Ғұламаға арналған онлайн байқау
Биыл ұлы философ, ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі тиіс-тұғын. Бірақ жаһанға жайлаған жұқпалы індеттің салдарынан ғұламаның мерейтойы онлайн форматта атап өтумен шектелуде. Сондай шараның бірі Жәнібек Сыздықов басшылық ететін Бесарық клуб үйі ұйытқы болды.
Онлайн интеллектуалдық ойынға ауылдық округтердегі клуб үйінің меңгерушісі Динара Жанұзақова, Гаухар Бидашова, Балмұхаммед Әбжаппаров, Жасұлан Түлкібаев, Мұратхан Ходжаев, Бақытжан Жакудаев және Рақымжан Оразбеков қатысып, бағын сынады.
Онлайн шарада Әл-Фарабидің өмір жолы, шығармашылық мұрасы қамтылды. Алты кезең созылған байқауда қатысушының дұрыс жауапты тез табуға бағытталды. Шара барысында ғұламаның өмірі жайында тың ақпараттар айтылды.
870 жылы Азиядағы ірі мәдени орталықтың бірі болған Отырар қаласында дүниеге келді. Әл-Фарабидің ілім-білімге деген алғашқы ынтасы, ғылыми ойының алғашқы ұшқындары туған жері Отырарда, оның тамаша кітапханасында пайда болды. Кейіннен ол Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамшық (Дамаск), Каир қаласына барып, білімін тереңдете түсті. 950 жылы Дамшық қаласында дүниеден озды.
Оны адамзат қауымдастығы энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгерген ғұлама ретінде мойындайды. Артында 200-ге жуық трактат қалдырды. Оның «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан «Шығыстың Аристотелі» атап кетті. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды. Әл-Фараби сонымен бірге әлеуметтік-қоғамдық және этика саласына да қалам тербеді. Мысалы, «Бақытқа жету жайында» деген еңбегінде «оның бірден-бір жолы – ғылымды, білімді игеруде» деп насихат айтады. Біз осы туралы онлайн ойын барысында ойға түйдік.
Әл-Фараби өз заманында дарынды ақын болған. Мұны интеллектуалды ойынға қатысушылар айтқан мына өлеңнен аңқарасыз:
Кешір мені, туған жер, сені артқа тастадым.
Кешір мені, туған ел, жолды алысқа бастадым.
Кешір мені, ұлыс -ұрпағым, бақ, байлық, даңқ таппадым.
Кешір мені, ар-ұжданым, білім болды баққаным, – деген ғұламаның өлең жолдарын жатқа жарыса айтып, дұрыс әрі жылдам жауап бергендер жоғары бағаларын алып жатты.
Интеллектуалды ойын шартына сай, талапкерлер елге танымал тұлғалардың әндерінің алғашқы ноталарынан қандай ән және авторы кім екенін табу міндеттелді. Осы кезеңде мәдениет қызметкерлері қарым-қабілетін байқатып, өнер көрсетті. Өнер иелері бірінен соң бірі тамылжыта ән салды.
Осылай өрілген сайыстың ақтық мәресінде оза шауып, бағы жанған жандар марапатқа ие болды. Бас жүлде Динара Жанұзақоваға, бірінші орын Гаухар Бидашоваға бұйырды. Ал екінші орынға Балмұхаммед Әбжаппаров, үшінші орынға Жасұлан Түлкібаев лайық деп танылды.
Мақпал ПАТЕНОВА