№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАТА АЛҒАННЫҢ – БАҒЫ АРТАР

БАТА АЛҒАННЫҢ – БАҒЫ АРТАР

   Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, еліміздің рухани кодқа сүйену қажеттігін ұтымды айтқан. Негізі ұлттық тек дегеніміз – ұлтты біріктіріп ұстап тұратын іргетас. Оған тіл, дін, діл, жалпы рухани құндылықтар жатады. Ал, діл дегеніміз – қанымызға сіңген қасиет. Яғни, бұдан шығатын қорытынды – Ұлт Көшбасшысы кез келген жаңғырудың ең алдымен ұлттық болмысқа, салт-дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуге мән беріп отыр.


   Осы тұста, атадан балаға мирас болған салттың бірі – бата беру. Алаш жұрты дастарханға отырудан бастап, үлкен шаруаны қолға алу, алыс сапарға шығу, жастардың некесін қию, тағысын тағы тіршілігін батасыз бастамаған. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз жер жарымас», «Батасыз ел, пәтуасыз ел» деген сынды мағыналы мақалдар текке айтылмаған. Белгілісі, батаны қарт қариядан, абыз ақсақалдан, өнегесі мол үлкеннен күткен. Десе де, бүгінде батаның «бағын» байлап, сылдыр сөзбен қайыратындар бар. Бұл жөнінде сәл кейінірек. Әуелі біз бұл дәстүрді қаншалықты дәріптей алып жүрміз? Ұлыстың ұлы күні әз-наурызда талайдың жолын һәм бағын ашқан батаның қадір-қасиетін жас буынға тәлім болсын деген ниетте тарқата айтпақпыз.
   Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген. Оған қоса, батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы бұқараны бос нәрседен тыйып, пайдалы нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне қарай халыққа әсер етіп отырған.
   Ертедегі батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, бәтуәлі бағыт-бағдарын берген. Мәселен, «Шырағым, ер жетерсің, Ер жетсең, сірә, не етерсің. Алысқа шырқап кетерсің, Шыңдасаң, шыңға жетерсің». Бұл «Абай жолы» романында Дулат ақынның Абайға берген осынау батасының дана ақынға жол ашар болғаны айтылады. Айта кететіні, ел арасында «Пәленшеден бата алған» деген сөз тіркесі бар. Бірақ бұл тіркесті бүгінде жиі естімейміз. Дастандарды парақтасақ, батырларға би-шешендердің бата берген кезі көп. Мысалға, әйгілі Сырым батыр Бөкей биден, Төле би Әнет бабадан, Жыр алыбы Жамбыл ұстазы Сүйінбайдан бата алғанын беске білеміз. Бұл бұрын. Ал, қазір қоғамнан бата алғандар жайлы сирек естиміз. «Ғайыптан тапқан алтыннан, ақсақал берген бата артық» демекші, ақ батаның қоғамдағы рөлін қайта асқақтатсақ игі.
Ал енді ауданда батагөй ақсақал бар ма? Бар. Ол – жаңауылдық ақсақал Мырзаш Искаков. Кімнен сұрамасақ та осы кісінің аты аталды. Інісі, дәрігер Молдахмет Искаковтың айтуынша, 20 шақты жыл бұрын Созақ жерінде Қара бура әулиенің асында 3 сағат бата берген. Кейіннен тамағы қарылып, біраз уақыт емделген десе-ді. Одан бөлек, Мырзаш Искаков аудандық, облыстық батагөйлер байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы.
   Қазақы салт-дәстүрдің кез-келген рәсіміне бата бере алатын аудандағы бірден-бір батагөй қария.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақал ара-тұра әулеттің қызықшылығы мен ас-құдайысын да батасын беріп, берекесін арттырып жүр. Мұндай қариялар көптеп керек біздің қоғамға.
Сондай-ақ аудан көлемінде батаның бабадан қалған асыл мұра екенін насихаттау мақсатында жыл сайын аудандық, облыстық батагөйлер байқауы ұйымдастырылып тұрады. Бұл жөнінде бізге аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева айтып берді.
– Өздеріңізге белгілі, батаны көпті көрген көнекөз қария, аузы дуалы ақсақал, танымал тұлға, ел ардақтаған аталар берген. Бұрындары бұқара болып қастерлейтін ақ батаның бүгінде сөз құрамы жеңілденіп, терең мәні таязданып қалған секілді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Сөздің майын тамызып, ақ батаның қадірін білетін ақсақалдардан кенде емеспіз. Бірақ, олар аз. Мәселен, жыл сайын батагөйлер сайысын өткіземіз. Сондағы байқайтын дүние, көпшілік қария тұрмыстық бағыттағы яғни, ас қайыру, жас жұбайларға берілетін батадан ары аса алмай жатады. Әрбір салт-дәстүрге бөлек арнайы бата беру ол бөлек дүние. Сәтін салса, маусым айында облыстық батагөйлер байқауын өткізу жоспарда бар, – дейді Зульфия Шалабаева.
Өз кезегінде бізде байқаудың шартын сұрастырып көрдік. Сондағы білгеніміз, әуелгі шарт бойынша қатысушы қарт өзінің қалаған батасын айтады. Екінші, жеребе бойынша экранға шыққан ұлттық салт-дәстүр түрлеріне орай қол жайып, бата қайыруға міндеттеледі екен. Мәдениет майталманы Зульфия Шалабаеваның айтуынша, мұндай тәлімді байқаулардың бүгінгі жастарға берер тәрбиесі зор. Баталы ұлға қашанда бақ қонатынын әсте естен шығармасақ екен дейді Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің директоры Зульфия ханым.
Айтпақшы, Халық ақыны Манап Көкеновтың батасын алған Уәли Ибрагимов, Әбілхайыр Сыздықов бүгінде ауданның мәдениет саласының майталманы екенін айта кеткен жөн. Бірі мәдениет саласының қайраткері болса, екіншісі, республикаға танымал айтыскер ақын. Хош. Жаңақорғанда біз білмейтін тағы басқа қандай батагөй ақсақалдар бар екеніне деп сұрау салдық. Жауабын да таптық. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пахмадин Айнақожаевтың айтуынша, әрбір ауылдың ас-құдайысы мен қуанышына ортақтасып, батасын беретін қариялар көп. Алайда олар тұрмыстық бағыттағы баталарға бейімделген.
– Былтыр Сүттіқұдық ауылында Социалистік Еңбек Ері Орынбай Бидашевтың 95 жылдығына арналған «Ақ бата – асыл мұра» атты облыстық батагөй қариялар байқауы болды. Нәтижесінде сүттіқұдықтық 77 жасағы Нұрғазы Құрмашев бірінші орын, жайылмалық ақ жаулықты анамыз Ұлжан Әбілқасымова екінші орын, ал жаңақорғандық батагөй Бекен Амалбек байқаудың арнайы сыйлығына ие болды. Әрине, бұдан бөлек жаңа ауылдық Мырзаш Искаков, қосүйеңкілік Әбутәліп Бакиров, бесарықтық Әбусейіт Әбдраманов, өзгенттік Сүлеймен Жакудаев, аққорғандық Аққыз Тасаева сынды батагөй қарттардың қадірі бөлек, – дейді Пахмадин Айнақожаев.
Иә, көркейтем десең халқыңды, ұмытпа ата салтыңды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан туындаған ата салтты жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың борышы. Тақырыпты «Наурыз батамен» түйіндесек. Дана қазақ әз-  Наурыз мерекесінде кәрі-жас, ер-әйел, бала-шаға демей: үй-үйді қыдырып жүріп «Наурыз көже» ішіп, «Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын!» деп, дастархан жиярда:
Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсаң да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!, деп алақан жайған ағайынға ақ батасын берген.

Әбдісамат ӘБДІШ.

21 наурыз 2019 ж. 2 120 0