№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бесарық екінші мәрте Сыр өңірінің үздік клубы атанды ма?

Бесарық екінші мәрте Сыр өңірінің үздік клубы атанды ма?


Былтыр Сырдария ауданында өткен облыстық байқауда Жәнібек Сыздықов басқаратын Бесарық бекеті клуб үйі бас жүлдені алып, облыстық байқауды өткізуге жауапты болған-ды. Сондықтан «Үздік клуб-2019» облыстық байқауының байрағы Талап ауылдық округінде көтерілді. Облыстық байқауға Сыр өңірінің жеті ауданынан іріктеліп келген ауылдық клуб үйлері жастарды шығармашылық тұрғыда қолдау бағытындағы бастамаларын көрсетіп, ерекшеліктерін дәлелдеді.


Қызылорда облысының мәдениет, ар­хив­тер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Қарлығаш Мәлікқызы мен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Зина Файызқызы бұл байқауға арнайы келді.
Жаңақорған өнердің ордасы емес пе? Байқау тартымдылығымен ерекшеленді. Алдымен қазақтың қасиетті қариясының кейпіне енген Мұхтар Дәрібаев байқаудың шымылдығын ашып берді. Жас өнерпаз Көкен Өскенбай келушілерге арнауын орындап, қосішектен төгілген әсем үннің құдіретін сезіндірді. Белгілі өнерпаз Әбсұлтан Байкенжеев бастаған әжелер ансамблі де әсем әннен шашу шашып, клубтың кішкентай бүлдіршіндері мың бұрала билеп, өнерін ортаға салды.
Қонақтар клуб үйінің фоесінде орналасқан көрмемен танысты. Ең әуелі ауылдық клуб үйінің жанынан құрылған қуыршақ театры көрініс көрсету арқылы келушілерге сәттілік тілесе, аудандық кітапхана қызметкері Әсем Сағатқызы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тақырыпта үш бөлімнен тұратын кітап көрмесін таныстырды. №196 мектептің 8 сынып оқушысы Серікболсын Шүкіров «Мәдениетім – мәртебем» атты өлеңін оқыды. Байқауға өзге ауданнан келген қатысушылар да еңбектерін көрмеде таныстырды. Мәселен, Шиелі ауданы Еңбекші ауылдық мәдениет үйі «Шебер қолдар» атты тақырыпта көрме ұсынса, Сырдария аудандық Қоғалыкөл ауылдық клубы туған өлке тарихынан мол ақпар берді.
Талап ауылдық клуб үйінің жанынан ашылып, жұмысын енді бастаған музейдің жәдігерлері де осы күні көпшілік назарына ұсынылды. Оны аудандық музейдің әдіскері Құралай Дәрмен таныстырды. Рашид Нальтаев басқаратын ұжым мұнымен шектелген жоқ. Клуб үйінің жанынан құрылған «Әлшекей» халықтық ұлт-аспаптар оркестрі Бәден Айсыновтың «Егеменді Қазақстан» күйін шертсе, оркестр құрамындағы әкелі балалы Айсыновтар «Юморесок» туындысын орындады. Келушілерді таң тамаша еткен бұл оркестрге тағы бір туынды орындауы ұсынылып, әлем сахнасында орындалып жүрген Польша композиторы Петербургскийдің «Утомленное солнце» туындысы орындалды.
«Серпінді жолдау – мәдениетке қол­дау» тақырыбы аясында өткен «Үздік клуб – 2019» облыстық байқауының келесі кезеңінде ауданнан келген шығармашылық ұжымдар халыққа мәдени қызмет көрсетуде тың, серпінді жұмыстарын сахна төрінде көрсетті. «Жүйелі жұмыс, жауапты маман» және «Жаңғыру жолындағы заманауи қызмет» атты екі кезеңнен тұратын байқау шарттары бойынша бақ сынаған клуб қызметкерлері бар өнерін салды. Алғашқы кезеңде клуб үйінің жұмысы видеослайд арқылы көрсетілсе, келесі кезеңде тақырыпқа сай пролог оқылды.
Байқауда тек мәдени іс-шараларды ғана назарда ұстамай, байқауға қатысып отырған мекеменің эстетикалық тал­ғамымен безендірілуі де басты назарға алынды. Клуб үйлерінің материалдық-теxникалық базасының жағдайы, озық теxнологиямен жабдықталып, интернетке қосылуы, өткізілген мәдени іс-шаралар сценарийі мұқият қадағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша М.Нәлібаев ауылдық клуб үйі, Қазалыдан келген Жанқожа батыр ауылдық клуб үйі, Шиелі ауданы Ш.Қодаманов атындағы ауылдық клубы және Сырдариядан келген Қоғалыкөл ауылдық клубына арнайы номинациялар табыс етілді. Ал жүлделі үшінші орынды Шиелі ауданы Еңбекші ауылдық мәдениет үйі алса, екінші орынға Қармақшы ауданы Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы клуб үйі лайықты деп танылды. Бірінші орын Жалағаш ауданы Мәдениет ауылдық клуб үйіне бұйырса, бас жүлде Бесарық ауылдық округіндегі Талап ауылдық клуб үйіне берілді. Осылайша байқаудың символикасына айналған алтын түстес ауыспалы картинаны былтырғы жеңімпаз Жәнібек Сыздықов Рашит Нальтаевқа табыстады. Яғни екі жыл қатарынан аудан мәдениет саласы бойынша топтан озды.

Лаура БИБАСАРОВА
10 желтоқсан 2019 ж. 923 0