№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Сөнбейтін шырақтың сәулесі

Сөнбейтін шырақтың сәулесі


«Мен Низаметдин Илялетдинов атындағы мектепте оқимын». Бұл сөзді тәлім ордасының табалдырығын жаңа аттап, білімге бас қойған балауса балдырған да, орта біліммен қаруланып, мектеп қабырғасынан әні - міне қанат қаққалы тұрған жас түлек те ерекше бір мақтаныш сезіммен айтқан кезде асқар тауды арқаланып тұрғандай болады. Неге? Алтын ұяға аты ұсынылып, ұрпақ көңілінде ұмытылмастай ұялаған, елдің жүрегінде жатталып, қыдырдай қиялаған бұл кісі кім?

Осынау тұлғалы азаматтың кешегі тар замандарда Татарстаннан қазақ жеріне табан тіреп, осында тірлік жалғап қана қоймай, қараңғылықты түрген жарық жұлдыздай жан-жағына сәуле шашқан тағдыр-талайына қарап отырып Тәңір оны әдейі жаратып, жас өркеннің жебеуші періштесі жасап, Жаңақорғанның маңдайына жазып қойған ба деп жорамалдайсың.
Сөзіміз дәлелді болу үшін Илялет­диновтың тәлімін көрген қадау-қадау шәкірттері арасында есімдері бүкіл елге белгілі мына төмендегі азаматтарды айтсақ та болады.
Олар академиктер – Мұхаметжан Қаратаев, Альфарид Илялетдинов, Мұхтар Әлиев, Ахмет Қошқаров, Сұлтан Сартаев. Республика академиясы корр мүшелері, профессорлар Бәкет Амантаев, Бірлесбек Алияров, Амангелді Қошқаров, мемлекет және қоғам қайраткерлері Исатай Әбдікаримов, Әлім Мұхамеджанов. Бұдан басқа жүздеген шәкірттері ғылым докторлары мен кандидаттары, ұстаздар мен дәрігерлер, халық шаруашылығы мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар.
Нақ қазір менің қолымда ұлы ұстаз­дың өз қолымен жазылған өмірбаяны тұр. Мұнда былай деп жазылған: «Мен Илялетдинов Низамутдин 1898 жылы 27 февральда осы күнгі Татар республикасы, Қарамалы деген селода кедей батырақтың семьясында тудым. Шешем мен 6-7 жасар кезімде көз жұмды, әкем 1916 жылы қайтыс болды. Қазір өзіммен бір туған жақын – жуықтарым жоқ. Әкем кедей болғанына қарамастан мені оқытты. Мен 1921 жылға дейін 6 жыл Татарстанда оқытушы болдым. 1921 жылы Волга бойында қатты ашаршылық болды. Мектептер жабылды. Қазақстанға 1922 жылдың күзінде келдім. Түркістанда бала оқыттым. 1926 жылы Бесарыққа келіп, алты жыл ұстаздық еттім. 1932-1958 жылға дейін осы күнгі ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орта мектепте мұғалім, 1939-1949 жылға дейін мек­тептің директоры болдым. Еңбек ете жүріп соғыс уақытында үзіліп қалған КазПИ-дегі оқуымды жалғадым, – дей келе өзі оқытқан шәкірттері қатарында маңдайалды таңдаулы деген 48 түлектің аты-жөнін қоса тіркепті.
Өткен күн қайта келмейді. Өткеннің қымбат естеліктері де. Бұдан бір ғасыр бұрын туған жерімізге ту тігіп, қырық жыл халықтың көзін ашып, білім нәрімен сусындатуда қажымай-талмай,  адал тер төккен аяулы ағаның көзін көргендерді де бүгін іздеп табу қиын. Рас, Жаңақорғандағы қараорнын  күзетіп, түтінін сөндірмей отырған қызы Софья апамыздың қолындағы құжаттарда ұстаз – әке өмір жолының бүкіл дерегі, өз қолымен жазған өмірбаяны қаттаулы тұр екен. Бұл өмірдерек. Бұл тарих. Оны ешкім өзгерте алмайды. Әйтсе де энциклопедиялық мағлұмат тұлғаның өзін, табиғатын танытуда тапшылық етеді. Қалам қуатын осындайда еріксіз мойындайды екенсің. Құдай жазушы қауымға замандастың жан әлемін жарқыратып ашып, күні бүгін қасыңда жүргендей қауыштырар қабілет да­рытып қойған емес пе, ұстаз туралы бұдан елу жыл бұрын хатқа түскен «Екі жаз» деп аталатын көркем туындыны кездестіргенде біз нақ осындай күйді бастан кештік. Ардақты жан өмірден өтерінен екі-үш ай ғана бұрын, нақтылап айтқанда, 1967 жылдың көктемінде бұл шаңыраққа осындай қаламгерлердің бірі, Сырдың аяулы ұлы, сұңғыла суреткер, журналист-жазушы Ұзақ Бағаев ағамыз арнайы іздеп келіп, емен-жарқын әңгімелесіп үлгірген екен. Сол сұхбаттың желісімен жоғарыдағы туындыны дүниеге келтіріпті. Ол об­лыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде жарық көрген. Өкініштісі, басты кейіпкер өзі туралы еңбекті көре алған жоқ. Бұдан жарты ғасыр бұрын тасқа басылған құнды жазбаға құныға бас қойған едік, міне керемет, атын жаттағанымыз болмаса, заты біз үшін тым жұмбақ, ардақты тұлғаның азаматтық болмысы, қадір-қасиеті, кескін-келбеті, ұлық ұстанымы жаңа туғандай көз алдымызда қайта тірілді. Қалың оқырман қапы қалмасын, шығарманы ықшамдап ұсынып көрейік, оқиға желісі кейіпкердің өз атынан төмендегіше өрнектеледі:
«Сонымен қазақ жерінен, Бесарық разъезінен бір-ақ шықтық. Қасымызға жақындаған қария кісі: Қайдан жүр­сіңдер қарақтарым? – деді. Мен татар­шалап жауап бердім:
– Алыстан. Осында келдім. Учительмін. Учитель дегенге жақын тартты ма, қарт бірден үйіне бастады. – Мұғалімге сусап отырған ел едік, қадамдарыңа гүл бітсін, балаларым. Ертең мектепке ертіп барам. Бүгін дем алыңдар, – деді.
Айтқанындай, ертеңіне мектепке ертіп апарды. Бастауыш мектепке мұғалім болып орналастым. Алтынбек қарияға мен іні, Ғаян келін боп бауыр бастық.Қазақ шалдың үш баласының үстіне біз екі бала болып қосылдық.  Қазақ топырағында ұстаздық қадамым осылай басталып еді. Бұл 1924 жылдың жазы болатын.
Дала кең  дейміз. Кең екені рас. Біздің Алтынбек қарияның пейілі сол даладан да кең боп көрінетін бізге. Бейтаныс жерде ұшырасқан осындай жақсы адамдар алтын қазық сияқты болады екен. Айналып шыға алмайсың. Егер сол қария кездеспесе кім білсін. Бесарықта тұрақтап қалар ма едік, қалмас па едік?
...Арада үш-төрт жыл өтті. 1929 жылы біздің отауға қуаныш кірді. Ғаян босанып, ұл тапты. Алтекең «Алғашқы баланың атын өздерің қойыңдар» деп бізді көндірді. Баланың аты Альфарид болды. Ата-ана болдық.  Бесарық, алғаш қызмет бастаған, алғаш ұл бала дүниеге келген жер боғандықтан ба, ыстық тартып бара жатты. Өстіп жүргенде екінші нәресте дүниеге келді. Оның кіндігін кескен де, атын қойған да Алтынбек қария. Мұғалім деген елдің көзін ашатын дос, елге дос, мына шарана да ата-анасындай болсын, аты Елдос болсын деді.
...Келер күзде мені Жаңақорған қыстағындағы онжылдық мектепке ауыстырды. Стажым да он бес жылдан асып қалған. Сырттан оқи жүріп, Қазандағы педтехникумды бітірдім.
...Менің он бес жылдық ұстаздық еңбегім үлкен құрметке ұласты. Республикадағы санаулы мұғалімдер қатарында ең жоғары награда – Ленин орденімен наградталдым. Асыра айтқаным емес-ау, бұл біздің семьяның шеңберінен асып, бүкіл ауданды қамтыған қуаныш болды. Мені барша шәкірттерім, ата-аналар құттықтады. Ұстаз болудың жауапкершілігі осындайда білінеді екен!
Мұғалім болып, сәбилерге білім гүлін егуден артық қымбат нәрсе дүниеде бола қоймас. Кішкентай бал-буынның үлкен өмірге көзін ашасың.  Ой-санасында жақсы үміттен басқа ешнәрсе жоқ пәк жан мұғалім алдында өзін қандай сезінеді десеңші. Баланы сүймеген, шәкіртіне сүйікті болмаған ұстаз-ұстаз емес. Баланың жаманы жоқ. Тілін, түйінін таба білсе, адамның жаманы болады деу қате.
Жақсыны да, жаманды да үйрететін өзіміз, үлкендер. Балаға өте-өте жаман әдет бояудай жұғады. Баланың көңілі гүл.  Гүл шуақта ғана жапырақ жаяды. Аязды жерде гүл емес, тікен де өспейді. Айқайлаған – әлсіздіктің ісі, бос күбі-күңгірлеуік. Ұстазға бір күннен бір күн қызық. Шәкірттерім арасында көңіліме қуаныш толып тұрады. Мектепке асығам. Ертеңге, болашаққа асыққаным болар бұл...
...Жаздың жадырасын күні еді. Бір ақ күнде дүние өзгеріп кеткендей. Көңілге түйткіл түссе, жүрекке зілқаратас орнайды екен. Табиғаттың талай-талай қаталдығын, түнерген бұлтын да, сұрапыл дауылын да көріп едік. Халықтың қатал қабағы бәрінен де сұсты екен. Ел жұмған жұдырықтай түйіліп алды.
...Ой, жастарым, мұндайда ұстаздың көрген күні қиын екен. Бұл тұста кім күрсінбеді, кім өксімеді? Ал осы ауыртпалық ұстаз жүрегіне екі есе батқан заман туды. Алдымда көздерін жәудіретіп, күнәсіз сәбилер отыр. Мен олардың әрқайсысына зер салып қараймын. Көңілім елжіреп, жүрегім тулап кетеді. Бір күні мынадай оқиға болды. Кәлен деген оқушы күні бойы көңілсіз жүрді. Сөйлемейді де, ойнамайды да. Қасына келдім.
– Кәлен, неге селқоссың?
Ол үндемеді.
– Сырқаттанып қалдың ба?
Ол жылап қоя берді. Солқылдап жылады. Бақсақ, алты ай бойы хат күтіп жүрген әкесінен «қара қағаз» келіпті. Осы бір қайғылы көрініс естен кетпейді. Бүкіл класс болып жыладық.
Сәбидің көзінен мөлтілдеген жас көргеннен ауыр нәрсе жоқ шығар. Бұдан да майданда жаумен айқасқан артық қой деп қиналған күндерім де болды. Мұғалім көтерер жүктің жеңіл емесін мен осы соғыс тұсында және бір көрдім...
...Жеңіс күнінен соң біздің сегізінші сәбиіміз – Светлана дүниеге келді. Ғаян кеудесіне « Ана даңқы» орденін қадады.
...1949 жылы мен екінші рет «Ленин» орденімен наградталған едім. Адам қуаныштан құлап қалмас-ау, сірә. Қуандық. Семья боп, бүкіл село боп қуандық.  
Сонымен жас алпысқа таянғанда барып 1959 жылы демалысқа шықтық. Демалыс деп аты айтып тұр ғой, балалар,   жантайып жатқан жай бар...
Ол «әңгіменің мән-жайы осы» деген­дей, ширақ қутыңдап қойды.
Ия, Низекең сөзін тәмамдады. Өзінің өмір жолына жүрдек шолу жасап өтті. Бірақ оның айтары көп еді. Талайын айтпады. Ауылдық, аудандық Советтерге депутат болып сайланғанын, оқу ісінің озаты деген значок алғанын да айтқан жоқ. Ақырында ол өзіне «Қазақ ССР мектебіне еңбегі сіңген мұғалім» деген атақ берілгенін де жасырып қалды.
Мейлі, Низекең айтпаса, айтпасын. Бірақ оның қызметін, қажыр-қайратын, ұстаздық өнерін халық біледі. Оның отыз бес жыл бойы талмастан білім гүлін сепкен  сан мың шәкірттері айтады. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» дегендей Низекеңнің де көкірегінде қыруар қазына, қыруар арман бар еді. Ол бір тамсана, құныға оқи түскің келетін кітап сияқты адам еді. Бірақ сол кітап тым ертерек  жабылып кетті.
Бірақ Низекеңде арман жоқ. Ар­тында жапырақ жайған ұл-қыздары қалды. Қадір тұтқан қалың елі қалды. Ұмытылмас атағы, даңқы қалды.
Міне, аңыз-адамның өзімен жүзбе-жүз дидарласып, сырбаз, сарабдал ағаның сыр-сымбатынан саулаған та­залықты мөлдірете кестелеген көркем сөз шебері осылай деп толғана сыр шертеді.
ХАЛЫҚ – ҚАЗЫ,
УАҚЫТ – ТАРАЗЫ
Қызылорда облысында Низамеддин қарияның отбасын «Илялетдиновтер әулеті» деп ерекше құрметтейді. Бұл отбасы шыныда да нағыз өркен жайған мәуелі бәйтерекке ұқсайды.
Низамеддин Илялетдиновтың Жа­ңа­қорғандағы онжылдық мектеп ұя­сы­нан ұшқан үш ұлы Альфарид, Елдос, Дамир – Мәскеу жоғары оқу орындарын-бірі МГУ-ді, екеуі Тими­риязев атындағы академияны бітірген. Альфарид Илялетдинов Қазақ ССР Ғылым академиясы микробиология ин­ститутының директоры болып қызмет атқарды. Академиктің қызы Наиля МТУ-ды оқып бітірген, микробиология саласы бойынша кандидаттық атағы бар оқытушы, БҰҰ-ның мүшесі, қазірде Женева қаласында тұрады. Екінші ұлы Дамир ғалым-зоотехник, оның ұлдары Ильдар медицина ғылымдарының кан­дидаты, үздік анестезиолог, Рүстем мен Рашиты екеуі де мектепті алтын медальға бітірген, қазірде Жарнама агенттігінде қызмет жасайды. Елдос Илялетдинұлы Алматы ветеринария-зоотехникалық институтының түлегі, ғалым, ұлдары Сергей (Серік), Нариман, Равиль, бұлар да алтын медаль иегерлері, МГУ-дің түлектері Илялетдинов Шавкет ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарған, оның ұлдары Руслан және Мүсілім, Илялетдинова Роза КазПИ-дің кітапхана бөлімін бітірген, Фарида және Наиль атты перзенттері бар. Илялетдинова Зоя көп жылдар Жаңақорған байланыс бөлімінде қыз­мет атқарды. Апамыз ері Қасым екеуі Марат, Мәлік, Талғат, Гүлнұр, Марина атты 5 перзент тәрбиелеп өсірді. Жаңа­қорғанда өркен жайып отырған бұл отбасының балалары түрлі салада халыққа қызмет жасап, өнегеліктерімен танылып келеді. Илялетдинова Светлана Алматыдағы Қыздар институтын бітіріп, ұстаздық еткен, қазірде оның қызы Мадина анасының жолын жалғап келеді. Жаңақорған кентінде туған шаңырақтың отын маздатып отырған қызы Софья Илялетдинова ұзақ жылдар ұстаздық еткен, әке атындағы мектептің директоры болған. Бүгінде құрметті демалыста. Ері Өтеш екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп жетілдірді: Ремидасы жоғары санатты дәрігер, Алматы қаласында тұрады. Ербол Қорғаныс Министрлігінде қызмет атқарады. Ринаты №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектепте ұстаздық етіп келеді.
Міне, қиын-қыстау зобалаңда Қазақстанға қол ұстасып келген қос талшыбықтың тағдыры туған жерде осылай тамыр жайған екен. Мұны жазмыш дейді. Маңдайға жазылғанға тәуекел етіп, тар заманда ақыл-қайратын таяныш еткен тату жұп бір-біріне қорған бола жүріп бауырға басар жанашыр көңілдің шуағынан да кенде болмады. Үмітті үмітке жалғады. Қараша халыққа кішіпейіл де жайдары мінезімен жақты. Осы елден ықыласы ерек, құшағы бөлек аяулы әтиі мен әниінен бір де кем емес ата-ана тапты. Жақсының ұрпағы – Низамеддин мен Ғаян осындай ақ пейілдерінің арқасында алатаудай берекеге қауышып, халықтың шын қалаулыларына айналды.
ЖАҚСЫНЫҢ
АТЫ ӨЛМЕЙДІ
1998 жылы 27 ақпанда ұстаздың 100 жылдығына орай Жаңақорған қонысында салтанатты шара ұйымдастырылды. Жан-жақтан перзенттерінің төрт көзі түгел жиналып, әке рухына арнап ас берді. Бұған дейін, яғни, 1994 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Жаңақорған ауданының №169 орта мектебіне ағарту саласының көрнекті қайраткері Низаметдин Илялетдиновтың есімі берілді.
Бүгінде асыл ағаның қарашаңырағын күзетіп отырған қызы – Софья Илялетдинова апамыз жақсының көзі, асылдың сынығы ретінде беті жабылмаған кітап тәріздес, кез-келген уақытта барып, сырлы сұхбат құрып, рухани қанаттанып қайтатынымызды жасыра алмаймын.
 Ұстаз-аға жүріп өткен өмір жолының алтын арқауы осындай. Ардақты тұлғаның өзі өмірден өткенімен оның қадір-қасиеті, «шәкіртін шын сүймеген ұстаз-ұстаз емес» деген өсиеті әр жүректе сайрап тұруы тиіс.
Жас құрақ – ұлы Құдыреттің бір туындысы. Маңдайынан құс ұшырмай, бауырыңа тартсаң ғана ол сенің бейіліңе басын сүйейді, ата-анасынан да артық қадірлейді.
Бүгінде Илялетдиновтың ізбасар­лары-үлкен жүректі ұстаздар аяулы аға тәлімінің рухымен қанаттанып, қасиетті білім шаңырағының табалдырығынан енген сәттен бастап әрбір шәкірттің кеудесіне алқызыл гүл тағып, шаттық сыйлап, қуаныш пен бақыттың бесігінде бірге тербетіліп келеді. Илялетдинов мектебін өзге білім ошақтарынан оқшау танытып тұрған осындай тарихы бар.
Баян ҮСЕЙІНОВА
03 сәуір 2022 ж. 704 0