№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өткен жолы өнеге

Өткен жолы өнеге


Өткен ғасырдың,яғни XX ғасырдың жиырмасыншы-жетпісінші жылдардың тұсында өмір кешкен Өзгент төңірегіндегі Төлеген молда мен Ләйлі Есжанқызының қос ұлы Әлжан мен Берден қажы да өз кезеңінде талай ауыртпалықтарды басынан өткізген. Ел болып ұйысып колхоз, бертін келе совхоз болып өзгеріске еніп жатқан шаруашылық құрылыстарының талайын басқарып,талайына жетекшілік жасаған. Өмір көшіне ілесіп көппен бірге талай тауқыметті басынан өткерген. Аштықтың дәмін татып,асыра сілтеудің құрбанына айналғандардың талайын көзбен шығарып салған. Кеңес Одағына ашкөздене ұмтылып,алапат соғысты алып келген неміс фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысының аласапыран кезеңін жеңістен соңғы ауылдың қиын тұрмысын,елдегі қара жамылған талай оттың түтінінің өшкенін көзімен көріп,жүректерін ауыртқан. Қиын кезеңнің қамытын киіп, боркемітілікті көрсетпей,туған жердің түтіні тура шықсын деп, жаста болса қайрат – жігерге мініп елге қызмет жасады. Арман мақсаты халықтың қамы – елдің мүддесі болды. Осы жолда Төлегеннің үлкен ұлы Әлжанда,кішісі Берденде аянбай еңбек етіп,колхоздың мың-сан шаруасына араласып,туып – өскен Өзгентінің өркендеп,өсуіне тамшы да болса үлестерін қосып,іргелі елдің атын шығарып,өз кезеңнің тарихында қалған еді.
Десекте,ғұмыры дария,халқының қамын жеген, жастығы мен жалынын туған жердің тіршілігіне арнаған дарабоз қарияның соңында ұрпағы,өнегесі,үлгісі,айтқаны мен атқарған,ертеңгі ұрпаққа сабақтастығы қалды. Сондықтанда Берден қажы жайлы аз-кем сыр толғап, болар елдің ұрпағының көшін жексек,өткенінен суыртпақтап әңгіме өрбітсек онда біздің де аға сыйлаған, асыл қасиетіміздің жоғалмағандығы. Ендеше ендігі сөздің мәйегі Бердекең жайлы.
Бұдан 89 жыл бұрын, яғни 1929 жылы киелі тарихи орын Өзгент төңірегінде осы аттас ауылда дүниеге келген Төлегенұлы Берден қажының жастық шағы сексеуілімен жыңғылы, шеңгелі көмкерген қазақы ауылда өтеді. Ес біліп оңы мен солын таныған зерек,құймақұлақ бала ескіше сауаты болған,сол төңіректің айтулы ілімі мен бедел-қасиеті бірдей әкесі Төлегеннен көп үйренеді. Ағайынына аты белгілі шешесі Ләйлі қайырымдылығымен, кішіге қамқор,үлкенге ізетімен қайрат-күшіне сенген. Содан болар екі жақсыдан туған Төлегеннің «әкеге қарап оқ жонып,шешеге қарап тон пішер»-керемет қасиеті аз болмаған. Бүгіндері қызыл партия деп тас атып жүрген партияңа да мүше болмаған. Десе де халқы қалаған, елі ерте таныған,қарым-қуатына сенім артқан, қиын іске салып,нәтижесін күткен. Мұндайда Берденнің сүрінген жері жоқ. Егер өмір соқпағының еңбек ізіне көз салсаң өзің-ақ түсінесің?.
1939-1948 жылдары бұрынғы Октябрь колхозында жұмысшы, осы жылы Қазалы қаласындағы бір жылдық мал фельдшері курсынан соң, 1951 жылдан ХХХ жылдық Қазақстан колхозында ветсанитар, 1954 жылы Қазалыдағы зооветтехникумды бітіргеннен соң аудандағы ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы ретінде талай жерлерде белсенді еңбек жасаған. Соның ішінде «Задарья», «1 май», Ленин, Октябрь бөлімшелері мен фермаларында зоотехник, «Төменарық», «Бірлік» кеңшарларындағы №4,№5 фермаларында зоотехник, ферма басқарушысы болып жұмыс істейді. 1969-1970 жылдары СОКП-ның ХХІІІ съезі атындағы кеңшарда ферма меңгерушісі,кейіннен 1973-76 жылдары №4 бригаданың егіс бригадирі қызметтерін атқарса, 1978 жылдары ірі қара фермасының, 1980 жылы директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары, 1987 жылдан 1989 жылдары зейнет демалысына шыққанға дейін фермада зоотехник болып абыроймен қызмет атқарады.Қадірлі Берден еңбек еткен жылдарында ауыл шаруашылығын басқарудағы және еңбек көрсеткіштегі жетістіктері үшін арнайы жеңіл машинаға иеленген. Бүкілодақтық жетістіктер көрмесінің қола,күміс,алтын медалі ол үшін жетіп артылады.
Өмірдің мәні мен мағынасы көп жасағанда емес. Тағдыр сыйлаған азды-көпті жасында еліңе не бердің,халқың үшін,қасындағы ағайын-баурыңа істегенің не,жабыққаның жаныңнан табылып,аш өзегіне демеу болдың ба,міне,адамдық пен азаматтықтың таразысы,өлшемі. Осы қырынан келсек берден қажының да айтып тауыса алмас кереметі жетіп артылады. Білетіндерге көзінің тірісінде айқайшы,ұйымдастырушы,демеуші, игі істің басында жүретін ізашаршы болыпты. Шариғат жолына берік, Пайғамбар рухына адал. Сөзді кесіп айтады,баз біреулердей білсін-білмесін тарих түбін қазып,ата,ру қуудан аулақ. Бос сөзден гөрі,әділдікті ту етеді. Алдау-арбау, ала жіптен аттау бойына жат. Бір елдің пәтуашысы,сөзіне ертер жолбасшысы бола білген. Бір кездерде асыра сілтеуден,дінінен айрыла жаздаған бұйығы халықтың діні мен ділінен қайта жандануына мұрындық болған да осы-Бердекең. Соның бір куәсіндей Одақтың қиын,алмағайып кезеңінде Ақжолдағы бір қауым елдің қолдауымен, өзі бас болып Өзгент көлінің басындағы «Өзгент» мазаратын сақтап қалады. Осы тіршілігі үшін кезінде «Ара» журналына «Ескінің қалдығы» деген атпен сынға кейіпкерде болады.
1995 жылы Жаңақорғанда Орта Азия мен Қазақстан жеріне, соның ішінде Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін алғашқы әкелгендердің бірі Хорасан ата-Әбдіжалил Бабтың 1100 жылдығы аталып өтіп, үлкен ас берілді. Осындай игі шараны ұйымдастыруда, оны өткізуде, елден жырақ ағайындардың басын қосуда-Берден ақсақалдың еңбегі аз болған жоқ. Бала кезінде әкесі Төлегеннің қолында болған, жадында жатталып, көңіл көзінде қалған Хорасан ата ұстаған Туды зерттеп, іздестіре жүріп,Өзбекстанда бір ағайындылардың үйінде сақталып қалған көне жәдігердің осындағы кесенеге жеткізілуіне себепші болады. Бабаларының туын небір қиын-қыстау кезеңдерде көздің қарашығындай сақтаған әлгі кісіге «мың мәрте Алланың нұры жаусын» - деп сый-сияпатын жасағанда өзі болатын. Уақыт заңына бағынып, дін мен ділін екінші қатарға қойған сол бір кезеңде Берден қарияның бертін келе ойлап,кей-кейде көңіл жабырқайтын ағасы Әлжан Төлегенұлының осы елде жүріп Октябрь, Мәдениет колхоздарын басқарып, елді елдікке жұмылдырудағы еңбегінің ескеріле бермейтіндігі еді. Десе де, ерге тән еңбегінің, ортақ игілікте қолдың табы, маңдайдың тері қалды. Көзі қарақты, көңілі ояу, қиял көкжиегі алысты меңзейтін Берден қажының Сыр өңірі сүлейлерінің жырлары мен шежіресіне терең қанық. Әңгіме желісінде бабаларына қатысты тарихты жеткізе әңгімелейтіні бар. Сол қаситіне риза болған Шымкенттік Рүстем деген азамат Берден қажыға арнап:
Бердеке жиенімсің көрегенді,
Алла да жақсы көрер берегенді
Құдай әруақ жар болар әуел бастан,
Бақ-дәулет жастайыңнан ере келді.
Өмірде бір қара қой серкесіндей,
Біреудің жалқы туған еркесіндей.
Ақыл мен әділдікті көрік етіп,
Адамсың тума нардың өркешіндей,-деп өзінің ризашылығын жүрек жарды өлеңімен білдірген екен. Сондағы Хорасан атаның 1100 жылдығына аралған үлкен асқа сонау Павлодар қаласынан келіп қатысқан Сағат Тасқарұлы Бердекеңе риза болып, мына қауым елдің бірлігі мен тірлігіне сүйсініп, қоштасар тұста былай деген көрінеді:
Арқалап ат арылтып келгенімде,
Ардақтап өткіздіңдер төрге міне,
Алдында алқалы елдің алғысым бар,
Түлегі Төлегеннің Берденіне.
Халқының малын жемей,қамын жеген,
Ризамын сендей ерді бергеніне,
Тіріде тіршілікте тұрақ берсін,
Өліге о дүниеде жұмақ берсін.
Жалауың желбіресін байтақ елім,
Алынбай: Елдік-дейтін тас қаланың.
Есімі Хорасандай бабамыздың,
Сезімін селт еткізсең жас баланың-деген.

Қалың елдің назары ауып,әділдіктің ақ туын қолдан түсірмей,мұсылман баласының негізгі парызының бірі-Мекке-Мәдинаға барып қажы атанған аруақты қария Бердекеңнің бүгінгі бәйтерегінің тамыры тереңде,бұтағы сан тарау. Берден қажы мен Зәурехан анадана тараған 8 ұл-қыздың төмені жоқ. Ата-мен анаға лайық ұрпақтар... «Әке көрген оқ жонар» демекші бәріде оқу оқып, туған жердің тіршілігіне белсене араласып,ауылдың түтінінің түзу шығуына лайықты үлесін қосып жүргендер. Бірі емес бәрі де халқы үшін қызмет етіп, көптің жүрегінен орын алып, алғыс арқалағанды бақыт санайды.
Жаңақорғандықтардың жадында қалып қажы атанған Берденді осы сапарынан кейін елі төбесіне көтерген.Бақытты ұрпағы ғұмырға сабақ болар өсиетіне ынтыққан. Үзеңгілес құрдастары қызыға қарап, үнемі төрден орын беріп, алдын кеспейді. Талай алқалы жиындар Бердекеңнің әңгімесінсіз тарқамады. Тағдырға не шара, 2001 жылдың ақпанында Берден қажы 71 жасында дүниеден өтті. Қажы қазасына сол кезде бүкіл елі қайғырған.
Міне, содан бері қаншама уақыт өтті. Кез-келгеннің басына бермейтін,талайдың қолынан келе бермейтін қадірменді қос қажының бірі Берден қарияның өмірден озғанына он жеті жыл өтті. Жыл өткенмен бірге барып,бірге қайтқан Дәумен қажының ойымен айтар болсақ «қолда бар алтынның қадірін кім білген» -демекші Берден қажының берен қасиеті, алғырлығы мен азаматтығы бүгінде барша жаңақорғандықтарға үлгі-өнеге. Ендеше, рухымен діні мен діліне берік Берден қажының өмірі бүгінгі ұрпаққа сабақ, үлгі деп білеміз.
Рухы биік елдің ұзақ болатыны да содан.

Файзулла Сахиев,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
17 сәуір 2018 ж. 1 120 0