Ахмет Шынтайұлы атындағы көше ашылды
«Жақсыдан із қалса, баба жолын ұлықтар». Осындай сөз Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері Ахмет Шынтайұлына айтылғандай. Тіршілігінде ел арасында «Дәу Ахмет» атанған қария есімін ұлықтауға арналған шара мазмұнды өрбіді.
Алдымен «Алтыкрант-4» көшесіне майдангердің есімі берілді. Біз ардагер атындағы көшенің ашылу салтанатына куә болдық. Онда аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков көпшілікті құттықтады. Сосын сөз тізгінін ел ағасы Зинабдин Шермағанбетов, Амангелді Абдуллаев алды. Түркістан облысынан арнайы келген Рахматулла Мәуленов те жүрекжарды тілегін жеткізді.
Ал, кент әкімі Әбунасыр Бекішев көшеге Ахмет Шынтайұлының есімін беру туралы шешімін оқып, оны ұлы Мадияр Ахметовке тапсырды. Көшенің лентасын Адай Салыбеков пен Зинабдин Шермағамбетов және Ақтөбе облысынан келген қажы Зейнулла Төлеутаев қиды. Шара соңында Ибадулла Байғожин батасын берсе, ауданның бас имамы Сейдулла қажы Омаров Құран бағыштады.