Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әбдіхалық ағаның үй ауласындағы бау-бақшасы жайқалып тұр

Әбдіхалық ағаның үй ауласындағы бау-бақшасы жайқалып тұр

Көктем келе, күрек сайманын қамдап, бақша ісіне әзірленетін отбасының бірі –  Қаппаровтар әулеті. Әрбір түп ағашқа еңбек сіңіріп ерекше күтім жасайтын Әбдіхалық Әбсаттарұлын әңгімеге тартып, көшет отырғызып, оны күтіп-баптаудағы мән-маңызын білдік.
Талғат Бегелдинов көшесінің тұрғыны Әбдіхалық ағаның үй ауласындағы бау-бақшасы жайқалып тұр. Әрбір жеміс ағашының артық өскінін кесіп, ағаш түбін әктеп, оның топырағын құнарландыруға аса мән берген. Ол құрал-сайманын алып,  бақша ішіне қарай жол бастады.
– Жайқалған бақты көріп аға, мына ауланы қалай жасыл желекке айналдырдыңыз, – деген сауалды алға тарттым.
– Жастайымнан әжеме еріп, тал егу­дің және күтіп-баптаудың қыр-сырын меңгердім. Сондықтан бұл  іс өмірлік қағидама айналды. Осы әдетіммен ерте көктемнен көшет егуге қамданып, үй ауласын бақшаға айналдырдым. Одан бөлек, көкөніс түрлері – қызанақ, қияр, жуа және тағы басқа егіп, қара күзге дейін өнімнің рахатын бала-шағамызбен бірге көреміз. Біріншіден, обасымды табиғи өнім­мен қамтамасыз етсем, екіншіден, ұл-қыздарым еңбектің наны тәтті екенін көзбен көріп өседі, – деп бастады әңгі­месін ол.
Өз үйінің маңын көгалдандыруды қолға алған еңбеккеш жанның ауласында 60-қа жуық жеміс ағаштары жайқалып тұр. Атап айтқанда өрік, алма, алша, шие мен бөртегүл (сирень) бар. Сонымен қатар орхидея мен раушан гүлінің  түр-түрі  мен жүзімнің алты сортын осы бақшадан кездестіресіз.
– Аулаға ағаш отырғызуды 1997 жылы бастадым. Әуелі алма, өрік түптерін егіп, кейіннен Шымкент, Сарығаш қалаларынан арнайы тапсырыс арқылы көшет түрлерін алдыртып отырғыздым, – дейді Әбдіхалық аға.
Оның сөзінше, жасыл желектің адамнан бөлек табиғатқа да тигізер пайдасы зор. Біріншіден ағаш отырғызу сүннет болса, екінші жағынан қоршаған ортаға да тигізер әсері мол. Мәселен, фотосинтез барысында ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегіні шығарады. Сонымен қатар,  автокөліктен шығатын улы газдарды да бойына сіңіреді. Егер ағаш жайқалған жерде серуендесеңіз өкпедегі газ алмасу процесі жақсарып, тыныс алу дұрысталады. Бұл әсіресе жабық бөлмеде көп уақыт өткізетін адамдарға пайдалы. Зиянды сәулелердің әсерін шамамен 50%-ға азайтып, көшеде жүрген адамдарды қорғайды. Ағаштарға жақын жерде өмір сүру, физикалық және психикалық жағдайды жақсартады. Өйткені, олар қан қысымын төмендетеді және стрессті азайтады. Яғни бау-бақшаны күтіп баптау  жас ұрпақтың денінің  сау болуына да әсері мол.
Осы орайда мына бір аңыз әңгіме еске оралады. Ертеде бір патша ең жақсы әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар берем деп жарлық шығарады. Келесі күні нөкерлерімен сапарға шығады. Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын көшеттеп жатқан тоқсандағы қарияны жолықтырады. Патша оған: «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ дегенде жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?» – дейді. Сонда қария: «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз, енді біз еккен ағаштан кейінгілер жемей ме?!» – дейді. Патша: «Неткен әдемі сөз!» – дейді де қарияға 400 динар береді. Ақшаны алған қарт күлімсірейді. Сонда патша: «Неге күлдіңіз?» – деп сұрайды. Қария: «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді!» – дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да 400 динар береді. Қария тағы да күлімсірей түседі. Патша себебін сұрағанда: «Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» – дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар береді. Сосын, атын тебініп, қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді. «Неге асықтыңыз?» – деп таңырқаған уәзіріне: «Мына қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауысып бітетін түрі бар» – деген екен.
Иә әр саналы азаматтың өмірде алдына қояр мақсаты үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіріп, оларды дұрыс тәрбиелеу. Әбдіхалық аға осы үш міндетті де  толық орындаған. Ол асыл жары Шара екеуі 4 бала тәрбиелеп қызығын көріп отырған жандар. Оның шаңырағы жыл сайын бау-бақша егуді игі дәстүрге айналдырып, жалықпастан еңбектенудің арқасында таза табиғи  өнімдермен ұрпағын азықтандырып отыр. Бұл істе үлкен тәлім  бары анық. Оны әрбір оқырман өзінше пайымдар.
Лаура БИБАСАРОВА
28 наурыз 2020 ж. 822 0