№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕЛДІҢ ИЕСІН, ЖЕРДІҢ КИЕСІН ҚАДІРЛЕЙІК

ЕЛДІҢ ИЕСІН, ЖЕРДІҢ КИЕСІН ҚАДІРЛЕЙІК


Қаратаудың етегін жайлаған еңселі елдің ертеңі бүгіннің болмыс-бітімінің заңды жалғасы екені даусыз. Әр ұрпақ – өз дәуірінің қожасы.Өз заманының шежірешісі. Таңбалы тастарда қашалған қадау-қадау тарихтан ата-бабамыздың асыл аманатынан сыр аңдасақ келер буын жиырма бірінші ғасырдың «заманауи» дейтін ажар кейпін біз қалдырған құндылықтардан танып білері хақ. Әрбір ұрпақтың алтын арқау, асыл арман, мәдени мұралары оның асқан асу, жүрген жол, бел-белес, қырат, төбе, жер мен су аттарында алғы заманға арна тарта берері ақиқат.
Қазір қасиетті мекенге айналған Жаңақорғанның құм басып, төбе болған бағзы заманғы көне орындары талай шежірелі сырларды бауырына бүгіп жатыр. Сонда-дағы сол орындардың ел аузында сақталған тарихи атауларына қарап, қадір-қасиетіне қанық боласың. Мәселен, Қаратаудағы «Қатынқамал» үңгірін алайық. Жоңғарлармен шапқыншылықта Ақүйік өзені бойында Қаратаудың ұшар басында осы үңгірге қырық қыз-келіншек паналап жаудан аман қалған. «Қатынқамал» атауы содан қалған.
Азат елдің аясында ажарын күн сүйген жаңақорғандықтар жарқын шежіресін жазуға кірісті. Қаратаудың етегінде қала құрылысы қанат жайып, жаңа көшелер қатар түзеді. Бізді толғандыратыны, сол көшелердің атауы.
Кім жүрмеген жол мынау. Ағыл-тегіл шағынар шын арман тілегімізді басқа жерде емес, кім жүрмеген мына жолдың үстінде ақжарылқап ақтарғанда Құдіреттің құлағына жеткізгендей жан-дүниеміз айнадай тазарып, көңілімізге дала сыйып кетердей кеңіп сала беретіні қалай? Адалын айтып, ант-су ішкенде де «жол үстінде тұрмын ғой» деп қара жерді куәға тартып, аза бойды қаза қылар әдетіміз тағы бар. Мыңдардың ізі қалған табан жолдарымыздың бойымызға сіңіп, қан тамырларымызға тараған киесінің белгісі бұл. Көкірегінде көзі бар перзентінің кеудесіне көзге көрінбейтін мөлдір сағыныш болып орнығып, қайда жүрсе де туған жерге магниттей тартып тұратын осы құдіретті сезім.
Елбасының кешегі халыққа жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жүрекжарды мақаласында «Туған жерге тағзым» туралы арнайы тарау бар. Өйткені, тәрбиенің тұнығы туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады.Туған жер алдындағы перзенттік жауапкершілігін сезінген тұлға – келешегі кемел мемлекетіміздің тұтқасын ұстайтын да солар. Дана қазекем мұны «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.
Тереңіне ой жіберіп қарағанға, тарихи тіні үзілмеген Жаңақорған, Сығанақ, Өзгент, Аққорған, Төменарық, тағы да басқа осындай атаулар жүрегімізге қандай ыстық, қандай қымбат.
Бір қынжыларлығы, осындай қымбат құндылықтарымыз сананы нарық билеген қоғамда саудаға түсіп, саяз түсініктің қолжаулығына айналып бара жатқаны. Көше, жер-су атауларындағы ағаттығымызды осының қатарына қосуға болады. Кент және елді мекендерде жаңа бой көтерген көшелерге елге еңбегі сіңген кісілердің есімі беріліп жатады. Бұл елге кімнің еңбегі сіңбеді? Кешегідей қиын кезеңдері қыруар міндетті қыл мойнына жүктеп, замана жауапкершілігін арқалаған бар азаматты қаһарман деуге болады. Көше атын алуға бұл аз, ұрпағыңның қалтасының қалыңдығы,абырой-беделінің алымдығы қажет болып тұр. Осы жерде ой келеді, ата-баба атын сөндірмей,алға оздыратын есті ұрпақтың бары да жақсы.Шын тектінің тұяғы екенсің әке өнегесін өрбітіп, тағылым жолдарын қайта тірілт, жете алмай кеткен арман мұратын ары қарай жалғап, елге таныт. Жақсы перзентке қойылатын талап осы. Шын құрметті халық өзі береді.Шығар төріңді әділ тарих өзі таразылайды.
Біз қандаймыз? Елдің ортақ меншігіне тегімізді тықпалап, атамыздың, әкеміздің атын қолдан асқақтатуды атан жарысқа айналдырып алдық. Апыр-ау, сонда заң-зәкүн, Ереже дегендерді де аттап өтетін болғанбыз ба? Бұдан бірнеше жыл бұрын ономастикалық комиссияның қарауына (ол кезде комиссия төрағасы аудан әкімі орынбасары Б.Ибрагимов) «Құрметті азамат» атағына ұсынылған аты дардай бір ағамыздың өмірдерегіндегі жетістігінің Ереже шартына бір ғана нұсқасы сай келмегендіктен құжаты кері қайтарылғанын көз көрді. Бұған бірі ренжіп, бірі кешірім сұрап жатпады. Талап сақталған жерде ешкім ақталмайды. Бүгін сол заң, сол ережелердің барлығы өзгеріп кетті ме, жоқ өзіміз қолдан майыстырып, қалаған жағымызға бұрып алуға машықтанып алдық па, ономастика дегеннің аты бар да, беделі қалмады.Құрамындағы бірді-екілі мүшелерінің жоғарыдағыдай талапқа араша болған азаматтық үні көптің көнтерілі көзқарасының көлеңкесінде еленбей қалып жүр. Соның нәтижесі, ауылдық жерлерде ономастикалық комиссияның шешімін күтпей-ақ көздеген көшелерін өздерінше меншіктеп, тас төсеп, ас беріп жататын ағайынның қатары көбейді.
Көшелеріміз көптеп қанат жайып, көркіміздің артқаны – әлеуметтік әл-ахуалымыздың жарқын көрінісі. Тек бір нәрсені ұмытпайық. Біздің ұрпақтың ғана маңдайына жазылған ата-баба арманы-Тәуелсіздіктің бағасын алдымен өзіміз ұлықтап, өзіміз асқақтатуымыз керек.
Тәуелсіздік – тағдыр тартуы. Осы жолда халқымыз қаншама қантөгісті, қауіп-қатерді бастан өткерді. Бір тұрды, бір сүрінді, бір жығылды. Қазақ хандығы құрылған тарихи күннен бастап, Егемендігін алған бүгінгі күнге дейін еңіреген елге еге болып, еңсесінің тіктелуіне семсер сөзімен де, ақыл көзімен де, білек күшімен де, батыл ісімен де тірек болған Бұхар жыраудан Мұхтарға дейін, Керей мен Жәнібектен Нұрағаңа дейін, Кенесарыдан Бауыржанға дейін қаншама дәуір тудырған тұлғалар бар тарихымызда. Халқының жарқын болашағы жолында жалын ғұмырларын қиған Алаш арыстарының орны өз алдына бір төбе. Көшеге ат беру мәселесінде біз осы құндылықтарды неге аттап өтеміз?
Тарих – кешегінің ғана мұрасы емес, бүгіннің бағдаршамы, ертеңнің де ескірмес тәбәрігі емес пе?
Сайып келгенде, көшеге ас беру жайы санаға келіп тірелетін саяси да, рухани да маңызы зор мәселе. Тарихи қатпары қалың Қаратаудың етегін жайлаған жаңақорғандықтар да бұл бағытта жаңаша мазмұн қалыптастырғаны мақұл.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
04 қаңтар 2018 ж. 1 765 0