босанған ана мен бала денсаулығы басты назарда болатыны түсінікті жайт.
ШУАҚТЫ КҮНДЕРДЕГІ ШАРАНАЛАР
Біздің редакция ұжымы әрбір мереке мен айтулы күндерде туылған нәрестелер туралы деректі назардан тыс қалдырмай, тұрақты жариялап отыруды дәстүрге айналдырды. Жыл басынан бері «Алтын құрсақты ана», «Шуақты күндердегі шараналар», «Шуақты күндердің сүйіншісі», «Президент күнінде 5 перзент дүниеге келді» тақырыбында мақала жарық көрді. 2017 жылға аяқ басатын Жаңа жыл мерекесінде – 5 сәби, халықаралық әйелдер күні – 8 нәресте, Жеңіс күні – 6 шарана, Тәуелсіздік күнінде – 5 перзент халықтың қуанышын еселеген еді.
Айтып өтуіміз керек, мереке қарсаңында өмірге келген қыздарға Мереке, Мерей, Салтанат есімі қойылса, ер балаға Қуаныш, Нұрперзент, Нұрсұлтан есімдері берілді.
СЫНЫПТЫҢ САНЫ өсті
Бала туу көрсеткішін сөз еткенде мына жайтқа қанықтық. Аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкері Гүлнар Абдуллаева жыл сайын өзге облыстарда түрлі себептермен үйде босанатын 400 ден астам аналар анықталғаннын сөз етті. Міне, осы себепті ауданда бір жылда туылған бала санының көлемі перзентханада туылған бала санымен ғана шектеліп қалмайтынын ескеруіміз керек.
Балалардың жыл сайын саны артуы сынып қатарының көбеюіне әкелуде. Аудандық білім бөлімінің мәліметіне жүгінсек, 2015 жылы бірінші сыныптың саны 81, 2016 жылы –87, 2017 жылы – 91-ге артқан. Мектептердің басым көпшілігінде 1-сыныбының қатары 5-ке жетіпті. Даярлық тобындағы балалар санынмен есептегенде келер жылы биылғы бірінші сыныптағы бала санымен 262 бала артық. Демек, келесі оқу жылында сыныптардың саны тағы да арта түспек.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерден бала туу көрсеткішінің өсімі байқалады. Осыдан-ақ, ауданның әлеуетінің жақсара түскенін бағамдай беруге болатындай.
Мақпал ПӘТЕНОВА.
Пікір 4