№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақ бата – асыл мұра

Ақ бата – асыл мұра

Ата дәстүрін ардақтап, оны ел көңілінде жаңғыртуға ұмтылу талабы талай жақсы іске ұйытқы болуда. Сейсенбі күні Сүттіқұдық ауылында өткен салиқалы шарада біз осыны ойға түйдік.
Кешегі кезеңде екінші тың ерлері қатарында еңбек етіп, кеудесіне жарқыратып алтын жұлдыз таққан Социалистік Еңбек Ері Орынбай Бидашевтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақ бата-асыл мұра» атты облыстық батагөй қариялар байқауы беташарында сөз алған ауыл әкімі Мақсат Абдуллаев кеш иесінің өткен өмір жолымен таныс­тырды. Аудан басшылығы, аудандық  Мәдениет бөлімінің қамқорлығы аясында перзенттерінің демеушілігімен өтіп жатқан бұл басқосудың асыл мен жасықты ажырата білер ауыл халқын рухани жағынан бір серпілтіп, ынтымағын жарастырған елдік шара екендігіне көп назарын аударды. Кезінде осы кісімен қялма-қолтық қызмет атқарған, сол кезеңдері Төменарық кеңшарының бас есепшісі, бүгінде ауыл қарияларының көшбасшысы, ауданның «Құрметті азаматы» Мұзарап Махмутұлы өз сөзінде шаруашылықты алға оздырған аға шапанның адами қасиеттеріне тереңірек тоқталып, айрықша жан тазалығы туралы естеліктерге дем берді.
Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Әбілғазы Берденұлы сөз алып, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қамтылған ұлттық үрдіс, халықтық қасиетімізді қайта жаңғырту талабына жауап беретін танымдық кешке жан берген елшіл азаматтарды дәріптеп, киелі кәсіп кемеңгері атанған Еңбек Ерінің соңында ұлттың ұстыны болар ұлағатты ұрпақ қалғанын, «Еңбек – әлемінің әміршісі» деген ұлы қағиданы бүгін де өмірлеріне тірек еткен ұл-қыздың әке өсиетіне адалдығына алғаусыз ризашылығын жеткізді.
Мерейтой құрметіне орайластырылған мәдени шараға Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары атынан 7 үміткер қатысты. Алды сексеннен асқын, соңы жетпісті алқымдаған қариялар байқаудың бірінші шарты: бата беру, екінші шарты: жеребе бойынша жеке тапсырма- экранда шыққан ұлттық салт-дәстүр түрлеріне орай қол жайып, бата қайыруға міндеттенді.
Жалпы қорытындыда «Қыз ұзату» тойына жан-жақты қамтып, бояуы қанық батасын берген Жалағаштық 82 жастағы қария Қалданов Жетпіс бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Сүттіқұдық ауылының 77 жастағы ел ағасы Құрмашев Нұрғазы иеленді. Шиелі ауданынан келген сайыскер Сапарбаев Мырзахан және Жайылма ауылының намысын қолдан бермеген ақ жаулықты ана Ұлжан Әбілқасымова екінші орынды еншілесе, үшінші орынды сырдариялық Үсейін Сүлейменұлы, Шиеліден келген әже Диляра Оразымбет олжалады. Жаңақорғандық батагөй қария Бекен Амалбек байқаудың арнайы сыйлығына ие болды.
Байқауға қазылық еткен алқа төрағасы «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбайқорытындыда сөз алып, батаның дұға, тілек мағынасындағы ұшы-қиырсыз қадір-қасиеті елдің бағының жанып, берекетінің артуында бағасыз, ал ниеттің ақ, жүректің таза болмағы ауадай қажет құндылық екенін ортаға салды. Ниет-пыйғылы түзу адамның аузынан түзік сөз ғана төгіледі. Бірақ Тәңірге серік қосып,тәу етуге ұмтылатын түрлі наным-сенім туралы да тілге тиек етіп, түсінік беріп өтуді ұмыт қалдырмады. Әділ қазылар мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пахмаддин Айнақожаевтың ақ тілегі де ел көңілінен шықты.
Байқауда бәсі басым түскен талапкерлерді Орынбай Бидашев атындағы жүлделермен марапаттаған Еңбек Ерінің перзенттері атынан Орынбайұлы Серікбай Бидашев жиналған халық алдында сөз алып, әке рухын құрметтеп бірге бөліскен ағайынға, алыстан ат арытып келіп, «Ақ бата-асыл мұра» байқауының көркін қыздырған ақ пейіл, ыстық жүрек аға-апаларымызға шын жүректі алғаусыз тілегін жеткізді.
Аудандық Мәдениет үйі директоры Зульфия Шалабаева:
– Кез-келген мәдени шара – ұжымдық еңбектің жемісі. Сахнаның сәнін арттырып, ұлттық нақышын келтірген аудандық музей мен ауылдық клуб қызметкерлерінің еңбегін айрықша атағым келеді.Бастамашыл талаптың басшы қолдауынсыз белең таппасы белгілі. Осы бағытта қамқорлығын аямаған мәдениет жанашырларының берік ұстанымын бел тұтып келеміз. Бәрінен бұрын, талайға келген жасында тәуекелдік жасап, шара шырайын арттырған ата-әжелерімізге алғысымыз зор, – дейді.
Қазақтың қай жиыны да әнмен, жырмен әрленіп, әсершіл көңілді әуелетіп, құдырет ғажайыбын көңілге қондырған емес пе? Бұл жолы да көрермен көңілі талант иелері иесі Мұхтар Дәрібаевтың, Уәли Ибрагимов пен Әбсұлтан Байкенжеев орындауындағы әндерінен қуат алып, бір жасап қалғандай болды.
Шараны жас талант Тоқтар Әжімұратов жүргізді. Көпшілік шара соңында Орынбай атамыз бен Зейнерап апамыздың қарашаңырағында жайылған дастарханнан дәм татып, дұға-тілектерін бағыштады.
Баян Үсейінова.
25 тамыз 2018 ж. 1 647 0