№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Баспахана саласын ширек ғасыр басқарған Қазақбай Әлібеков

Баспахана саласын ширек ғасыр басқарған Қазақбай Әлібеков

   Газет өндірісі журналистердің шығармашылық жұмысымен ғана құрылмайды, баспагерлердің тынымсыз еңбегімен мәні артады. Оларды «баспаның жүрдек торысы» деп атаса да жарасады. Осы аудандық баспахана саласын ширек ғасыр басқарған Қазақбай Әлібековты қалай насихаттасақ та жарасады.

 Қазақбай аға баспаханаға кездейсоқ келген жоқ. Оның ХХ ғасырдың 50 жыл­дары тырнақалды мақалалары «Екпінді» аудандық газетінде жарық көре бастады.
Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген Қазақбайдың кәсіби білім алуы қиын болды. Ол алдымен Бірлік кеңшарында үш жылдай еңбек етеді. Сосын ағасы Сатыбалдыға: «Сіз оқуыңызды бітірдіңіз. Ендігі кезек менікі, отбасына өзіңіз бас-көз боларсыз» деп Алматыны бағытқа алады.
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Қазақтың дара тұлғалары Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Бейсебай Кенжебаевтан дәріс алып, тарихшы Әлкей Марғұланның лекцияларын іздеп барып тыңдап, ұлт тарихымен танысты. Журналистиканың қыр-сырын меңгерді.
Жас журналист университет жол­дамасымен Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне (қазіргі «Түркістан» газеті) қызметке жіберілді. Бұл – 1963 жылдың жазы еді.
Бірнеше айда еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында әріптес­терінің арасында өзіндік жазу мәнерімен ерекшелене бастайды. Сол кездегі ре­дактор Тұрабай Мырзахметовтың мек­тебінде ысылды, тәжірибесі толысты.
– 1941 жылдан 1986 жылға дейін редактор болған Тұрекең өте талап­шыл еді, журналистерден шамалы кемшілікті жібермеу талап етілетін, оларды орынсыз жазаламайтын да. Қарауындағы әр журналист үшін үл­кен басшылармен оларды қорғап теке-тірескенін талай көрдім, – дейтін Қазекең кейде бір оңаша отырғанда.
Қазекең 1970 жылы отбасылық жағдайға байланысты Жаңақорғанға қоныс аударады. Мұнда дайын тұрған жұмыс жоқ. Аудандық партия комитеті біліктілігі толысқан маманды Жаңақорған поселкелік кеңес атқару комитетінің хатшысы қызметіне жібереді.
1973 жылы аудан басшысы Ғафур Мұхамеджанов шақыртып алып, оған аудандық газет жанындағы бас­пахана директорлығы қызметін ұсынады. Бұрынғы директор Нәрзілда Қалилаев аудандық парткомиссияның төрағалығына ауысып кеткен-тұғын. Қазекең басшының ұсынысын қабыл алып, жұмысқа құлшына кіріседі.
Содан өмірінің соңына дейін баспахана директоры қызметін абы­роймен атқарды, сонда тер төкті. Жартылай қамыстан салынған ескі ғимаратқа орналасқан баспаханадан екі қабатты ғимаратқа жеткенше қаншама қиындықты бастан өткізбеді десеңізші! Өзінің қабілеті мен қай жұмыстың болмасын көзін таба білетін ізденгіштігі, ұйымдастырушылық қасиеті мен қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын қайсарлығы өзге әріптестеріне үлгі бола білді.
Қазекеңнің іскерлігі туралы Дәуітбек Махмұтов былай еске алады: «Шиеліден «Коммунизм жолы» газеті енші алып, баспахана құрылды. Еншіге тиген әріптер тоза бастаған. Әйтеуір ойдан-қырдан құрап сөз шығарамыз. Облыс қосалқы бөлшек бере бермейді...
Қазекең келген күннен бастап баспахана жұмысы жүйелене бастады. Ол Қызылордаға барып облыстық баспахана директорының тілін тауып, қосымша бір линотип станогын алып келді. Бұрын әріп құятын қорғасын жетіспеуші еді, оны артығымен әкеліп қойды. Ресейдің Нижнекамск қаласындағы қағаз-картон комбинатына барып, келісімге отырып, ақ қағазға жарып қалдық. Қысқаша айтқанда, Қазекең баспаханаға жаңа леп әкелді».
– 1982 жылы 1 наурыз сағат 8-ден өте баспахананың пешінен от кетіп, қып-қызыл жалынға айналды. Баспахана қазіргі «Ақ палас» мейрамханасы тұрған жерде болатын. Қамыс ғимараттың өрт сөндірушілер келемін дегенше төбесі ортаға түсті.
Абырой болғанда Қазекең бастаған жігіттер линотип машинасын өрттен шығарып үлгеріпті. Содан бір ай көшпенді өміріміз басталды. Бірақ, іскер басшы Қазекең мәселенің оң шешімін табуға аянып қалмады, – деп еңбек ардагері Нұрила Әлімбетова еске алды сол кезді.
Осы кездері Қазекең күн-түнге қарамай баспахана мүлкін түгелдеу үшін Алматыға, Ресейдің қалаларына сапарлап қажетті қосалқы бөлшектер, матрицалар мен газет басатын қағаздар әкеледі. Өртенген ғимарат астынан шығарылған екі линотип машинасының жарамды бөлшектерін шешіп алып, жартылай өртенген линотипті бір айда құрап іске қосты.
Қысқаша айтқанда, линотип іске қосылысымен газет қайтадан Жаңа­қорғанда басыла бастапты. Бұл да болса Қазекеңнің ұйымдастырушылық әрі іскерлігінің арқасы.
– Қазекең өте талапшыл еді. Жұмыста жүргенде де ыңылдап ән айтып жүру әдеті еді. Қызметкердің біріне дауыс шығарып ұрысқанымен қайтымы тез еді, бес-он минуттан кейін келіп оны еркелетіп дым болмағандай әңгіме айтып отыратын. Сондықтан болар Қазекеңнің ұрысқанына өкпелемейтін де едік, – дейді әріптесі Нұрила. Халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінде бөлім басшысы қызметін атқарып жүргенімде Қазекеңнің адамдық қасиеттеріне, іскерлік қабілетіне куә болған едім.
Ол баспахана өртенгеннен кейін Қазақ ССР-і баспасөз және полиграфия министрлігіне қайта-қайта барып, жаңа баспахана салдыруға рұқсат алып, оның қаржысын жоспарға ендіруге жұмыс жасады.
1985 жылы баспахана құрылысы бітіп пайдалануға берілді. Баспахананың пайдалануға берілуімен бірге аудандық редакция да сонда көшті. Осындай үлкен құрылыс әуелі Қазекеңнің іскерлігінің арқасында салынды.
Сонан бері сандаған жылдар өтті. Баяғы Қазекеңдердің ел кезіп жүріп құраған линотиптері тарих бетінде ғана қалды. Ал, сол кездері аудан өмірінің айнасы болған газеттің дер кезіңде шығып, халықтың қолына жетуіне үлес қосқан Қазекең еңбегі қайта-қайта айтуға тұрарлық. Себебі, Қазекең – білікті баспагер, қарымды қаламгер еді.
Оның есімін ұлықтап кенттің бір көшесіне Қазақбай Әлібеков есімін берсе де жарасады. Мұның бәрі Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен үндескен шара болар еді...
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
25 қараша 2018 ж. 980 0