Халық сенімінен шыққан басылым
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», деген орамды ойы өміршеңдігін дәлелдеді. Бүгінде ақпарат кеңестігіне теледидар мен интернет ресурстары қосылғанымен дәстүрлі басылымға деген сұраныс кеміген жоқ. Қайта газеттер оқырмандарды құнды ақпараттармен қанықтырып, бәсекеге қабілеттілігін танытып келеді. Тіптен,
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы газетте жа-
риялануы дәстүрлі басылымға деген сенімнің арта түскенін айғақтайды. Осы тұрғыда, жаңалықтың жаршысы ретінде жұмысын жүйелеген «Жаңақорған тынысы» газеті қалыптасу, даму кезеңдерін абыроймен өткерді. Міне, биыл ақпарат майданындағы 85 жылдығын атап өтпекші.
Мойындау керек, Кеңестік кезеңде баспасөзге айрықша мәртебе берілді. Партия газетті төртінші билікке теңестірді. Өйткені, газетке шыққан мақаланың мән-жайы сұралып, талқыланатын. Тіпті, тиісті мекеме басшылары қатаң шаралар да көрілетін. Яғни, газеттің құзыретін коммунистік жүйе тиімді пайдалана білді.
Енді ауданның үнжариясына айналған газеттің тарихына тоқталсақ. 1933 жылы 1-қыркүйекте аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитетінің құрылтайшылығымен «Екпінді» деген атаумен газет шығаруды қолға алды. Алғашында 200 данамен ғана тарады.
Жалпы, аудандық басылым сан алуан соқпақты жолдардан өтті. Шыңдалды, небір алынбас асуларды бағындырды. Сыналды, сынады, құлдырап құлауға айналса да тізесін қайта тіктеді, жаңарды, жаңғыра түсті. Замануи талаптарға бейімделіп, нарықтық қатынастарды еңсерді. Газет атауы да бірнеше рет өзгерді.
Газет 1934 жылы «Қызылмақташы» атанды. Айта кетерлігі, ол кезде жоғарғы жақтың нұсқауына байланысты газет аудандағы ең озат ұжымшардың атымен аталатын. Келесі жылы «Екпінді» ұжымшары жүлдегерлік тұғырға көтеріліп, газет қайта «Екпінді» аталды. Сол жылдың соңына аудан басшылығы газет атын жыл сайын өзгертудің тиімсіздігі жөнінде мәселе көтеріп, бір атаумен қалдыру жөнінде шешім қабылдады. Содан 28 жыл бойы (1962 жылға дейін) газет «Екпінді» атымен жарық көрді.
1962 жылдың 25 сәуірінде СОПК Орталық комитетінің шешімімен аудандық газет жабылды. Осы жылдың желтоқсан айында аудандар іріленіп, Жаңақорған мен Шиелі ауданы бірікті. Аудан орталығы Шиелі поселкасына орналастырылды. 1963 жылдың мамырынан бастап Шиеліден «Өскен өңір» атты аудандық
газет шыға бастады.
1966 жылы СОПК Орталық Комитетінің шешімімен Сырдарияның екінші бетін игеру жұмыстары басталып, Жаңақорған Шиелі ауданынан бөлінді. Сол жылдың маусым айынан бастап аудандық газет «Коммунизм жолы» деген атпен шықты. 1991 жылдың 1-қаңтарынан бастап «Жаңақорған тынысы» ретінде тарады.
Газет – өмір айнасы. Бұлай деуіміз негізсіз емес. Аудандағы жаңалықтарды, мазмұнды оқиғаларды оқырманға уақтылы жеткізуден таңған емес. Сондықтан аудандық басылымның маңызы уақыт өткен сайын арта түсті.
«Жаңақорған тынысы» газеті ауданның шежіресі десек те болады. Осы шежірелі басылым әр жылдары әртүрлі таралыммен тарады. Мысалы, 1935 жылы гезет таралымы 300 болды. 1938 жылы – 1980, 1957 жылы – 1750 дананы құрады. 1966 жылы – 3017-ге жетті. Мұнан кейінгі Кеңестік жылдары таралым саны көтеріле бастады. 1976 жылы – 4083, 1988 жылы – 5862, 1990 жылы – 6628 данаға жеткенінен байқауға болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі қайта құру кезеңіндегі қиыншылық аудандық газетті айналып өтпей, таралым санына да әсер етті. Тіптен, екі есеге дейін азайғанын көруге болады. Мәселен, 1993 жылы – 3820, 1996 жылы – 2198, 1998 жылы – 1670, 1999 жылы – 2564 данаға дейін құлдырап, газет жабылуға шақ қалды.
Халық әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан енсе тіктей бастаған кезде газет таралымы да айтарлықтай өсті. 2000 жылы – 3100, 2002 жылы – 3700, 2003 жылы – 4000, 2006 жылы – 4650, 2007 жылы – 4800, 2015 жылы – 5583, 2017 жылы – 6666, 2018 жылы – 6795 данаға жетті.
Аудан тарихы жөнінде әр жылдарда шыққан тарихи танымдық кітаптарға назар сала отырып аудандық басылымды алғашқы шыққан кезеңінен осы уақытқа дейін басқарған азаматтарды төмендегіше орналастыруға болады.
1933 жылдан бастап осы кезеңге дейін Әбдірейім Рыскелдиев, М.Қалауов, Махамбет Әбдрайымов, Әшім Отарбаев, Ілияс Мырзахметов, Нүрділла Жәкеев, Сейткамал Үсебаев, Көпбай Ержанов, Баймахан Уызбаев, Сыдық Алдабергенов, Смайыл Ақжігітов, Әзілхан Аманов, Мырқы Исаев, Адырбек Сопыбеков, Құдабай Ертаев, Айдархан Бибасаров, Өлмесхан Болатбеков, Алмас Бекжігітов және Қаныбек Әбдуовтің өзіндік ізі қалды. Әр редактор газеттің жүгін абыроймен көтеріп, басылымның беделін асқақтата түсті. Бүгінде Нұрлат Байкенже газет өндірісін ұтымды ұйымдастырып келеді. Газетті әр кезеңдерде басқарған бұл азаматтардың бірқатары республика көлеміне танымал қаламгерлер еді. Ойлары терең, көзқарасы кемел, қаламы жүйрік қаламгерлер ретінде мақтанамыз.
Аудандық газеттің шығармашылық құрамында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов, журналист-ғалым Жұмабай Әбілов, қарымды қаламгер Мырқы Исаев, Мінер Арысбаев, журналист-жазушы Оразбек Бодықов, Адырбек Сопыбеков, Айдархан Бибасаров, Жақсылық Рахматуллаев, Құдабай Ертаев, Бақтыбай Айнабеков жұмыс жасады. Сондай-ақ, Жұмабай Сарыбаев, Үсен Әбшенов, Кенжебек Әбдімәуленов, Орынбасар Сүлейменов, Файзулла Сахиев, Оңалбай Садықов, Шанжархан Төрегелдиев, Әкім Мейірбеков, Оразалы Мұсабеков, Төлеуғали Отарбаев, Құдайберген Ертасов, Мағираш Тұрсынова, Баян Үсейінова және т.б аудан айнасына хал-қадірінше еңбек сіңірді. Осы ұжымда әр кездері еңбек етіп қызмет барысында жоғарылаған журналистер республика мен облыстық аға басылымдар мен басқа да салалаларда жемісті еңбек етті. Мәселен, Жақсылық Рақматулла, Өлмесхан Болатбеков, Ертай Бекқұлов, Құдіретәлі Рахматуллаев, Есенғали Раушанов, Әнуарбек Әуелбек, Қаныбек Әбдуов республикалық, облыстық деңгейдегі қызметтерге көтерілді.
Газет тарихында шығармашылық ұжыммен бірге қанаттас жұмыс жасаған баспахананы Орынбай Ахметов, Құдайберген Әбдірахманова, Нәрзілда Қалилаев, Қазақбай Әлібеков, Өлмесхан Болатбеков, Алмас Бекжігітов, Пахмадин Айнақожаев, Жақсыгүл Тұяқбаева басқарып, абыройлы еңбек етті.
Штаттан тыс тілшілер Шамшідин Садықов, Ертай Беққұлов, Базарбай Жаманқұлов, Әбдіхалық Әйтілеуов, Қалжан Төрежанов, Жасұзақ Аманбаев, Нұрсұлтан Жарқынбеков, Жүніс Үпенов, Сүлеймен Мырзаев, Дінислам Сапаров, Аманбай Өтебаев, Шайдарбек Әшімов, Мұсабек Әшімов, Ерғали Оразбеков, Қошқар Әділбеков, Ұлдар Жолдасова, Күланда Жұманова, Ақтолқын Әуешова, Сәуле Досжанова және т.б газетте өз қолтаңбалары бар.
Әр өтпелі кезеңнің өз қиындықтары болады. Әйтсе де, өзімнің газет өндірісіне араласа бастаған кездегі қиындықтар көз алдымда. Сондықтан, соңғы үш редактордың кезеңіне кеңірек тоқталсам.
Қазақстан нарықтық экономика бейімделе бастаған 1998 жылы редакция мен баспахана бірікті. Сөйтіп, баспа кәсіпорыны болып құрылды. 2000 жылы «Қазполиграфия» АҚ аудандық газет редакциясы отырған ғимаратты меншігі екенін мәлімдеді. Осылайша, редакция ғимаратсыз қалды. Сол кездегі редакторы Алмас Бекжігітовтың іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті сыналды. Ол ескі қорғасынмен газет шығартуды тоқтатып, оны жаңаша шығаруды қолға алды. 2000 жылдың сәуір айынан бастап «Жаңақорған тынысы» газеті жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жұмысын бастап, қайта даму жолына түсті. Осы кезеңде басылым басшылығы (бас редактор Алмас Бекжігітов) газетке халықты тек нақты ақшаға жаздырудың қиындығын ескеріп, ауылшаруашылық өнімде-
рімен (күріш, мақсары, бидай мен қауын-қарбыз және т.б) жаздыруды қолға алды. Бұл тәсіл өз нәтижесін беріп, таралым саны арта бастады. Халықтан жиналған ауылшаруашылық өнімдері өңделіп, қайта сатылып, сатудан түскен қаржыға газет шығарылып, журналистер мен баспагерлерге жалақы төленді. Халықты бұлайша газетке жазылуды ұйымдастыру тәжірибесі 2009 жылдарға дейін қолданды. Газет 2000-2006 жылдары аудандық электр желілерін тарату мекемесінде, кент әкімдігінің ғимараттарында жұмысын жүргізді. Сол кезеңде газетті офсеттік жобада шығара бастады. Газет жаңа технологияға көшкен Түркістан, Шымкент, Тараз және Қызылорда қаласының баспаханаларында бастырылды. 2002 жылы үнемдеген қаржы есебінен Чехословакияның «Ромайор-313» офсеттік баспа машинасы алынды. Компьютерлер газет өндірісіне қосылды. Аудан әкімі Нәжімадин Мұсабаевтың (сол кездегі әкім) қолдауымен 2003 жылы аудандық газеттің 70 жылдығы мерейтойын жоғарғы деңгейде атап өтті.
Бас редактор Алмас Бекжігітовтің басшылығымен 2005-2006 жылдары жаңадан редакция ғимаратын бой көтерді. Газет 1999 жылы баспаханадан бөлінгенде 4,5 млн. теңге қарызбен шықса, 2009 жылы 2,4 млн. теңге пайдамен жылды аяқтады. 2008 жылы аудан әкімі Нажмадин Мұсабаевтың қолдауымен (сол кездегі басшы) А-2 форматты «Громкий УК – 9600» баспа машинасы алынды. Газет 2012 жылдың қазан айынан бастап А-2 форматымен, ал 2013 жылдың қараша айынан бастап облыс көлемінде аудандар арасында бірінші түрлі-түсті болып шыға бастады.
2014 жылы «Сыр медиа» ЖШС құрамына кіріп, газеттің екінші тынысы ашыла түсті. Облыстық, республикалық газеттерде шыңдалған Қаныбек Әбдуов басылымның көркемдік-дизайнерлік келбетін жаңа биікке көтеріп, мазмұндық деңгейін арттыра түсті. Осындай еңбектің арқасында 2015 жылы Сыр өңіріндегі «Үздік газет» ретінде танылды. Редактор ретінде Әбдісамат Әбдіш, Әлібек Жарықбаев, Жұпар Шаймерденова, Айнұр Сейдеметова, Айкерім Мырзахметова, Мақпал Патенова, Ерлан Абдрасилов, Жасұлан Сейдеметов, Ханзада Дошан, Айсұлу Алданазар және т.б газет өндірісіне белсенді араласуына жағдай жасады. «Сенбілік сұхбат», «Қазақ қызы» айдары мен «Шамшырақ», «Балапан» және т.б арнайы беттерін оқырмандар жоғары бағалайды.
Одан кейін Нұрлат Байгенже газеттің тізгінін ұстады. Ағалар аманатына адалдықты биік қоятын бүгінгі шығармашылық ұжым оқырманмен мейлінше жақын жұмыс жасауды басшылыққа алды. «Оқшау ой», «Талантты жастар тұғыры» айдары мен «Көзқарас», «Нарық және қоғам» арнайы бетін тұрақты шығарыла бастады. Газет өндірісінде бас маман Ғазиза Сәулебекова, баспасөз маманы Орынбай Әбжалелов және баспасөз менеджері Ербол Мамбетовтің еңбегі елеулі.
Айта кететіні, алдағы уақыта «Жаңақорған тынысына» – 85 жыл» айдары аясында газет өндірісінде ізі қалған қаламгерлерді шығаратын боламыз...
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.