№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Адам ақшаға емес, ақша адамға қызмет етуі керек

Адам ақшаға емес, ақша адамға қызмет етуі керек


Өздерімен қатар жүрген қарапайым азамат Мараттың кім екеніне кеше көптің бірі болып жүрген кезінде емес, кәсібі аяғынан қаз тұрып, қалтасына артық ақша біткен кезде анық көздері жеткен жолдастары оны «Атымтай жомарт» деп әспеттей бастаған. «Досыңның қандай екенін білгің келсе оның қарамағында жұмыс істе немесе байыған кезінде сына» деген тәмсіл бар. Тәйірі, қалтаға артық ақша біткен сайын тарыла түсетін пендешіліктің осал тұсы бар ғой, сол дертті дендетпей, дүниенің құлы емес, адамның ұлы болып, еңсені биік ұстап жүру де-кісілік. Ағаштан түйін түйген ұсталығы өз алдына, кәсіптен тапқан нәсібін көппен бөлісіп, қиналғанның жәрдеміне жарауды міндеті санайтын ақпейіл мінезінен танбай келе жатқан Балтабайұлы Мараттың есімі бүгінде көпке танымал. Артық сөзге жоқ, мақтану дегенді тіпті де қаламайтын ұяң мінезді жігіт ағасын тағдыры да еркелете қоймапты. Сол себепті әр сөзімізді жұптап, жүрекке ем болар жұбату таппай қиналғанымыз да рас.

-«Жұмабай» жиһаз жасау орталығының жұмысын бастағанына 15 жылдан асыпты. Не түйдіңіз? Нендей мақсаттарыңыз бар?
-Менің пікірімше, кәсіп пен оның егесін екі бөліп қарауға болмайды. Екеуі біртұтас дүние. Мәселен, ұстаз қай жерде ұлағатын жайып жүрсе, дәрігер емдік ескертпелерін айтудан жалықпайды. Мәселен, мен өзім маманы болғандықтан байқағанымды айтпасқа әддім жоқ, мына орындықтарыңыздың босап тұрғанын ескертіп қояйын. Сынып қалғасын жөндегеннен гөрі қазір қолға алып оңдап қойса сапалы жөнделеді әрі ұзаққа кетеді.
-Бұл есте болатын нәрсе екен. Басты сауалымызға көшейік. Кәсіпті алғашында ұлыңыз Руслан екеуіңіз бастадыңыз. Осы қасиеттің негізі қайда жатыр деп ойлайсыз?
-Бала кезімде еңбек пәні мұғалімінің тапсырмасын орындауыма әкем өзі көмектесетін. Әкем басқа саланың адамы болғанымен ел ішіндегі ұсталығымен де аты шыққан. Осы өнерін балаларына да үйретті. Өзім аудан орталығындағы №17 кәсіптік-техникалық училищені оқып бітірген соң Кеңес армиясы қатарында әскери борышымды өтедім. Елге келген соң аудандық байланыс саласында еңбек еттім. Кейін вахталық қызметте болдым. 15 күн жұмыс істеп, он бес күн демалысымда ұсталықпен айналыстым. Ал 2002 жылдан бастап үлкен ұлым Руслан екеуміз орталықтан шеберхана ашып, осы кәсіпке біржолата ден қойдық.
-Шәкірттеріңіз бар ма?
-Шәкірттерім бар. Солардың бірі-өз ұлым Руслан еді. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, кәсіптің қыр-сырын меңгеріп алған ұлым өзіме кеңес беріп, мебель жасаудың жаңаша үлгісін ұсынып отыратын. Ол менің жеке басы жағдайыма да қатты көңіл бөлуші еді. Он бес күндік жұмыстан келген соң қолыма балға ұстатпай, демалыңыз деп қармақ, қайығымды қамдап балық аулауға жіберетін. Мен оның емес, ол менің әкем сынды қамқоршым болды. Аяулы ұлымның ендігі жерде тек жүрегімде өмір сүретіні өкініш...
-Бір жылда ата-ана, сүйікті перзент, туған бауырыңыздан қатар айрылған қасіреттің салмағын қайыспай көтере білу үшін де терең ақыл, сары алтын сабыр серік. Жаратқан Ие періштелеріне: сондай құлымның жағдайын білдіңдер ме?-дегенде, «Білдік, ол басқа түскенге сабыр етіп, шүкіршілігінен танбады» десе, онда ол құлыма жәннаттан алтын сарай соғыңдар, оның аты Һаид (шүкіршілік) үйі деп аталсын» деген ғой. Осының бәрін түйсікпен түйіп, тәуекел ету үшін де имани біліммен суғарылған сабырлылық қажет. Дінге қашан бет бұрдыңыз?
-Біз Кеңес тәрбиесін алдық. Қайта біздің көзімізді ашқан осы перзенттеріміз. Мешітке жетелеп, жиын-тойларымызды ішімдіксіз өткізуді өтініп шыр-пыры шығатын жастарымыздың һақты тануы әлдеқайда тереңде жатыр. Қатарымызды түзеп, қалған уақытымызда тазалығымыздан танбай, тура жолды ұстансақ ұтылмасымыз кәміл.
-Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
-Кәсібімізді одан әрі өркендетсек деймін. Ұлымның жолдастары-Қыдыр, Жұмаділла, Ержан, Айдар сынды жігіттерімнің қабілет-қарымына қарап, келешектерінен үлкен үміт күтемін. Орталықтың жұмысын үйлестіріп есебін жүргізіп отырған қарындасым Салтанаттың еңбекқорлығына қуанамын. Жарым Тәттігүл төрт перзентімнің бағым-күтімін келістіріп отырған нағыз қазақтың келіні. Есігіміздің алдынан дүкен үйі құрылысын салып бітірдім. Азық-түлік, тұрмыстық бұйымдар сатсақ па деген жоспарымыз бар.
-Тегінде бойында қандай да бір талант ұшқыны бар адамның жасаған тамағы да тәтті болады дейді. Келісесіз бе?
-Рас шығар. Анда-санда қонақ келгенде палауды өзім пісіремін. Бәрі мақтап жатады.
-Сізді айналаңыз «Атымтай жомарт» атайды екен. Мұндай мырзалыққа табыс көзі бірнеше жерден құйылып тұрған бай қалталылардың өзі бара бермейді. Соған қарағанда жомарттық та құдыреттің ілуде бір қалағанына ғана тарту ететін тосын сыйы болса керек. Өмірде нені ұлық тұтасыз?
-Достықты. Бауырға көмектескенді. Қолымда артық қаражатым болса қысылғанға қарасқанды дұрыс көремін. Үйімнің бір бөлмесі қашанда қонаққа арналған. Әрлі-берлі өткен кім болсын ас-су ішіп, демалып, алғысын айтса ол да қуаныш. Өйткені ол үйге өзіміз де қонақпыз...
-Замандастарыңызға нендей кеңес берер едіңіз?
-Еңбектен қашпау керек дер едім. Өз өмірімнен түйгенім, құлдай болып қимылдап, бидей болып өмір сүруге болады. Ақшаны тауып қою аз, оны игілікке икемдеп, жақсылыққа жаратудың да жөн жобасы бар. Сауап жолынна жұмсаған тиын болсын берекесімен қайтады.
-Тағлымды әңгімеңізге көп рахмет.

Әңгімелескен Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ.
12 қаңтар 2018 ж. 2 096 0