№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлы Отан алауы басталысымен әскери білім алған бозбала

Ұлы Отан алауы басталысымен әскери білім алған бозбала

1941 жылы ауыл-аймақтың тынысы өзгеріп, тіршілігі тұралап қалды. Соғыс оты шаршыған осынау кезеңде 19 жастағы Тасан Ташкенттегі Ленин атындағы жаяу әскерлер училищесінің жеңілдетілген тобында оқып жүрген болатын. Ұлы Отан алауы басталысымен әскери білім алған бозбала майданға аттануға асығады. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, Ұлы жеңіспен елге оралған азаматты бүгінде жерлестері рухы биік нар тұлға, ардақты ұстаз бейнесінде еске алады.


«Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді». Расында ғибратты, мағыналы, салиқалы өмір сүру кез-келген жанға бұйырмайтын бақ. Артына осындай өшпес із қалдырған жан деп Тасан Әбенұлын сеніммен айта аламыз. Ол 1920 жылы қаңтар айының 5-ші жұлдызында Қызылорда облысы Жаңақорған қыстағында дүниеге келді. Жастайынан елшіл, өршіл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Туған ауылында білім алып, әскери өмірге әскери училищеде шыңдалады. 1941 жылдың қараша айында Орта Азия округі бойынша курсанттар бригадасының құрамында Мәскеу түбіне жіберілді. Одан әрі қызыл от шарпыған майдан даласына түсіп, Отан қорғауға атсалысады.Майдандағы жолын Мәскеудегі соғыстан бастаған ол «За оборону Москва» медальімен награтталды. Одан кейін Украина майданында маршал Жуковтың армиясында әскери міндетін атқарады.
1943 жылдың ақпанында оң қолынан жараланып, госпитальда емделіп, туған жеріне отпускаға жіберіледі. Қысқа мерзімді демалыстан кейін қайта майданға оралады. Оның майдандағы жолы 20-шы Батыс армиясында барлаушылар взводын басқарып, Ржеев қаласы және бірінші Беларусия майданы қақтығыстарымен сабақтасып жатыр. Отан деп от кешкен жауынгерлермен бірге Берлинге кіріп, Ұлы Жеңісті сонда тойлады. Алайда Тасан Әбенов үшін соғыс мұнымен біте қоймады. Қырық бестің тамызында Берлиннен Жапония милитаристеріне қарсы соғысқа аттанды.
1946 жылы туған еліне оралып, туыс бауырмен қауышып, туған топыраққа тәу ету бұйырды. Бес жыл бойы оқ пен от кешіп, өмір мен өлім арасында арпалысқан қиын сәттердің елеуі де аз болған жоқ. Майдандағы батырлығы, ерлігі үшін «Ұлы Отан І-ші дәрежелі орденімен», «Соғыстағы ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» барлығы 16 орден медальмен наградталды.
Әрине майдан даласынан бірнеше рет жаралы болып оралып, соғысқа өршіл рухпен қайта қосылып, ерлік пен елдік қасиетті бойына сіңіргенін көрсетті. Бұл ғибратқа толы шежіреге тарих екені анық.
Тасан Әбенұлы соғыстан кейінгі өмірін ағарту ісіне арнады. Алматы қаласындағы қазақ педагогикалық пединститутына оқуға түсіп, 1953 жылы оқуды бітірген соң қызмет бабымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданына жіберіледі. Онда 1953-1956 жылы Сарыағаш райком партиясында пропаганда бөлімшесінің меңгерушісі, 1956-1958 жылы сондағы М.Лермонтов атындағы орта мектеп директоры болып қызмет етеді. Бойындағы патриоттық сезімі мен туған жерге деген ыстық ықыласы оны туған еліне жетеледі. Сөйтіп 1958 жылы туған жеріне оралып, көп жылдар бойы білім саласында абыройлы қызмет атқарады. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаздың  шәкірттері бүгінде еліне елеулі, халқының қадірменді азаматтарына айналған.
Майдангердің ұстаздық жолы, адами болмысы жайлы шәкірттері тебіреніспен әңгіме етеді. Ауданның құрметті азаматы, ел ағасы Зинабдин Шермағанбетов жылы естеліктерімен бөлісті: «Жақсы адамның артынан жаман сөз ермейді. Тасан ағай нағыз осындай жан болатын. Оның ішкі дүниесінің ерекшелігі сонда өте көпшіл, қонақжай еді. Сол кезеңдегі нағыз ұстаз, шын мұғалімдік мінез-құлық, парасаттылықтың белгісі дер едім. Ал азаматтық болмысы бөлек бір әңгімеге арқау болардай».    
Бір елдің ақылшы ұстазы, бір әулеттің өнегелі қариясы Тасан Әбенұлы жұбайы Мүкарам екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп, оларды бір-бір маман иесі атандырып, ұлын ұяға қызын қияға қондырды. Олар ата-ана үмітін ақтап ел игілігіне қызмет етіп келеді. Бүгінде ұл-қызынан тараған немере, шөберелері төбесін көкке жеткізердей болып, өсіп келеді.
Ардагер ұстаз, елі үшін майданда төсін оққа тосып, отан үшін от кешкен тұлғасы биік азамат Тасан Әбенұлы 1995 жылы 75 жасында өмірден озды.Майдангер тірі болғанында биыл 100 жасқа толар еді. 
Қиындықты жеңіп, жігері мұқалмай бақытты қарттықтың дәмін татқан қарияның өмір жолы өнегеге толы. Міне ащы уақыттың тұщы естелігі деген осы болар.
Ұлы Отан соғысы ардагері, еңбек ардагері, ақылшы ұстаз мәңгілікке ел жадында.

Майра ӘБДУӘЛІ
08 сәуір 2020 ж. 1 282 0