№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЕТПІС ЖАСТАҒЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

ЖЕТПІС ЖАСТАҒЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ


Түгіскен ауылының тұрғыны, жасы жетпіс бірге толған Темірхан ақсақалды «қария» деуге қимайсың. Десе де, жетпістегі адамды «Әлі жас қой» деп тағы айта алмайсың. Спортты жанына серік етіп, жан дүниесіне денешынықтыру арқылы қуат алған бір адам болса, осы Темірхан атамыздай-ақ болар. Дене шынықтыру пәнінен 41 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Зейнеткерлік жасқа жеткеннен бастап, спортты жанына серік етіп, күнделікті жүргірумен айналысты. Таңалакелуіммен төрт түлігін өріске айдап, қайтар жолда жүргіруді әдетке айналдырды. Біз бүгін Темірхан Сәрсенхановтың бұқаралық спортқа қосып жүрген еңбегін айтпақпыз. Ауыл ортасындағы ескі мектептің спорт залынан үстел теннисін жабдықтап, он жастан бастап, өзінің замандастарына дейін спортқа баулуда. Жастарға жігер берген бұл бастама жайлы сәл кейінірек.

Әуелі әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ. Жиырма жасынан бастап, үстел теннисінің ракеткасын қолға алған, аққорғандық ақсақалдың жетістігі бір төбе. Ең алғаш 1974 жылы Қарағанды қаласында өткен студенттер спартакиадасында күміс жүлдеге қол жеткізеді. Әрі спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғайды. Жастайынан теннисті серік еткен жас Темірхан Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде де әскери құраманың қатарында шеберлігін шыңдаған. Жарыстарға қатысып, жүлделі орын алған. Кейіннен елге оралғаннан кейін Түгіскендегі №209 орта мектепке дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып орналасады. Міне, содан бастап, күнделікті дәрістен бөлек, үстел теннисінен үйірме ашып, шәкірттер тәрбиелейді. Өзінің айтуынша, соңғы 35 жылда аудан абыройын облыста осы Аққорғанның теннисшілері қорғап келген. Алты оқушысы облыстың бірнеше дүркін жеңімпазы болып, республикада өнер көрсеткен.
Бүгінде шәкірттерінің барлығы сан салада еңбектеніп жүрген Темірхан ағайдың өзімен тілдескенде өткен жылдан бастап үстел теннисін қайта қолға алғанын жеткізді. Оған себеп, аудандық ардагерлер кеңесі ұйытқы болған ашық біріншілік.
– 2018 жылы әкімшіліктен хабар жетті. Ауданда ардагерлер арасында үстел теннисінен турнир өткелі жатқандығы жөнінде. Содан қалай болар екен деп. Ары ойланып, бері ойланып. Бір шешімге келдім. Қатысатын болып шештім. Шыны керек, теннис ракеткасын ұстамағалы көп уақыт болған. Дайындық керек дегендей. Тәуекелге бел буып, қатыстым. Намысты қолдан бермей, бірінші орынға ие болдым. Одан облысқа жолдама алдым. Негізі бұл турнирдің өтіп жүргеніне екі-үш жыл уақыт болған екен.
Мұнда да кіл мықтылар. Десе де, аудан абыройын асқақтатып, турнир жеңімпазы атандым.
Марқұм Сейілбек Шаухаманов арнайы келіп, алғысын айтып, көп алдында сөйлеуге 5 минут уақыт берді, – дейді Темірхан Сәрсенханұлы.
Иә, осылайша облысты бағындырған аққорғандық қария республикаға жолдама алады. Алайда белгілі себептерге байланысты қатыса алмай қалады. Дейтұрғанмен спортты серік еткен қария республикалық, халықаралық жарыстарда аудан намысын қорғап, бәйге төрінен көрініп жүр. Мұны соңғы уақыттардағы табысты жылдардан да байқауға болады. Кентау қаласында өткен ардагерлер арасындағы ашық біріншілікте 2-орын алады. Сондай-ақ, Шымкентте өткен ел чемпионатында өзі дайындаған ұлы күміс жүлдеге қол жеткізген. Әрі «Үздік жаттықтырушы» деген арнайы дипломды Темірхан Сәрсенханұлына табыстапты. Одан бөлек, үстел теннисінен халықаралық жарысқа қатысып, үздік төрттікке енеді. Міне, мұның бәрі бір-екі жылдағы үздіксіз дайындық пен спортты серік еткенінің нәтижесі. Темірхан ақсақалдың замандастарына айтар кеңесі де бар.
– Елбасы Жолдауында ұлт саулығының кепілі – бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілген. Яғни, спорттың бұл түріне халықтың 30 пайызы тартылуы тиіс. Негізі салауатты өмір салтын насихаттау – ел болып атқарар елдік шаруа. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта зейнеткерлікке шыққан қарттардың кейбірі «жан тыныштығына жеттім-ау» деп жатып алып, теледидар көріп, қартаюға дағды алып барады. Ал дәрігерлер қимыл-қозғалысы аз адамның өмірі де қысқарақ болады дейді. Әрі жата берген жанға ауру-сырқауда жақынырақ болады. Әлгі сөз бар ғой «жастайынан саулығына қараған, 80-90-да да жас адам» деген. Сондықтан қатарластарым шамасына қарай қимыл жасайтын спорт түрін таңдап, салауатты өмір салтына көшкені жөн, – деді түгіскендік қария.
Сондай-ақ ол дұрыс тамақтану мен қимыл-қозғалыс өзінің өмірлік ұстанымы екенін жеткізді. Айтқандай, сөз арасында Темірхан ақсақал спорт залына келетін жаттығушылар саны күн санап артып бара жатқандықтан бұйымтайын тілге тиек етті. Бүгінде екі үстел теннисі бар екен. Енді атымтай жомарт жандар болса, тағы бір екі үстел теннисіне демеушілік жасаса деген ниетін білдірді. Себебі, кісі санының көп болуына байланысты үш лекке; күндізгі, түстен кейін, кешкі уақытқа бөліп тастаған. Үстел теннисін үйренейік деп жүрген ынталылар өте көп екен. «Балықшының баласы ау тартады» демекші, Темірхан ағайдың 3 ұлы да дене тәрбиесі пәні мұғалімі. Қысқасы, жетпістегі қарияның ісі – жастарға үлгі.

Әбдісамат ӘБДІШ.
22 қаңтар 2019 ж. 1 000 0