» » » Рәміздер – елдіктің нышаны

Рәміздер – елдіктің нышаны

Рәміздер – елдіктің нышаны, мемлекеттіліктің қайнары. Бұл – Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтің ойы. Былтыр жерлестерімен кездесуінде осылай толғанған еді. Расында Тәуелсіз елдің елдігін, рухани құндылығын айқындап, мемлекеттің мәртебесін көрсететін өзіне тән ұлттық нышандары тарихтан хабар беріп, мақсат-мұратымен астасып жатады. Осы ретте, Жаңақорған ауданының тұрғындары елдіктің нышаны қалыптасуда атсалысқан азаматтарымен мақтана алады.

Рәміздер халықтың рухы мен айбынын ғана білдіріп қоймайды. Олар мемлекеттің әлемдік өркениет көшіндегі орны мен деңгейін айқындайды. Әрі халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілері. Осыған орай 4 маусым – Мемлекеттік Рәміздер күні деп белгіленді.
Мемлекеттік Ту, Әнұран мен Елтаңба – тәуелсіздіктің тірегі, бабалардың асқақ арманы мен асыл мұраты. «Біз тәуелсіздікке аңсап, за¬ры¬ғып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген Елбасы сөзі кешегі азаттық таңын аңсап, сол жолда күрескен ұлт зиялыларының арман-тілегінің орындалғанын аңғартады.
Рәміздер мемлекеттің әлемдік өркениет көшіндегі орны мен деңгейін айқындайды. Иә, Мемлекеттік Ту, Әнұран мен Елтаңба – тәуелсіздіктің тірегі, бабалардың асқақ арманы мен асыл мұраты. Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жария¬лаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміз¬дің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгені тарихтан белгілі. Сондықтан бұл күн қазақ елі үшін үлкен мәртебеге ие. Оны ұлттық деңгейдегі мейрам ретінде тойлау дәстүрі жалғасып келеді. Бірақ бүгінгідей карантин режимінде құттықтаулар онлайн түрде жүргізілуде.
Осы ретте, Жандарбек Мәлі­бекұлының жаңақорғандықтармен кездесуінде елге есеп бергендей, Елбаңбаның идеялық мәнін түсіндірген еді.
– Елтаңбаға байқау жариялаған күннен-ақ ізденіске түстім. Алдымен қазақтың тарихын зерделедім, салт-әдстүрі мен әдет-ғұрпын зерттедім. Халықтың басты ерекшелігіне назар аудардым. Сосын Елтаңбаны жасау барысында мен «Қазақ халқы несімен ерекшеленеді? Біздің халқымыз үшін не нәрсе құнды?» деген сұраққа жауап іздедім. Осы сұраққа тапқан жауабымды бейнелегім келді. Бұл ізденісімнің жауабын «керегең кең, босағаң берік болсын» деген ұлағатты сөзден таптым. Сондықтан Елтаңба жобасын жасағанда киіз үйді негізгі алдым.
Неге киіз үйді басты нысан еттіңіз дегенімізде:
– Жалпы, киiз үй осыдан 2500 жыл бұрын пайда болыпты. Сол заманнан қазақ даласында өмір кешкен түркі халықтары (қазақтың байырғы ата-бабалары) өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын осы үймен байланыстыра өмір сүрді. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен философиялық нысан. Терең дүниетанымдық көрсеткiш. Оның iшкi құрылысы, сыртқы көрiнiсi, пропорциясы, оны кеңiстiкке орналастыру әдiсi... – бәрi де, расында, терең философияның жемiсi. Бұл тұрғысында киiз үй – шын мәнiнде әлi де зерттелмей келе жатқан тақырып. Мысалы, оның кейбiр өлшемдерi жұлдызнамаларға сәйкестендiрiп жасалған деген мағлұмат бар. Тiптi үйдiң орналастырылуы күннiң шығысы мен батысын айқындап, кiсiге бағыт көрсететiндей тәртiппен жасалады. Демек, киiз үй – расында да, әншейiн баспана емес, бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын көрсететiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi, – деп жауап қатқан еді.
Мемлекеттік рәміздердің маңызын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов былай түсіндірді: «Біз тұғыры биік Туымызбен, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамен және кез-келген азаматтың патриоттық рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранмен айбынды ел болдық. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты. Өздеріңізге белгілі, 1992 жылдың 4-маусымында Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ал, 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт–санасын, қаhармандығы мен даналығын болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Сондықтан жаңақорғандықтарды осы күнмен құттықтаймын!».
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуы­ның ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патрио­тизмге үндейді, батылдыққа тәрбие­лейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз. Иә, егеменді ел мен Тәуелсіздігін паш ететін мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, азат елдің символы рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – Отан алдындағы ұрпақтар борышы.
– Біз болашақта бұдан да бай, қуатты елде өмір сүретінімізге сенімдіміз. Себебі, бүгінгі жас ертеңгі ел тірегі. Ал, сол жас буынның бойындағы патриотизм, отансүйгіштік қасиеті асқақ белгімен бекемделеді. Жүрегі Отан деп соғатын әр азаматтың мақсаты Тәуелсіздік туын көк аспанда желбірете беру. Сондықтан, тұлпар тұрпатты Елтаңба бостандықтың, жарқын өмірдің символы бола береді деген сенім мол, – деді Жаңақорған жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров.
Қазақтың көк туын желбірететін спортшылардың да мерейі қашанда асқақ. Байрақты бәсекелерде Сыр өңірі, оның ішінде жаңақорғандықтар әнұранды шырқатып, туымызды көкте талай желбіретіп жүргеніне куәміз.
– Соңғы жылдары әлемдік спорт жарыстарында жаңақорғандық жас­тардың бағындырған белесі аз емес. Былтыр күрес түрлерінен әлемдік ареналарда алтынмен де, күміс, қоламен де қазақ елін қуантқан спортшылар қатары көбейді. Бокс, футбол, қол күрес, таеквандодан да мерейіміз үстем болды. Азия, Әлем чемпионатында біздің спортшылар құр алақан оралған емес. Тіпті ат спорты мен еркін күрестен Сыр намысын қорғайтын спортшылардың құрамын жаңақорғандық жігіттер құрайды. Осының өзі үлкен жетістік, біз бұл нәтижемен тоқтап қалмаймыз, – деді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов.
Қорыта айтқанда, ұлттық нышандарды құрметтеудің белгісі осылай көрініс табуы керек. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе берілді. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – республика азаматтарының қасиетті парызы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
03 маусым 2020 ж. 1 205 0