№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Меккеге екі барған азамат

Меккеге екі барған азамат

Кісі бойындағы көркем қасиеттер туралы сөз болса менің есіме туған топырағымыздың перзенті, ауданның «Құрметті азаматы», абыз ақсақалдың бірі, Зайнидин қажы түседі. Оның бойындағы кішіге қамқорлығы, үлкенге ізеті, досына адалдығы, қасына да қарсы келмейтін кешірімшілігі, ағайын-досқа бауырмалдығы таң қалдырады. Оған қоса іскерлігі, қандай жұмысты ұйымдастыра білетін алғырлығы көңілдің пәрін ашатын ашық, жайдары мінезімен астасып, болмысын биіктете түседі. Осы қасиеттері оны өмір жолында сүріндірмей, ақиқат сүйгіштігі тура жолдан тайдырған емес. Меккеге барып, қажы атануы да ата-баба жолына адалдығын танытса керек.
Кешегі кезеңнің көп қиындықтары, соғыстың зардабы, ашқұрсақ заман одан айналып өткен жоқ. Әйтсе де зерек, алғыр, еңбеккеш жас өзі мақсат еткен биігіне қол жеткізе алды.
Ол 1936 жылы Өзгент ауылында дүниеге келді. Осында оқып, қара таныйды. Мектептен соң 1958 жылы Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, еңбек жолын Жаңақорған астық қабылдау мекемесінде есепші болудан бастайды. Техникумда алған білімінің өскелең өмірде кемшін болатынын сезген ол 1975 жылы Ресейдің Барнаул қаласындағы ауылшаруашылығы институтында бухгалтер-экономист мамандығы бойынша білім алды. Жастығына қарамай, жаңалыққа құштар, іскерлігін танытады. Есепшіліктен кейін 1961-1968 жылдары Шиелі аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарса, сол жылдары Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып қызмет істеген. Жастар ұйымының хатшысы кезінде Зәкеңнің жасқа тән жігері, еңбекте ысылып, мол тәжірибе жинағандығы көрінеді. Әсіресе аудан жастарының арасындағы тәлім-тәрбиеге баса көңіл бөліп, бастауыш комсомол ұйымдарының беделін көтеріп, комсомол қатарына тартуда көп еңбек жасайды. Осы кезеңде комсомол жастардан күрішшілер мен шопандардың өндірістік бригадаларын ұйымдастырып, облыста аудан жастарын алдыңғы шепке шығарып, үлкен жетістікке жетеді.
Адам істе ширығады десек, Заинидин қажы еңбекте ысылып, жұмыста шыңдалған. Оның аудандық «Коммунизм жолы» (Қазіргі Жаңақорған тынысы) газеті редакциясының баспаханасында бас есепші болған 1968-1969 жылдарда баспахананың материалдық-техникалық базасын нығайтуда, алғаш линотип машинасын алғызуда да еңбегі ерекше. Жаңақорған санаториінде (қазіргі «Жаңақорған шипажайы» АК) бас есепші болып қызмет атқарды.
Ол 1980-1994 жылдары «Главриссовхозстрой» тресіне қарасты ОРС (жұмысшыларды жабдықтау бөлімі) сауда мекемесінің Жаңақорған филиалының бастығы, аудандық газ шаруашылығы мекемесінің директоры, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған тұста да басқарған саласында «әттеген-айларға» жол берген емес. Керісінше, халықтың қамын жеп, өзіне тиісті мекемелердің азаматтарын ас-қатықпен, газбен, мәдениет саласында шопандарға мәдени-тұрмыстық қызметпен қамтамасыз етіп, еңбекші қауымның алғысына бөленеді. 1994-1997 жылдары Жаңақорған мен Шалқия кентінің әкімі қызметін атқарған кезеңдерде кенттің өсіп-өркендеуіне, халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында уақытпен санаспай еңбек жасайды. 2001 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін Зәкең аудандық «Шапағат» қазынашылық кәсіпорында директорлық қызмет атқарып, абыроймен зейнет демалысына шығады. Құрметті зейнетке шыққаннан кейін Заинидин екі мәрте мұсылмандардың қасиетті орны, талайдың арман-мақсатына айналған – Меккеге екі рет (2005-2006 ж) барып бес парыздың бірін өтеп қажы атанып оралады. Осы сапарында үшінші қасиетті орын саналатын – Иерусалим қаласындағы «Әл-Ақсаға» барып зиярат етеді. Қазірде Зәкең қажының бүгінгі ұрпаққа айтар ұлағаты мен өсиеті жетіп артылады.
Ауданның өсіп-өркендеуіне, экономикасының артып, нығаюына бір кісідей үлес қосқан Зәкеңнің еңбектері елеусіз қалған емес. «Тәуелсіздікке 10-жыл», «Жеңістің-70 жылдығы» медалдарымен, Республиканың тұңғыш президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Алғыс хаты», Қаз ССР-нің Сауда Министрлігінің Құрмет грамотасы, облыстық партия комитеті мен Халық депутаттары атқару комитетінің Құрмет грамоталары мен басқа да Алғыс хаттар солардың дәлелі болса керек. Бұған қоса 2017 жылы Зәкең Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», ауданның «Құрметті ардагері» атанып, тағы бір қуанышқа бөленді.
Зәкеңнің жұбайы Ақнұр Әшімқызы осы ауданда ең алғаш акушер маманы ретінде көп жыл жұмыс атқарып, мыңдаған баланың кіндік шешесі атанған жан. Қазірде екеуінен тараған бес перзент ағарту және мәдениет, сондай-ақ халық қызметінің басқа салаларында абыройлы қызмет етіп жүр.
Өзі бүкіл жастық ғұмырын арнаған туған өлкеміздің тыныс-тіршілігін бүгінде ақсақалдық көңілмен аңдап, ақыл - кеңесін беріп отыратын көңілі зерек, көргені мол Зайнидин ағамыздың әсіресе елді имандылық жолға насихаттаудағы еңбегі ересен.
Файзулла САХИЕВ,
Халықаралық жазушылар,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ауданның «Құрметті азаматы»
17 наурыз 2021 ж. 797 0