№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсының оты алыстан жарқырайды

Жақсының оты алыстан жарқырайды


Әке жүрегінің жалынын жергөгінде жатып бойына сіңіріп, қаршадайынан қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды қайсарлы боп ержеткен жігерлі жасқа қашанда табандылық тән. Өмірде алған бетінен қайтпай, мақсатына жету жолында тар жол, тайғақ кешулердің талайын өткерген осындай өрендердің бірі – Аққұм бекетінде қарапайым теміржолшы отбасында дүниеге келген Қырашбай Жақыповты осындай тұлғалардың қатарына қосуға болады.
Жапырағын кеңге жайған бұл әулеттің тегіне терең ой жіберген тектіліктің табиғатын тани түсер еді. Мысал келтіретін болсақ, Қырашбайдың әкесі Жақып бес ағайынды болған екен: Жанасбай, Таласбай, Төлеп, Қонысбай. Енді осы кісілерден тараған ұрпақтың бірді-екісіне тоқталсақ, шетінен қатарынан асып туған алғырлығы, әсіресе есеп жағына ерекше талантты екені екінің бірін таң қалдырады. Басы қатты істейтін балғынды бала да болса талабына тәнті тұрып, төрге өздырар тілектес көңілдің шуағы болар, Төлептің тұяғы Құрманбекке жеңгелері «Кітап» деп ат қойыпты. Айтқанындай, алғыр жас ауыр кезеңнің өзінде ауылдан астана асып, жоғары білім алып, Арал, Қызылорда, Шымкент темір жол локомотивіне басшылық етті. Жанасбайдың Жиренбайы да осал емес. Ауылды ұстап тұрған математик. Ал Қырашбайдың Мырзажаны математиканың формуласына тән нақтылық пен дәлдікті есепте ғана емес, өмірде де өз орнында пайдаланып, бас есебі үшін қиыс қадам аттап көрмеген кіршіксіз адал азамат. Жақыпова Айжан ұстазымыздың да аты ел аузында аңыздай боп қалса, оның қызы Ханзада Жақыпова бүгінде аймақтың бетке тұтар білімді математигі екенін кім болсын мойындайды.
Мұның сыры неде? Мұның түп-төркіні тылсым тамырластықтың тереңінен бастау алып, алғы күнге қанат байлаған қасиет-қадірдің қайнарында жатса керек. Өзен де өз арнасымен ағады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Қырашбай Жақыпов 1910 жылдан 1956 жыл аралығында 46 жыл Аққұм стансасында қарапайым теміржолшыдан бастап бригадир, жол шебері қызметтерін абыроймен атқарып, 1956 жылы зейнет демалысына шыққан.
Бүкіл тағдыры темір жолдың темірдей тәртібімен тығыз өрілген оның өрімтал шағы туған өлкенің өкпесін басып өтіп, өркениетке бағыт түзеген шойын жолдың қауырт құрылысымен өзектесе өрілді. Маң даланың жонына топырақ үйіп, шпалын қолмен төсеп, қазығын қадаған қайратты қолдардың иелері алып құрылысқа алатау жігерін тірек ете білді. Бар үмітті келешекке артып, арқырап жеткен алғашқы паровозды соның хабаршысы көргендей телегей-теңіз тауқыметтерінің танықтай таңбасы-қос сызық темір жолды жата қап тәу еткен халықтың қуанышында шек болмаған сол күні. Солардың қатарында талабы тас жарған, қайратты жас Қырашбай да бар еді.
1940 жылы Қырашбай Жақыпов теміржол транспортындағы командалық құрамның курсын үздік бітіріп, теміржол мастері ретінде қызмет ете бастайды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, теміржол саласында әскери тәртіп орнатылып, жауапкершілігі мол, өз ісін шебер меңгерген қызметкерлер соғысқа шақырылмай қалдырылады. Солардың бірі – Аққұм теміржол стансасында теміржол мастері қызметін атқарып жүрген Жақыпов Қырашбайға техник-лейтенант атағы мен әскери форма берілді. Теміржол қызметкері ретінде соғысқа шақырылмаса да, ерен еңбегімен Кеңес Одағы әскерінің Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуіне үлес қосты. Ол – 1941 жылдан бастап қару-жарақ пен техника және әскерилерді үздіксіз шайқас алаңына жеткізіп отыруға септігін тигізген маман. Бұл тұста кеңес әскерін жарақтандырудағы теміржолшылардың ерен еңбегін ескермеуге болмайды, ескерілмей қалмайды. Мысалы, 1944 жылдың 2 қазанда Қырашбай Жақыпов теміржол саласындағы социалистік міндеттемелерді орындаудағы ерекше жетістігі үшін «Ударник Сталинского призыва», Қазақ ССР-нің 15 жылдығына «Екпінді еңбегі үшін» төс белгілерімен марапатталып, «Книга Производственных подарков Матери-Родине и Великому Вождю товарищу Сталину» кітабына енген.
1945 жылдың 6 маусымында КСРО Жоғарғы кеңесінің жарлығымен «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» медалімен марапаттаған.
1953 жылы 1 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен «Ленин» ордені берілді. Жақыпов Қырашбайдың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы атқарған қызметін жоғары бағалаған үкімет 1931-1956 және 1941-1945 жылдар аралығында 18 рет ақшалай сыйлық, алғыс хаттармен, үздік белгілермен, медальдармен және «Ленин» ордендерімен марапаттаған.
Қазақ Энциклопедиясында Сырдария өзенінің көрікті жағалауларының бірі, жұрт демалатын орын Аққұм төңірегіндегі «Қырашбай шүңеті» деген атпен есімі тарихта мәңгі қалды.
«Тектіден текті туады» демекші Жақыпов Қырашбайдан тараған 15 ұрпағы білім саласында абыроймен қызмет атқарып келеді. Сол себепті, қарапайым жұртшылық ұстаздық жұмыс өтілдері 4 ғасырдан асқан Қырашбай ұрпағын «Ұстаздар әулеті» деп атап кеткен.
Туған жер тағдырымен тұтаса өріліп кеткен тұлғаның өмір жолына тоқталудағы мақсатымыз-жасампаз қоғам орнату жолында жанкешті еңбек етіп, жүрек жалынымен ұрпақтарының тал бойына тазалықтың дәнін еге білген асыл аға туралы тағылымды тірілту еді. Ер есімі ешуақытта ұмытылмауы тиіс.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
13 қаңтар 2018 ж. 1 263 0