№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тау суының тазалығынан нәр алған

Тау суының тазалығынан нәр алған


Табиғатынан ерек жаратылған жұмбақтау тұлға-тұрпатымен пенделік болмыстан биік тұрар талант атаулыға таңғажайып тылсым құдыретті Тәңірдің өзі тарту еткен. Арғы-бергіні ақылмен аңдап, болашақты көрегендікпен болжап, сан түрлі сауалдар түйінін тарқатар, тастүнекте жол сілтеген шырағдандай жан-жағына сәуле шашқан тұма талантқа шапағатты ой-сананы, қарым-қабілет артықшылығын, дара дарынды Құдай өзі дарытпаса ерінбей еңбектенге, оқып-тоқығанға өзі келіп қонады деу қиын. Ал Құдыреттің өзі таңдап алып, кие дарытқан осындай аймаңдайлы, артық туған таланттар шоғырында жұлдызы жарық жазушымыз Тынымбай ағамыздың есімі біз үшін айрықша ыстық, айрықша қымбат. Олай болатыны, жазушының біздің жерімізде туып, бір жердің ауасын жұтып, суын ішкендігімізден ғана емес. Мұның сыры суреткердің адамзатқа ортақ тақырыпты тарқатып, пенде атаулының табиғатына тән нәзік иірімдерді тамыршыдай тап басып, санада салмақтап, ойда қорытып, сосын жүректің сөзін көк сиямен өрнектеп, оқырманына мөлдіретіп жеткізе білген шеберлігінде жатыр. Көкірегінде көзі бар кез-келгеннің жүрегін жібітіп, сезімін қозғар құнды сөз, құнарлы ақылымен тарыққанды демеген, жабыққанды жебеген пәк, періштедей пейілімен ең бір жақыныңа, жанашырыңа айналар жазушы қауымын менікі, сенікі, менің туысым, сенің туысың, біздің руымыздан, біздің ұлтымыздан деп меншіктеп жатудың өзі білімсіздік, таяздық болар еді. Жазушы – адамзаттың ортақ перзенті, сүйеніші, ары, абыройы.
Бүгінде жасы жетпісті еңсеріп, кемелдіктің шыңына көтерілген, көкірегіне түйген көрікті ойдың көмбесін көп игілігіне аманаттау үшін күн-түн еңбектеніп, көз майын тауысып, саусағы сүйел болғанша қолынан қаламсабы түспей сарылып отырып жазған том-том кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп жатқан, аудармасы жер жүзі халқының рухани қазынасының қатарын толықтырған қаламгер ағамыз туралы, оның шығармашылдығы туралы небір азуын айға білеген атақты тұлғалардың құнды ой-пікірлерін, айшықты толғам тілектерін жиып қоя тұралық та, өз топырағымыздан шыққан марқасқаны мақтаныш тұтуға толық қақысы бар жерлестерінің жүректен шыққан шынайы лебіздеріне ден қоялықшы. Солардың бірі Сейтхан Үсенбаев, ел ағасы, мамандығы мал дәрігерлік бола тұра әдебиетке жан-тәнімен жақын, жүрегі нәзік жан. Үнемі адалын айтудан айнымаған нағыз азамат. Осы кісі Тынымбай інісінің шығармашылдығына өмір бойы тілектес, мұраттас. Екеуін ағайын-туыстықтан бұрын тығыз табыстырған киелі күш-жүрек тазалығы, мүдде бірлігі.
Бірі ауылда, бірі Алматыда тұрса да қарым-қатынасы бір үзілмеген жандар. «Алматыға жолым түссе алдымен асығатыным Тынымбайдың үйі. Екеуміздің әңгімеміздің дені тек қана әдебиет төңірегінде өрбиді. Бұл бақытты сәттерімді мен өмірде ешнәрсеге теңгермеймін» дейді Сейтхан аға әңгімесінде.
Бірде өзін ауылға шығарып салмақ болған жазушымен бірге троллейбусқа келіп жайғасады. Ол кезде қазіргідей емес, Алматы көшелері кең, адамдары да жайбарақат, құмырсқадай құжынаған көлік те, кептеліс те жоқ, жайлы орын тауып, жайғасып алсаң, ары қарай екі жағаң жайлауда, қиял теңізінің тереңіне сүңгіп, маржанын теріп ала бер. Кенет жанында отырған жазушының көзәйнегінің жиегінен мөлдіреген жас тамшыларын байқады. Оның себебін вокзалға жетіп, орнына жайғасқан соң ғана жайлап сұрады. Жазушы да жасырмай, баяндап берді. Кезекті шығармасының желісін оймен өрнектеп келеді екен, бас кейіпкері 6-7 жасар баланың әжесі өліп, анасы көрші ауылдағы біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Іші елжіреп, сағынған бала еркінен тыс іздеп барады. Осы кезде сыртта ошақ басында кездестірген анасы үй жағына жалтақтап қарап, бұған пісіріп жатқан бауырсағынан бір уысын ұсына берген. Қарны аш болса да, сәби кеудесін бір жағынан ыза, бір жағынан намыс кернеген бейкүнә балақан қамқорсыған анасының қолындағысын шашып жіберіп, келген жолға түсіп, жүгіріп барады, жылап барады. Осы тұсқа келгенде жазушының өзінің де кірлігіне мөп-мөлдір жас іркілді. Кейіпкерінің қайғы-мұңын басынан өткергендей сезініп, жүрекпен жылап отырып тудыратын Тынымбай шығармаларын оқығанда тап-таза, мөп-мөлдір жас жүзімізді жуып, кейіпкердің жан-дүниесімен тұтасып кетуіміздің сыры осында екен.

* * *
Тынымбай шығармаларының дені ауыл өміріне арналған. «Түкпірдегі ауыл», «Дарияның арғы беті», «Көгілдір аспан», «Қарлығаштың ұясы» атты повесть әңгімелерінде аңқау да ақжүрек ауыл адамдарының бейнесі шынайы суреттеледі.
Жазушы шығармаларының көпшілігінде басты кейіпкер – бала. Өмірден түйген, сырлы кеудені кернеген бар ақиқатты баланың көзімен танып, сәби көкіректе қорытып, көппен бөлісудің мән-мағынасы айрықша әсерлі болатынын қай-қайсымыз да мойындасақ керек. Мәселен, «Қош бол, ата!» шығармасын алайық. Жакең ақсақалдың жалғыз ұлы – Толасбай бұдан екі жыл бұрын анасына топырақ салуға келген. Сонан кейін келіп тұрғаны осы, онда да келіншегі екеуі санаторийге жүрмекші, ұлдары – Шегенді қарияның қолына қалдырмақ. Бір ай немересін иіскеп, мауқын басқан қария баласы мен келіні демалыстан оралған күнгі суық қабақтарына, мұның ауырып жүрмін дегеніне мән бермегеніне, Шегенді қастарына алып, мұны жалғыз қалдырғанына тарығып, таусылып, кемсеңдеп жылап жатқан оны кішкентай Көктембай жұбатады.
Жалғыз ұлы Толасбайдан бір уыс топырақ бұйырмай, арманы ішінде кеткен қарияның зираты басында да кішкентай Көктембай тұр.
«Тыңдашы мені, ата... Саған бүгін кімдердің келгенін білдің бе? Толасбай, Шодыр, көкем... Көкемнің мені бүгін қалай ұрғанын көрсең. Ата, мен оларды жек көремін. Бәрін де. Шодыр өз тайқарымды өзіме бермейді, зорлықшыл. Мен әлі үлкейгенде оған көрсетемін.
Ата, Толасбайдың күмбездеп үй соғу керек дегенін естідің бе? Керегі жоқ. Керегі жоқ күмбездеген үйінің... Мына өзіңнің жұп-жұмсақ, таза топырағың-ақ жетеді... Шодыр сені жақсы адам деп әшейін мақтады. Бос сөз. Көкем өтірік жылады. Мен көріп тұрдым. Көзіне бір түйір де жас алған жоқ. Ата олар сені алдайды...»
Жалған дүниедегі жарамсақ жандардың бая-шая тіршілігіне жазушы Көктембайдың көзімен осылай баға береді.

* * *
Жазушының қай туындысын алып қарасаңыз да адам мен табиғат үндес, тағдырлас, тамырлас. Бұл – өмірдің заңы. Бірақ олардың бір-бірін қиянатқа қиып кететін тұстары көп. Бұл туралы «Жер иісі» романында сипатталған. 1970-80 жылдардағы Сыр өңіріндегі күріш өсіру мәселесіндегі кесіп-пішілген қаулы қарарлардың келеңсіз көріністері кіндігін жермен байланыстырған еңбек адамдарына ауыр соққы болады. Романда күрішші Ким Сергей туралы терең суреттеледі. «Күрішті күту арқылы еркелету керек. Оны сумен емес, әуелі мейіріммен суару абзал»,-дейтін ол.
Өлер алдында Қоңыр мен Мыңбай екеуі барып көңілін сұрағанда шал өзі әзер қиналып жатып-ақ күріш жайын сұрады. «Кеселім күріштен болған соң күрішті сыбап, балағаттап жатқан шығар»,-деп ойлар кейбіреулер Бақыт тапқан жерден дерт табуың жазмыштың ісі. Өкпем жоқ күрішке. Сенсеңдер мен оған жете алмай жатырмын. Күріш көктеді дегенді естіп, көз алдыма қиялмен елестетіп жатырмын күріш көгін. Мына Петроға көлік тауып, мені күрішке бір апар, көз суарып қайтайын, күріштің биылғы көгін де көріп армансыз кетейін бұл дүниеден десем, қайдағы жоқты айтасыз деп күңкілдейді.
Мұсылмандар қарызынан құтылу үшін ата-анасын Меккеге дейін жаяу арқаламақ болса, сен күріштікке дейін ғана. Ол мен үшін Меккеден де артық... деймін балама».
Міне, тағдыры жермен, дәнмен тағдырлас корей шалының жан сыры.

* * *
Табиғат пен адам жаны үйлесімдік таппаған жерде тіршілік тынысының демі тарылып, ақыры нәубетке барып ұласарын, ой жіберіп аңдап қарағанға ап-анық ел тағдырымен суреттейді автор. «Шал, мая және жел» атты шығармасында мәңгі бітпес майданда тіршілік иелерінің бір-біріне бітпес дау тауып, ағайыннан жау тауып, тәңірдің өлшеп берген өмірін қияметтің қыл көпіріне айналдырып жіберу сайтан араласса тіпті де қиын емесін шағын ауылдағы қасіретті көріністер арқылы шебер суреттейді.
Елдегі колхоздастыру кезеңі. Қолдағы барын ортаға салып, шықпа жаныммен күн көріп отырған момын да аңқау елдің басына қамшы үйіріп, қайғысын қалыңдатқан Көпірбай сынды шолақ белсенділердің қиянаты, бір атадан туғанын ұмытып, бауырын сатып жіберуге дайын алакөз пиғыл, арам ойлылардың қаруын сайлап шығуы көкірегінде иманы бар, құдайына қараған қарапайым шаруа адамдарының жігерін құм етіп, тірідей жерге көмсе де қарсы қылар қайран таппай қайраңда қалған қайықтай қалтаңдап күн кешкен күйлеріне жаның ауырады. Құрышжанның қолындағы жалғыз маяны ботасынан тірідей айырып, иесімен бірге колхоз жұмысына жегіп, қамшы үйіріп ертелі кеш бел жаздырмаған белсенділердің ызасынан ажалына асыққан ақыл иесі-адам мен ойсылқара тұқымының ортақ қасіретін баяндау арқылы шынжырбалақты саясаттың шындығын көз алдыңа әкеледі. Саясаттың сойқаны дегенімізбен соның астарында адамдардың бір-біріне деген тасбауырлығы, күншілдігі, іштарлық сынды сұм әрекеттер бұғып жатқанын аңғарасың. Өз маясын сойғаны үшін басы бітпес дауға қалып, ақырында итжеккенге аударуға ісі сотқа өткен Құрышжанды қорғап, әділдігін айтар бір жанның табылмауына, бір атадан туғанның жатқа айналып, әкіреңдеген әпербақандығына іштей ызаң келіп, аяныштан жүрегің қақ тілінеді.
«Шал оң қолының күректей алақанымен басын, маңдайын сипады. Мына сиқы әлі де еш нәресеге түсінбей, дел-сал отырған жанның тығырыққа тірелуі...
Сырттағы толассыз соқ-қан желдің сарыны үй-ішіне де жетіп тұрды. Осы сарын бөстек үстінде неше түрлі қиялға батып жатқан Құрышжанға маясының үніне соншалық ұқсас болып естілген-ді. «Өз малын сойғаны үшін де кісіні осыншалық жазғырады екен-ау? Жазғыру деймін, жазалап тұрғанда... және қандай жаза? Үй-орман, бала-шағаңнан, туған жерің-нен біржола кетуің керек. О, тоб-ба-а. Іс осынша насырға шабады деп кім ойлаған?»
Бұл өткенннің қасіреті. Бүгін ше?
Тойса тобасынан жаңы-латын, көзіңе күліп қарап, басыңа іс түссе сырт айналар тоңмойын екіжүзділіктен әлі де арылып біткен жоқпыз, құдай қапыда қалдырмасын, жаза басып, жалалы болсаң ақиқатын айтып, араша түсер адалың бүгінгі заманда да қат-ау деген қайырымсыз ойды қиялыңнан қуып шығара алмау қандай қиын.

***
Мына өмірде жұмыр басты пенденің санасын сарсылтқан сан түрлі сауалдарына салмақты жауапты жаймашуақ күйде қарапайым кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы әдемі кестелеген сөз зергерінің кесек туындыларын оқи отырып, қарынның қырық қатпарындай қат-қабат адам мінез-құлқының терең қалтарыстарын танығандай боласың, соның бәрін зерек зейінмен зерделеп, сырлы сурет, астарлы әзіл, сәтті құрылған сөз тіркестерімен жеткізе алған суреткердің табиғи талантына еріксіз тәнті боласың. «Мешкей, «Күнді жек көру», «Бір ауылдың серісі» деген шығармаларына оқырманның берер шынайы бағасы осындай.

* * *
Жазушының парасат-пайымының қоғам тынысынан көш озық тұрары, жүйедегі өзгерістерді өзінше өлшеп-пішіп, өрелі ой түйіп, болашақтың барометрі сынды байыпты көзқарасын көркем әдебиет арқылы әлем назарына ұсына білу бақытын мол ізденіс, жансебіл еңбекпен келетін кемелділікке теңеуге болады. Қаламгердің «? Жауап» деген шығармасын оқыған кім-кім де нарықтық қоғамның алғашқы кезеңінде көпшілікті тығырыққа тіреген қаптаған қалың сұрақтар түйінінің түйіткілін жазып, жілік майын шағып берген жазушының көңіл көкжиегіне шын сүйсініп, талантына тәу етері анық.
Кешегі Ұлы Отан соғысының қанды қырғынын бастан кешкен, одан соң да тағдырдың тәлкегіне ұшырап, толарсақтан саз кешіп, кемел жасқа келген соң да кеңшіліктің дәмін тата алмай, тарығып жүрген Алдаберген ақсақал әкімшіліктің жолдамасымен Алматы санаторйіне байырғы совхоз директоры Биғазы екеуі аттанады ғой. Сонда бұл екеуін Биғазының бір бай жолдасы қонаққа шақырады. Автоматпен қаруланған күзеті бар үйдің екі қабатын аралатып, астамсыған үй иесінің осының барлығына отыздан жаңа асқан баласының арқасында қол жеткізген мақтан әңгімелеріне құлақтары сарсылып, мол дастарханнан дәм ауыз тиіп, шаршап-шалдығып арзанқол демалыс бөлмелеріне оралған қос қарияның әңгімесіне құлақ түрелік.
«Халыққа, мемлекеттің мүлкіне адал боламыз дедік. Есіңізде ме, Биеке, 77-жылы бір отар қойымыз көлден су ішеміз деп шұбырғанда, мұз ойылып кетіп, бір жүз отыз жеті қойдың мұз астына кеткені. Сонда берісі ауылдың, әрісі облыстың бюросында мен естімеген сөз қалды ма? Сотталып та кете жаздадым емес пе! Әйтеуір, инфаркт алып, ауруханаға түскен соң ғана жұмсардыңыздар ғой. Ал мына мұрынбоқ баланың істеп отырғаны не? Биеке-ау, бұл бір жүз отыз жеті қой емес қой, мың қой ғой! Әлде екі мың ба екен? Бұған неге үндемейді? Ол мұрынбоғыңыз енді ... тіпті миллион қойыңызды түгел мұз астына батырып жіберу үшін әрекеттеніп жүрмегеніне кім кепіл? Оған тағы да әрқайсысы миллион қойды құртпақ болып жүрген мұрынбоқтарды қосыңыз. Сосын бұл ел қайдан байысын? Бұл елдің халқының қарны қайдан тойсын?
Биеке, Құдай үшін айтыңызшы. Біз Естенбай екеуіміз орден-медальдарымызды бір ешкіге алатын кісі іздеп жүргенімізде, отыз бір-отыз екідегі бір мұрынбоқ баланың әке-шешесін алтынмен аптап, күміспен қапталған үйде ... ақшасын неге шашарын білмей отыр. Сонда біздің жазығымыз не? Оның өтіп кеткені не?
Сұрақ осы. Жауабы.... Сіз не деп жауап берер едіңіз, құрметті оқырман. Қапелімде жауап таппай, таба алмай қиналып отырсыз-ау. Онда Тынымбайдың «Жауап» деген туындысын бастан-аяқ оқып-шығыңыз. Сонда өзіміздің, қоғамның қайда қадам басып бара жатқанымызды шамалауыңызға болатын шығар.

* * *
Тынымбай ағаның бүкіл шығармасына бір мақалада шолу жасау мүмкін емес. Бірақ әңгімеміздің түйінін жазушы бақытына әкеліп тіресек дейміз. Өйткені оқырманы көп жазушы – ең бақытты жазушы.
Атамекеннен алыста ғұмыр кешіп жатса да ізгілікке толы жүрегімен туған жер адамдарының тағдырына алаң болып жүретін қаламгер аға елге әр келген сапарында сый-құрмет дәметіп, алдын-ала хабар салған жан емес. Алпысын да атап өтпеді. Жетпіске де жел бітірейін деген жоспары жоқ-ты. Жақында елден әкім баласы Руслан Рүстемов телефон соқты. Жас та болса жауһар шығармалары жер дүниені шарлаған қадірлі ағасының алдынан өтіп, ел-жұрты болып мерейін өсіруді парыз санаған саңлақ азамат руханиятқа жақын үлкен жүректігін тағы бір танытты. Іні бойындағы осынау қасиетті жазбай таныған қаламгер бұл қолқаны құп алды. Ағалық мейірімін «айналайын» деген елжіреумен білдірді. Жаны ізгі жазушы ағаның талабы таудай жас әкімге бейілді ризашылығын осынау «айналайын» деген асыл сөзден артық ешнәрсе жеткізе алмас еді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
12 қаңтар 2018 ж. 1 546 0