№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Дарақ бір жерде, журналист жүз жерде көгереді

Дарақ бір жерде, журналист жүз жерде көгереді

"Жаңақорған тынысы" газетін қиын кезде қолға алып, іскерлік қабілеті, ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында тығырықтан шығарып, нарыққа бейімделуінде еңбек сіңірген Алмас Бекжігітов ағамыз 70 жастың асқарына шықты. Ардагер қаламгерді төл мерекемен және мерейлі жасымен құттықтап, "Сенбілік сұхбаттың" нысанасына алдық.
– Аға, 70 жасқа келуіңізбен 7 мың оқырманның атынан шын жүректен құттықтаймын!
– Рақмет!
– Сіз газеттің тізгінің ұстаған уақыттың өзіндік қиындықтары болды. Әңгімені содан бас­та­сыңыз...
– 1998 жылы газетке келдім. Бұл кезде Қазақстан нарықтық экономика ға бейімделіп, редакция мен баспахана бірікті. Сөйтіп, баспа кәсіпорыны болып құрылды. 2000 жылы «Қазполиграфия» АҚ аудандық газет редакциясы отырған ғимаратты меншігі екенін мәлімдеді. Сөйтіп редакция ғимаратсыз қалды. Бұдан бөлек, баспахана өндірісінде де қиындықтар болды. Яғни ескі қорғасынмен газет шығартуды тоқтатып, оны жаңаша шығаруды қолға алу керек болды. Күн тәртібінде газеттің тиражын арттыру, журналистердің жалақысын тұрақты беру және т.б тұрды. Мұндай қиындықтарды жеңу оңай болмады.
2000 жылдың сәуір айынан бастап «Жаңақорған тынысы» газеті жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жұмысын бастап, қайта даму жолына түсті. Газетке халықты тек нақты ақшаға жаздырудың қиындығын ескеріп, ауылшаруашылық өнімдерімен (күріш, мақсары, бидай мен қауын-қарбыз және т.б) жаздыруды қолға алды. Бұл тәсіл өз нәтижесін беріп, таралым саны арта бастады. Халықтан жиналған ауылшаруашылық өнімдері өңделіп, қайта сатылып, сатудан түскен қаржыға газет шығарылып, журналистер мен баспагерлерге жалақы төленді. Халықты бұлайша газетке жазылуды ұйымдастыру тәжірибесі 2009 жылдарға дейін қолдандық. Газет 2000-2006 жылдары аудандық электр желілерін тарату мекемесінде, кент әкімдігінің ғимараттарында жұмысын жүргізді. Сол кезеңде газетті офсеттік жобада шығара бастады. Газет жаңа технологияға көшіп, Түркістан, Шымкент, Тараз және Қызылорда қаласының баспаханасында бастырылды. 2002 жылы үнемдеген қаржы есебінен Чехословакияның «Ромайор-313» офсеттік баспа машинасы алынды. Компьютерлер газет өндірісіне қосылды. Аудан әкімі Нәжімадин Мұсабаевтың (сол кездегі әкім) қолдауымен 2003 жылы аудандық газеттің 70 жылдығы мерейтойын жоғарғы деңгейде атап өттік.
2005-2006 жылдары жаңадан редакция ғимараты бой көтерді. Газет 1999 жылы баспаханадан бөлінгенде 4,5 млн. теңге қарызбен шықса, 2009 жылы 2,4 млн. теңге пайдамен жылды аяқтады. 2008 жылы А-2 форматты «Громкий УК – 9600» баспа машинасына қол жеткіздік. Газет 2012 жылдың қазан айынан бастап А-2 форматымен, ал 2013 жылдың қараша айынан бастап облыс көлемінде аудандар арасында бірінші түрлі-түсті болып шыға бастады.
Әрине, мұның бәрін өзім ғана атқардым деуге болмас. Сол кез­дегі газеттегі журналистер дем берді, қолдады. Оның ішінде, ұйым­дастыру жұмыстарында Ерубай Қалдыбекұлының еңбегін айту керек. Сондай-ақ, газет өндірісінде марқұм Құдайберген Ертасов, Оразалы Мұсабеков, бүгінде табысты еңбек етіп жүрген Баян Үсейінова және т.б әріптестердің еңбегін жоғары бағалаймын.
– Әркім журналистика саласына әр түрлі келеді. Сіз қалай келдіңіз? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Шынымды айтсам менің бала кездегі арманым – тілші болу болатын. Бірақ сол мақсатқа жету жолында көп іс атқару керек болды. Совет қызметінде 20 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Кешегі тоқырау тұста елмен бірге болып, ауыл шаруасын ширатуға тамшы тер төктім. Бірақ бала арман адастырмады, 1998 жылдан бастап 17 жыл бір ауданның газетіне редакторлық еттім. Оған еш өкінбеймін. Бірнеше жыл «Ардагер мерейі» газетіне жетекшілік еттім. Қазір барлығын жастарға тапсырдым.
– Сізді замандастарыңыз, ізіңіз­ден ерген інілеріңіз іскер азамат ретінде таниды. Қандай салаларда жүкті көтере білдіңіз?
– Қай саладан бастайын. Жалпы еңбек жолымды құрылыс саласынан бастадым. Қазіргі аграрлық-техникалық колледж, №51 М.Қаратаев атындағы мектеп пен Ы.Алтынсариндегі тұрғын үй құрылысының сапалы жүргізілуіне қызмет жасадық. Уақыт өте келе басшылық тарапынан түрлі ұсыныстар келе бастады. 1984 жылы аудандық партия комитетінің шешімімен Қаратөбе ауылдық округіне әкім болып тағайындалдым. 9 жылдан кейін Бірлік ауылының әкімі, одан кейін жабылудың сәл-ақ алдында тұрған газетке келдім. Зейнетке шығып, бүгінде ел арасында үлкенді-кішілі жиындарда төбе көрсетіп келемін. Менің қызметтік жолым осылай өрілді. Іскерлігім қай салада жүрсем де соңымнан жақсы сөз қалатындай адал еңбек етуге тырыстым. Маған мансап немесе байлық маңызды болмады. Маған қария болғанда, қазынаға теңейтін қасиет қалдыру маңызды болды. Міне мені осы жол адастырмады, оған сенімдімін.
– 15 жылдай қос ауылға әкім болдыңыз. Осы жылдары сіз елге не бердіңіз? Әкім болып біреуге тізеңіз батқан тұсыңыз болды ма?
– Жоқ, мен көбіне ойды саралап, салмақты таразыладым. Қаратөбеге келгенімде ауылда кооператив жұмысын жұмылдыру, ет, сүт жинау бағытын кеңейту міндеті тұрды. Жас болдық, іске білек сыбана кірістік. Мал шаруашылығын дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Маңдай тер, еткен еңбек ақталып, қарапайым шаруа адамдары марапат биігінен көрініп, шынайы бағасын алды. Ибадулла Ысқақов есімді азаматтың жары Раушан сүт өткізу бағытындағы еңбегі үшін облыстан темір тұлпар мінді. Міне осындай жұмыстар жүргізілді, ауылдағы жолдар жөнделді, ауыз су мен аяқ су, егін шаруасы ширай түсті.
1993 жылы Ақүйікке әкім болып ауыстым. Ол кезде совхозды тарату жұмысы басталып, жекешелендіруге көшті. Халық көп пайдаланатын дүниелерді, ауыз су, көшелер, базаршық, тоғандарды жекеге өткізбей заңдылық деңгейінде әкімдік есебіне алып қалдым. Мұның бәрі ел игілігі үшін жасалған еді. 1998 жылы өз салам бойынша «Жаңақорған тынысына» келдім.
– Нарықтың қатал заңын­да аудандық газеттің тұралаған жағдайын түзеуге табан­дылық­пен тер төгіп, озық ұйым­дас­тырушылық қабілетіңіз арқа­сында облыста алғаш болып жаңа жүйедегі офсеттік басылымға көшіп, өзге әріптестеріне бағыт-бағ­дар берген де сіз басқарған ұжым еді.
– Ол кезде барлық салада оңтайландыру саясаты жүргізіліп, газеттің де басына қара бұлт үйіріліп тұрған кез еді. Мекеменің айлық жалақының өзіне бес миллиондай қарызы қалыптасыпты. Жағдайды оңалтудың экономикалық бағыт-бағдарын түзу қажет болды. Редакцияның жеке ғимараты мәселесін шешу үшін көптің көмегімен 7 млн 600 мың теңгеге қызмет үйін салып алдық. Газет таралымын 5 мыңға жеткіздік. Облыста бірінші болып линотиптен қол үзіп, офсеттік басылымға көштік. А-3, одан соң А-2 форматты «Ромоер» машинасын сатып алдық. Газет түрлі-түсті болып шыға бастады. Мазмұндық деңгейінде үлкен бетбұрысқа бағыт алдық. Осының барлығы ұжымның бір мақсатқа жұдырықтай жұмылған ауызбіршілігінің арқасы еді.
Мемлекетке алақан жаймасақ та, дос-жаран, қалталы азаматтар көп көмек көрсетті. Айлық жоқ болатын, оның орнына күріш және басқа да азық-түлік алатынбыз. Не керек, уақыт өте келе тәуекелге бел буып, газеттен басқа да кәсіпкерлікпен айналысып тұрмысымыз түзелді. Бір сөзбен айтқанда, қаржылай қиындықтан құтылып, қызметкерлердің айлығы көтерілді. Біз шынайы еңбекті бағалай білдік...
– Газет қашан да қоғамның қозғаушы күші. Сын түзелмей мін түзелмейді, демекші әкімдікке қозғау салған сәт болды ма?
– Газет тек қоғамның қозғаушы күші ғана емес, ол ауданның айнасы. Халықтың тілегін жеткізіп, қуанышын бөлісуші. Сондықтан сыни мақалалар болды, көмір тапшылығы, ауыз су мәселесі көп көтерілді. Реніш те, өкпе де болды. Бірақ ешқандай ескертпе, сөгіс алған емеспін. Көптің тілеуі ме, марапат биігінен көрініп, ұжыммен мақтанып жүрдім. Осы жасқа келгенше ауданның «Құрметті азаматы», Қазақстан журналистер Одағының құрметіне бөлендім.
– Бүгінгі газеттің бейнесі туралы не айта аласыз?
– Жоғары баға берер едім. Дизайнерлік келбеті, мақалалардың сапалы дайындалуы, тың тақырыптар, рухани мақалалар көбірек беріледі. Жастардың келуі жаңа бағыт ала келгендей. Әлі де ізденіс керек, қазір облыстық деңгейдегі басылым, келешекте республикалық деңгейге жетуге болады. Тек еңбектенуді тоқтатпау керек.
– 70 жасқа келген кезіңізде өмір­ден түйгеніңіз бен көргеніңізді саралап берсеңіз.
– Өмірден көп нәрсе түйдім. Ең бастысы адалдық, шынайылық қасиетін бәрінен жоғары қою керек. Пайданы емес, абыройды, қаржыны емес, адами қасиетті ойлаған жөн. Өйткені ертең ел есінде адами болмысыңмен қалуың үшін. Ең бастысы иманды ұрпақ өсіріп, саналы шәкірт тәрбиелегеннен асқан бақыт жоқ. Шүкір, ұлдарым үйлі-жайлы болып, немере сүйіп отырған бақытты атамын. Көргенім де аз емес, бірақ өмірде ақ пен қара қатар жүреді дегенді мойындадым.
– Қазіргі жастарға не айтуға болады?
– Журналистика – қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші. Қалың халық пен асалы билік арасындағы алтын арқау. Сондықтан бұл салаға екінің бірі келе бермейді. Келген күнде оның қадір-қасиетін тереңнен ұғынуға тиістіміз. Сонда ғана сізден жоғары деңгейдегі маман иесі шығады.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

27 маусым 2020 ж. 575 0