№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Баталы ел арымас


Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Қария – кеудесі қазына дария» деген атаумен ауданда батагөй қариялар байқауы өткен. Сол сайыста Бас жүлдені жеңіп алған Сүттіқұдық ауылының тұрғыны Құрбанұлы Нұрғазы ақсақал облыстық байқауда да дара танылып, жүлделі бірінші орынды қанжығасына бөктерді. Осы кісімен емен-жарқын тілдесіп, бойындағы талант  ерекшелігі жөнінде сыр бөлісудің реті келді. Мереке қарсаңында ақсақалдың құтты шаңырағына арнайы бас сұқтық. Аузы дуалы қарттардың батасын ала берсек жаман болмайтын шығармыз деген ықылас бізді еріксіз ата шаңырағына қарай бастады.

Алғашқы әңгімеміз атаның өмір тарихынан тарқатылды. Ол өз өмірі жайлы былай дейді:
– Мен 1941 жылы 19 қарашада  Тәжікстан жерінде дүниеге келдім. Ата-бабаларымыз кезінде сол жаққа қоныс аударған екен. Бала кезімде атамның тәрбиесінде болдым. 1959 жылы орта мектепті бітіріп,техучилищені 1961 жылы аяқтадым. Сол кезден бастап «Янги-Түрмыш» колхозында түрлі маркалы трактор айдадым. 1977 жылдан бастап Қазақстанға көшіп келіп, атақонысымыз «Қызыл Жұлдық» кеңшарына қазық байладық. Мұнда келген соң да еңбегімді жалғастырып, кеңшарда салық жинаушы, есеп жүргізуші болып жұмыс істедім. 1981 жылдан бастап ауылдағы мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі болып қызмет атқардым. 1963 жылы Әміркүлмен бас қосып, перзенттеріміз өсіп-жетілді. Еңбегім еленіп, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттал­дым. Зейнетке шыққан соң төте жазуды меңгеріп, ауыл мешітінде азаншы болдым. Одан әрі өзім тұратын көше имамы ретінде діни-ағарту қызметінде тер төктім. Шүкір, өміріме өкпем жоқ. Немере-шөбере, бау-шарбағым өсіп-өніп, барақатты тұрмыс кешіп жатырмын, – дейді қария.
Ал енді ақсақал бата беру тақырыбына ойысқанда былай дейді: Кісі қартайған сайын айнала ортада жауапкершілгі артып, жан-жағына, алды-артына ойлы көзбен қарай бастайды екен. Жас келіп, кәрілік шалғайға жармасқанда шегінер жер қалмай мойындау бір бөлек, мезгіл алдындағы міндеттілігің қалыңдай түсетін тәрізді. Қатарымыз сиреп бара жатқанын байқағанда ендігі елдің ес тұтар бір тұлғасы өзің екеніне күмәнің қалмай жас буын алдында үлгілік қалпыңды қалыптастыру жолында жатсаң-тұрсаң сұрақтар мазалап, санаңа тыныштық бермеуі заңды. Осындайда өз-өзімді қамшылап, қолыма қалам алып, келер буынға қажет нақыл сөздерді тізбелеп, жүйелі түрде жеткізіп отырсам да үлкендіктің белгісі ғой, деген ойға келдім. Сөйтіп, «Тіршілік еткен пендеңе, құлшылық етер ғұмыр бер» деген авторлық кітабымды баспадан шығардым. Қазір туған-туыс, дос-жаранның қолында бұқараның бір кәдесіне жарап жатқанына тәубе деймін, – дейді ол.
Ақсақалдың кітабын парақтап отыр­мыз. Ел ішіндегі өтіп жататын көпшілік шараларда ас қайыру, сәбиге ат беру, мүшел жасқа байланысты түрлі тойлар, сәби өсіп-жетіліп, азамат болғанша түрлі баспалдақтарда атап өтілетін шаралар, атап айтқанда тоқым қағар, тұсау кесер, сүндет  той, үйлену тойы, түрлі мерейтойлық жиындар, осылардың бәрінде біздің атаның берер батасы дайын. Оның әрбірі бір-бірінен түр, мазмұн жағынан ерекшеленіп тұрады екен.
«Ұлды болсаң, бай болсын,
Қызды болсаң, ай болсын.
Ұрпақтарың өсіп, ел болсын,
Байлығың тасып, көл юолсын.
Сәбидің бауы берік болсын,
Өзіңе жақын серік болсын.
Қол-аяғын тез жинап,
Келін тағы жерік болсын»  дейді.
Тағы бір берген батасында:
«Әуелі Тәңірім оңдасын,
Еш жамандық болмасын.
Сүрініп кеткен жеріңде,
Жеті әулие, жеті пір,
Ғайып ерен, қырық шілтен,
 Қызыр бабам қолдасын.
Баба Түкті Шашты әзиз,
  Болсын ылғи жолдасың.
Көбейіп дос-жараның,
Құдайым өзі қолдасын.»
 «Тарихата аты қалған даналардың,
Жолын берсін ардақты бабалардың.
Басымызға амандық берсін,
 Денімізге саулық берсін.
Малын берсе молынан берсін,
Жүзден асқан жолынан берсін,
Халқымызды даласымен сақта,
Елімізді данасымен сақты.
Азаматты санасымен сақта,
Сәбиилерді анасымен сақта. 
     Бауырымыз бүтін болсын,
      Сарқылмайтын құтың болсын,
Бата-тілек осылайша өрімін тапты.
Ақсақалдың қолын алып, батасын алу бір басқа, ол кісінің осы жолда біржолата ден қойып, ізденіп, көкіректен шыққан көрікті ойларын қағазға түсіріп, жинақ құрастырып, елге ұсынған еңбегінің астарында жатқан зиялылықтың түп тамырын білгіміз келді. Сөйтсек, ол айнала елдің берген көл-көсір тілеуінен арна тартыпты. Жас күнінен жұрттың шын пейілден берген алғысын арқаланыпты. Аппақ алғыстың арқауының үзілмеуіне себепкер болған өз әкесі Құрбан жарық­тық қарапайым диқан болған. Атамекенге қоныс аударған күннен кейін де кәсібін тастамай, қолынан кетпені түспепті. Алғашқы күні жер тырмалауға шыққан бұлардың тірлігіне «тәжіктер кәсібіне кірісті» деп күліскен ағайын сол еңбектің жемісін бөле жеп, өмірі көрмеген қияр, қызанақтың қызығын жаз бойы көріп шығатын болды. Ал жүзім дегеніңіздің әр сағы бір шелекті толтырады екен. Жердің құйқасы құнарлы табиғаттың таза кезі емес пе, шаншыған шыбығың жайқалып өсіп, берген жемісімен бір елді тойдырыпты. Ал аналары Жәмиланың тандыр нанының дәмі көзкөргендердің аузынан әлі кеткен емес. Сол дәстүрлі жалғаған Нұрғазы ата да үй айналасын бау-бақшаға көмкеріліп тұр. Ал келіні Жеңіскүлдің нан жабатын наубайханасы бар екен.
Баян ҮСЕЙІНОВА
23 наурыз 2022 ж. 526 0