№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Алып жүректегі Қазақстан

Алып жүректегі Қазақстан


Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін оның негізгі атрибуттары – Ту, Елтаңба, Әнұранын бекіту бүкіл шығармашылық өкілдеріне қастерлі міндет арқалатқаны, осы тұста заңғар талантымен  көпті мойындатқан Сыр  топырағының перзенті Жандарбек Мәлібековтың төл туындысы дара танылып, тұтас Қазақ елінің  ортақ мақтанышына айналғаны белгілі. Таяуда арнайы шақырумен туған жерге келіп, ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы мерекесіне орай «Ауданның Құрметті азаматы» атағын  иеленген  Егеменді ел Елтаңба авторымен емен-жарқын сұхбаттасудың сәті түскен еді. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Аға, Елтаңбаны жасап шықсам деген мақсат неден туды?
– Елге деген сағыныштан туды. Еліміз өз егемендігін жариялап, енді төл Елтаңбасын нақтылау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Байқау жарияланғанда оған ат қосқандағы мақсатым, жеңіп шығу ғана емес,  елдік дүбірге өзіндік үнімді қосып, жат жерде жүрсем де  перзенттік борышымды өтесем деген ой еді. Байқауға ұсынылған 293 еңбектің арасында менің жұмысым жоғары бағаланып, мәреге жетуі өзімді де таң қалдырды. Шын мәніне келгенде, тұтас мемлекеттігіміздің мерейі қарапайым ғана ауылдан шыққан қазақтың  баласының  болмысынан баян тауып, жүрек үнімен бедерленуі тек Тәңірдің қалауымен ғана болатын жетістік. Мен  сол үшін тағдырыма шексіз қарыздармын.
–  Осы жолдағы ең алғашқы ұстазыңыз?
– Тарихи Сығанақтың қасиетті топырағы. Титтей бала кезімде кешқұрым ауыл шетіне шығып, қызарып батып бара жатқан күннің шағылысқан сәулесі тал бұтақтарының арасынан сығалаған сәтінде жер-дүние соған ұйып, қоса қоштасып тұрғандай болар ерекше үйлесімді сезер едім де, табиғаттың осы тұтастығын кейін кәсіби сәулетші болған кезімде қаламымнан композициялық туынды ретінде өрнектеуге тырыстым. Дала академиясынан алған білімім мені осы дәрежеге жеткізді. Сондықтан мен өзімді алдымен туған жерге қарыздармын деп есептеймін.
– Сәулетші болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба?
– Жасымда мұндай мамандық бар екенін білген де емеспін. Рас, сурет салуға ерекше құштар болдым. Пушкиннің, Лермонтовтың суреттерін салып, өзімше сырласып отырар едім. Көнілі мұңды өспірімге бұл үлкен рухани қуат. Әкем өзіміз тұратын бекеттің теміржол бойында жұмысшы, анамыз ертеден қара кешке дейін кебек салынған қара суды қайнатып, тамақ піседі деп аш қарнымызды алдаусыратады екен. Бес жасымда анамнан жетім қалдым. Әкемнің кейінгі алған әйелінен балалары бар, өзімше талаптанып, адам болмаққа ұмтылып, ерте есейдім. Біреудің тамының кесегін құйып бермекке жалданып, алған ақшама  пойызға отырып,  Ташкентке тартып отырдым. Алдында газеттен хабарландыру оқығам, Белков атындағы көркемсурет училищесі оқуға шақырады, жатақхана, үш мезгіл тамағы тегін, мені .қызықтырып тұрған осы екеуі. Осы сапарымның аяғы Орта Азия политехникалық институтында архитекторлық мамандықты алып шығып, осы салада өмірлік мақсатымды жалғауыма жол ашты.
– Елтаңбаны бейнелеу кезінде идеяның негізгі арқауы – киіз үй етіп алдыңыз. Осының түпкі себебі неде?
–  Одақ – үлкен үй іспетті болса, одан бөлек отау болып шыққан егеменді елдің от – ошақ – отан ұғымын осы киіз үй арқылы бекемдегім келді. Өйткені киіз үй қазақтың өзімен жасап келе жатқан қымбат құндылығы, оның үш мың жылдық тарихы бар. Елтаңбада бейнеленген тұлпар - ер қанаты, жеті сақина – жеті атасын білген ұрпаққа ұлағат, одан әрі Ордабасыда бас қосқан үш бидің жұдырықтай біріккенде ғана ел боламыз деп бәтуаласып, жоңғарды жеңген бірлігінің символы – мәңгі елдің тұмары бейнеленсе, бесбұрышты жұлдыз  -  еліімізді мекендеген сан түрлі  этностың ортасында қазақтың өз жұлдызы  ерекше жарқырайтынының дәлелі.
– Елтаңбадан бөлек мемлекеттік деңгейде еңбектеріңіз бар ма?
–  Бұдан бұрын Өзбекстан жерінде тұоған Төле би бабамыздың кесенесін жаңғырту жобасында қолтаңбам қалды. Кесенедегі Қарлығаш би деп жазылып қойған атауды алдырып, Төлеби деп жаздырдым. 2001 жылы Астанаға көшіп келген соң Еуразия университетінде ұстаздық етіп, жас буынды ұлттық нақышты баулуға бар күш жігерімді арнадым. 2017 жылы өткен ЭКСПО көрмесіне де авторлық үлесімді қостым. Астанада опера балет театрының сәулетіне де атсалыстым.
     Астана сізге қалай әсер етті?
–     Астанада салынған ғимарат­тардың көбі  маған ғана емес, шеттен келген кісілерді де өзіндік стилімен мойындататынын айтуға тиіспін.
Астана – татулықты, көпхалықтықты білдіретін қала екендігімен де көңілге ыстық.
– Қазірде ауыл, қалаларда салы­нып жатқан құрылыстарға көңіліңіз тола ма?
– Мемлекеттік бағдарлама­мен салы­­­нып жатқан пәтерлердің барлығы стандартты үлгіде бой түзеуде. Одан ауытқыған жағдайда экспертизадан өтпей қалады. Менің қсынысым, қазақтың шаңырағы ұлттық үлгіде салынуы тиіс. Білесіздер, қазақта қасиетті төр деген ұғым бар. Үйдің төрі болып босағаға қарама-қарсы тұс есептеледі. Домалақ формадағы қазақтың киіз үйінде төрі қайсы, босағасы қайсы, оңы қайсы, солы қайсы, әрбір тұсы анық, әркім өзіне лайықты жерден орын алып, ол сызықтан қиыс аттамаған. Отбасында атаның, ананың, келіннің, ұл мен қыздың өмірдегі өзіндік  әдеп-тағылымын сақтаудың айнымас тәртібін бекітіп тұратын бұл тұғыр сынды еді. Қазір жастар жасы үлкенді аттап өтіп, төрге озып, орнынан жаңылысып жүруінің астарында осындай шаңырақ астындағы шекараның сақталмауы сынды шалағайлық кінәлі емес пе екен деп ойға қаламын. Қазіргі жаппай төртбұрышты келген тұрғынжайларда төрінің қай жақ екені белгісіз, әркім қай жаққа отырсақ сол төр деп өзін жұбатып дүбара күй кешіп жүр. Мұны қалыпқа келтіруде алдымен ой-тек-сана архитектурасы қалыптасуы керек.
–   Құрылыстарды ұлттық үлгіде салудың жолы бар ма?
– Сырты төртбұрышты болғанымен ішкі жағын домалақ үлгіде жасауға әбден болады
      Кеңестік империяның бұғауынан босаған соң өзіндік жолымызды тауып, дамуымызды түзеуде сәулет өнерінің маңызы үлкен. Сондықтан бұл бағытта да ізденсек көп нәтижеге жетуге болады.
– Елге осы сапарыңызда көп­шілікті «Қазақстанның Елтаңбасы» авторлық жинағыңызбек қуант­тыңыз. Сонымен қатар аудан басшысына өз қолыңызбен жасаған Елтаңбаның макетін ұсындыңыз. Нақ осындай құнды тартуды ел ағасы Алшынбай Тұртановқа ұсынуыңыздың сыры неде?
– Біздің жалынды жастығымыздың белгісі болсын дедім. Екеуміздің бөтен елде бір-бірімізге сүйеу бола білген қимас бауырлық қаоым-қатынасымыз күні бүгінге дейін жүрегімнің бір түкпірін жылытып тұратындай.  Бұл ескерткіш аяулы досқа деген қалтқысыз сыйластықтың бір рәуіші сынды.
– Елге айтар тілегіңіз?
– Ел елдігінен танбасын. Кезінде атойлаған ұранын ұлық тұтып, көк туын қолына ұстап «қылша мойным талша қиылып түскенше» деп ант-су ішетін әруақты ерлердің ұрпағы едік қой, халқыма  бар айтарымды қасиетті Елтаңбада  бедерлеп баққан адаммын, одан артық айтар  датым жоқ. Сол биігімізден төмендемесек екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет. Ұлт мақтаны ретінде амандықта-саулықта, ұрпақтың тілеуінде болыңыз.
Баян Үсейінова
31 наурыз 2021 ж. 1 206 0