№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » » Жастар жігерсіз емес, жүгенсіз

Жастар жігерсіз емес, жүгенсіз

Бала күнінде бұзақылық кімде болмайды. Оқушылық кезеңде арғы бет, бергі бет болып жөнсіз бөлініп, жұдырықтасып алар қылығымыз болды ғой. Оның барлығы артта қалды. Ал жақында кент орталығында болған оқиға аудан абыройына нұқсан келтіргені рас. Әскерден келген азаматтардың артық-ауыс қылығынан туындаған. Сондағы араларындағы кикілжіңнің арты топ болып төбелеске ұласып, аудандық пошта торабы мен теміржол вокзалы аралығында жастардың бір-біріне тас лақтырып, түнгі мезгілді у-шуға ұластырғаны әлеуметтік желіде желдей есті. Төбелеске көлікпен киліккендердің есік-терезесі қираған көрінісі көптің жағасын ұстатып, қоғамда түрлі пікір таласқа түсті. Осы мәселеге байланысты, аудандағы аға буынның пікірін ой таразысынан өткізіп көрген едік.

Алдымен аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеевтің пікіріне құлақ түрген едік. Ғани Асанұлының айтпағы, бүгінгі жастарды еңбекке, отансүйгіштікке тәрбиелеу керек. Мысал келтіріп, бір туыс азаматтың қой қырқымы, одан қала берді құрылыс жұмыстарына қатысып мол мөлшерде қаржы тапқанын айтты. Бір үйдің екі жасөспірім ұлы әкесіне қолғабыс болып, еңбекке еті үйреніп, ертеңгі күнінің қамын ойлап жүргенін үлгі етті. Мұндай адал еңбекке қазіргі жастар бара бермейді, өйткені әке-шешенің тапқанына тойынып, күн-түн демей есіріп жүр. Абай айтқан «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген сөзінің кері келіп тұрғандай.
– Мен жастардың барлығына топырақ шашудан аулақпын. Өнерімен, білімімен, тәрбиесімен көпке үлгі болып, ата-анасының мерейін үстем қылып жүрген ұл-
қыздарымыз бар. Кейде ойлаймын, біз, аға буын ұрпақ тәрбиесінде қай жерде олқылық жібердік деп. Мүмкін соңғы 10-15 жылда баланы жаппай жоғары оқу орнына оқыту дәстүрі әсер етті ме, сапасы болсын-болмасын, баланы институт-университетте оқыттық, ол диплом алған соң мамандығына байланысты жұмыс жоқ, қара жұмыс істеуге намыс жібермейді. Алайда сол университет дипломы бар жастың кейбіреуімен сөйлессең, көңілің құлазиды. 80-ші жылдары жоғары сыныпта оқи жүріп, демалысқа шыға сала кеңшарда қойшы болған көкемізге көмекке баратынмын. Бір барғанымда сол кісінің «Жұлдыз» журналында жарық көрген Ш.Айтматовтың «Боранды бекетін» оқып отырғанын көрдім. Сол кісінің білімі 8-ақ сыныптық еді. Рухани байлық адам жанын кемелдендіретініне қазір мән бермей отырмыз, – дейді полиция бастығы.
Ойлап қарасақ өте орынды пікір, иә баланың құқын шектей беруге де болмайды. Балалықтан жасөспірімдік, жастық шаққа енді ентелеп, оңы мен солы қызыққа толы азаматтарға кінә арта берген әбестік болар. Бұл жөнінде жастар жанашыры, мәдениет қызметкері Талап Тотаев былай дейді.
– Барлығымыз жастық жақтың қызығын бастан талай өткердік. Сондықтан бар кінәні оларға бұрып, құқын шектей беруге де болмайды. Тек бақылау, қадағалау көбірек болуы керек. Әсіресе, ата- ананың тәрбиесі көп рөл атқарады. Өз баламды мұғалімге «керек кезінде сабап аласың» деп айтқаным да бар. Балаң тәрбиелі болғанмен достарын да тәрбиелеу керек, – дейді.
Иә, қазір ата-ана балаға бұрынғыдай көбірек көңіл бөле алмайды. Өйткені, қу тіршілік, күнкөріс қамы әке мен шешенің күні-түні еңбек етіп, нәпақа табуына итермелейді. Қайтсін, бала-шағаның қамы үшін үй бетін көрмейтін ата-аналарды да түсінуге болады. Өйткені, қазір қымбатшылық деген бүйірден қысып, тыныс тарылып барады.
– «Баланы жетіс жасқа дейін Құдайыңдай сыйла, он сегізге дейін құлыңдай жұмса, он сегізге толғаннан соң құрдасыңдай сырлас» деген бар. Сондықтан, балаға мүмкіндігінше көңіл бөлуге тырысу керек. Қазіргідей уақытта балаға бей-жай қарауға болмайды. Спортқа қызықтырып, өзі қалаған спорт үйірмесіне беруге тырысуымыз керек, – дейді №7 спорт мектебінің басшысы Сламхан Боранбаев.
Ал, Жаңақорған аграрлық-техникалық колледж директоры Шомарт Шәуенов атқа-рып жатқан жұмысын жүйеледі.
– 591 оқушыны кешкісін кері байланысқа шығып түгендеп отырамыз. Ата-аналармен хабарласып, үйінде отырған суретіне дейін дыбыстық аудио жазбаға дейін алдырып отырамыз. Сенбі, жексенбі демей бақылауда ұстаймыз. Дегенмен, бұзақылық түнгі уақытта болғандықтан қадағалау қиынға соғады, – деді колледж директоры.
– Бүгінгі жастарға үлгі көрсетер азаматтарымыздың басым көпшілігі кешегі советтік дәуірдің ұстанымын бойына сіңіріп, соның тәрбиесінің жемісін бүгінгі ұрпақ бойынан көріп отырмыз. Себебі сол ортада ащы су аралас ойсыз әңгіме көп. Сондықтан да жастарды емес, жастарға үлгі жол көрсетер өзімізді тәрбиелеуміз керек-ақ, – деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов.
Өте орынды, өйткені алдыңғы арба қайда дөңгелесе, соңғысы да солай бет түзейді ғой. Ал, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров аудандағы ру деңгейіндегі мәселені көтерді
төбелеске ұласқанын көрдік, көріп те келеміз. Пікірл-талас, ұсыныс, меже мен міндеттің нүктесін төл басылымның бас редакторы Нұрлат Байгенже түйіндеді.
– Қазір жастарға еңбекпен тәрбие сіңіру жағы кемшін. Баланы жастайынан еңбекке салып, ащы терісін алып, оң-солын тануға жағдай жасау керек. Бұл идеологияның бір қағидасына айналуы тиіс. Әрине, жиын-семинарлар қажет болар. Бірақ жастарға еңбектің өзін, кәсіптің көзін ашып бермей, жайсыз, жаға ұстатар жағдайлар жиі-жиі қайталанатын болады. Ең алаңдататыны, кейінгі жылдары масылдық пыйғыл артып келеді. Мұны да жоққа шығара алмаймыз, – деді.
Не десек те, жастардың бойында жігер, білім, қайрат, намыс бар, тек жүгендеп отыру қажет. Біз аға буынның пікірінен осыны түсіндік. Ең бастысы, талабы мен таланты бойында тасып тұрған жастардың арнасын түзу жолға бұру маңызды.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
22 маусым 2021 ж. 578 0