№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СЫРДЫҢ СЫРБАЗ ақсақалы

СЫРДЫҢ СЫРБАЗ ақсақалы

Әкем Пәзілбектің сол әңгімесі әлі есімде. Қаратау төсін мекендеген шағын ауылда туып өскен олар бір-бірін жетік білетін көрінеді. Бала-шаға, кемпір-шал дегеннің бәрі де көңілге жақын, аралас-құралас, күн кешіп, тірлік етеді. Сонау 1936 жылдардың тұсы болар, әкем Пәзілбек пен Әбіласан аға тұз-дәм бұйырып Түркістандағы ПЗО-да бірге оқуына тура келсе, құдайдың құдіреті Ұлы Отан Соғысының отты жылдарында да 586 атқыштар полкінде бірге болуға жазыпты. Елге жарадар болып аман оралғаннан кейінгі, соғыстан соңғы тіршілік екеуін екі айырыпты. Жеңістен соң да әкеміз аз-кем қоғамға қызмет етіп, жеңістің соңғы тойланған тойлардың көбін көрмей, келместің кемесімен 1970 жылы баз кешті. Ал, әкемнің өзін, көзін көрген, соғыс деген лағнеттің ащы дәмін бірге татқан абыз ағамыз Әбіласан тоқсанның төрін көрді. Міне, өмірдің салуы, тағдырдың тартуы, Алланың жазуы деген осы.



Қазақта «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бар. Мұндағысы әкеңнің көзін көрген азаматты көргенде, әкеңнің өзін көргендей боласын деп жұбатқаны ма деп ойлайсың. Болмаса әкеңнің орнын, қадірі мен қасиетін, мейірімі мен шапағатын толтырар не бар өмірде? Менде, абыз ағаны Әбекеңді көрген сайын әкемнің жоғарыда айтқаны ойға оралып, жүрегімді қозғап, ерекше бір сезімге жетелейтін. Ат жалын тартып аға болсақта әкеге деген сағыныш жүректің тереңінде тұрады.
Ақүйіктің өзенінен су ішіп, Қаратаудың самалына жүзін сүйдірген, өткен ХХ ғасырдың талай ащысы мен тұщысын көрген, Ұлы Отан соғысының басы аяғына дейін болып, от кешкен, одан аман келіп, 68 жыл ғұмырын ұрпақтың тәрбиесіне, тәліміне арнаған бүкіл Сырдың алыбына, айналған, ұлағатты ұстаз Әбіласан Әшірбеков туралы толғау осыдан кейін менің азаматтық парызым деп білемін.
Ия, Әбекең, Әбіласан ағамыз кім? Оның қасиеті, құдіреті, еңбегі, тірлігі, тіршілігі немен сабақтас. Тоқсан үш жылдық ғұмырында туған елінің, жерінің, халқының құрметіне қалай бөленді, несімен елдің ақсақалына айналды. Ендігі әңгіме сол жайлы.
Әбекең ақсақалдың өмірі қиын кезең­дермен тура келеді. Түкпірдегі ауылда дүниеге келіп, өмір есігін енді ашқанда екі жасында төрт ұл, бір қыз әке-шешеден жетім қалады. Тағдырдың салған тауқыметіне мойымаған оларды әкесінің інісі Ахметов Ибахан өз отбасының мүшесі етіп алып, сол оттың 18-ші баласы болып өсіп-жетіледі. Жетімдік тауқыметі ме, әлде туа бітті бір бет қайтпас қайсарлығы ма зерек, ұқыпты, ізденгіш, тындырымды болып өседі. Соның арқасында болар 1934 жылы Жаңақорғандағы шаруы-жастар мектебін бітіріп, жеті жылдық білім алады. Өскен отының қиындығын бөлісу үшін, оған қоса күн көріс қамымен Қосүйеңкі колхозындағы сауатсыздарды (ликбез) оқытып, мұғалімдік қызметін бастайды. Зеректігінен болар, 1936 жылы Түркістандағы педтехникумда оқып жүріп, қала шетіндегі "Ортақ" колхозында сауатсыз ересектерді оқытумен айналысады. Педтехникумды бітірісімен туған ауылы Бірлікке келіп осындағы орталау мектепте мұғалім болып, бала кездегі мақсатының тізгініне алғаш осылай қол жеткізді.
Бойында жігері, ынтасы, ықыласы, мақсаты мен мұраты бар Әбекең өзі қалаған мұғалімдікте талапшылдығымен, ізденімпаздығымен көріне білді. Ересек оқушылардың өзі Әбіласанды жас демей сөзін ұйып тыңдап, беретін дәрісіне ынталы күйде, үнемі ықыласпен қарайтын.
Елдегі тыныш өмірді 1941 жылғы Ұлы Отан соғысының зардабы бұзды. Алыс ауыл болса да атқа мінер, қолына қару ұстар азаматтарды бірінен-соң бірін әскерге алып, ұйыған отбасылардың берекесін қашырған еді. Сол аласапыран уақыттың тартуымен Әбіласан да мектептен қол үзіп, әскерге алынады. Кешегі мұғалім әскер киімімен КСРО халқының ащы өзегіне айналған Ұлы Отан соғысының басынан бастап аяғына дейін (1941-1945) от пен оқтың ортасында жүріп үш рет жараланды.
Әбекеңнің «Ұрпаққа аманат» деп аталатын естелік-эссесінде «...Австрияның Вена қаласында 1945 жылы 17 сәуірде коммунистер қатарына еніп, партбилет алдым. Партбилет алуға үш адам келе жатқанбыз Мен ортасында, Сафронов деген орыс жігіті соңында, 14 қабатты үйдің жанынан өтіп келе жатқанда оқ атылып, Сафронов құлап түсті. Қалған екеуміз барып партбилетімізді алдық. ...Аяқ бассаң ажалмен бетпе-бет кездесіп тұратын күндер еді. Елге оралып, егемендік алғанға дейін 50 жыл еңбек еттім. Партбилетке ешқандай дақ түсірген емеспін. Ер етігімен су кешкен күндерден қалған естелік белгі, қандыкөйлек достарыммен бейбіт күн, Отан деп соққан жүректерінің аманат-арманындай қабылдадым. Партбилетімді әр қолыма ұстаған сайын, әр қадам басқан сайын жоғалтқан жауынгер достарым, сұрапыл Сталинград шайқасы көз алдыма елестеп өтеді...» деген жолдар бар. Әрине соғыстың жыры, соғыс салған әбігер, соғыстың зардабы, өкініші, қайғысы-кешегі Әбекең секілді көзімен көріп, арасында болғандарға ойлау да өте ауыр болса, бүгінгі ұрпақтарға ағалар аманатына адал бол, оларға биік құрметпен қара, жолын кеспе дегенді білдіреді.
Жорық жолында талай алапатты бастан кешірген, қандастарының оққа ұшып, өлімін көзбен көрген, арулап көме алмаған сол күндер Әбекең жүрегінде мұз боп қатып қалған. Тағдыры ма, татар тұз-дәмі ме, ажал оғынан аман қалған ағамыз елге келісімен мамандығы бойынша бейбіт еңбекке араласады да кетеді. Еңбек ете жүріп 1948 жылы Шымкент қаласындағы пединститутты бітіріп алады. Одан соңғы еңбек жолы Талап, Төменарықтағы орта мектептерде директор, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Жаңақорған аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, №51 қазақ-орыс орта мектебінің, №3 мектеп интернатында жалғасып, елі үшін тынбай тер төгіп, абыройлы қызмет атқарып, бүкіл облыстың құрметіне бөленеді.
Кеңес дәуірінде үнемі сыртта болатын малшы балаларына айрықша жағдай жасалатын. Олардың оқушы балалары арнайы мектеп-интернатта жатып оқып, тәрбиеленетін. Сондай мақсатпен Жаңақорған орталығында жаңадан соғылып, бой көтерген №3 мектеп-интернатқа 1963 жылы Әбекеңді директор етіп жіберді. Өйткені, енді ұйымдасып, жаңадан ашылып жатқан мектепке талапшыл, істің көзін білетін, ұйымдастыра алатын, сенімге селкеу түсірмейтін тәжірибелі басшы-ұстаз қажет еді. Жоғары партия-кеңес орындарының ұйғарымы да, шешімі де, нысанасы да сондықтан Әбекеңе келіп тіркелген болатын. Табаны күректей 17 жылын осы құтханаға арнаған (1980 жылы зейнетке шыққан) ұлағатты ұстаз, білікті басшы Әбекең жаңа мектептің атын облыс, республикаға жақсы жағынан, өнегелі өрісімен шығара білді. Жаңа ашылған мектепті материалдық-техникалық жағынан жарықтандыру үшін облыс, республикаға дейін барып сөзін өткізсе, педагог кадрларды іріктеп, талғап алуда да білімдар, талапшыл екендігін байқатады. Ортақ іс үшін, мектептің мұқтажы мен мұғалімдердің жағдайы үшін діттеген жолынан қайтпай жоғары орындарға ұсынысы мен талабын орындата алатын. Бүгінде алдында оқып, тәлімі мен тәрбиесін алған мыңдаған шәкірттері алыстан сәлемін жолдап, амандығын тілеп, рақыметін айтады. Республикалық дәрежедегі зейнеткер Әбекең үшін осының өзі үлкен құрмет, зор мәртебе болатын.
Қай салада болмасын адал, абыройлы еңбектің атағы, даңқы бірге жүретіні бар. Әбекеңнің де 68 жылдық еңбегінің бағасы мен биігі жетіп арылады. Соның бірқатары «Қызыл жұлдыз», бірінші дәрежелі «Отан» соғысы ордені, «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мұғалім», «СССР-дің оқу ісінің үздігі», облыстағы «Ғасыр мұғалімі» сияқты барлығы 22 үкімет наградалары адал еңбектің бағасы. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамоталары, Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хаты, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы атағы Әбекеңе көрсетілген лайықты бағалар. Сондай-ақ, Мәскеуде 1978 жылы өткен Бүкілодақтық мұғалімдердің ІІІ съезіне, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің барлық съездеріне қатысуы да сырт көзге талай жайды аңғартса керек. Аңғартып қана қоймайды-абыз ақсақалдың еңбегін, қарым-қабілетін, ел алдындағы абырой биігін асқақтатса керек.
Жақында тағы бір қуанышты жағдайдың куәсі болдық. Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы тұлғалы перзенттерін қамтыған «Лучшие люди» деген атпен 2012 жылы жарық көрген 1080 беттік халықаралық үлкен энциклопедияға ағамыз, Сыр перзенті Әбіласан Әшірбековтің суреті мен өмірі, қызметі жайлы материал беріліпті. Қазақ топырағындағы біртуар, ортамыздағы аңыз адамның ерен еңбегін өзге де елдің бағалап, жоғары қойғанын, осыдан кейін мойындамасқа амалың жоқ.
Жетімдік көріп жетілген, соғыс салған жараның ащысын жеңіп, адами қасиеттің биігін танытқан ағамыздың да ұрпағы бүгінде бірқауым ел. Өзінен тараған бес ұл, бес қыз да үйлі-жайлы болып Әшірбектің ұрпағын көбейтіп отыр. Бәрі де оқыған-тоқыған. Әкенің үмітін ақтап, білім қуып, өмірдің кірпіші болып қаланып, туған еліне өз әлінше қызмет етіп келеді. Ұл-қызынан тараған немере, шөбере қартайған көңілдің қуанышы, жүрегіне от беретін. Өткен кезеңнің ауырлығын жеңілдететін.
Бүкіл Сырдың сырбаз ақсақалына айналған, көргені мен түйгені көп, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздардың ұстазы Әбекеңнің өмірі өсер елдің ұрпағына қашанда өнеге, үлгі боларына бек сенімдіміз. Сөз соңында айтарымыз, ақсақал атанып, тұлға болған азаматтың есімін есте қалдыру үшін аудан орталығынан бір көшеге атын беріп жатса, сауап істің бірі деп білер едік.

Файзулла САХИЕВ,
Журналистер Одағының мүшесі,
Жаңақорған ауданының "Құрметті азаматы".

10 шілде 2019 ж. 953 0