№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АҒАШ ЕГУ – САУАПТЫ ІС

АҒАШ ЕГУ – САУАПТЫ ІС


Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:
– Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Құдай күнәмді кешеді? – деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:
– Жол шетіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына демалсын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, – дейді.
Қарақшы жолдың жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдыратын шұрайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бақшасына кезігеді.
– Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды.
– Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты, – дейді.
Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады.
Шайқы:
– Ей, Алла, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін тамшылап тұр? – деп сұрайды.
– Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп демалады. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ахиретте өшпес азыққа айналды, – дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.
Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді» деп насихат айтыпты.
Ескіден қалған өнегеден ағаш егудің сауапты іс екендігін түсінуге болады. Тіптен, Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.а.с.) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген хадис қалыпты.
Пайғамбарымыздың (ғ.а.с.) ағаш отырғызу ісіне ерекше маңыз бергенінің мәні бар. Себебі, ағаш адамзатқа теңдессіз, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Адам ауасыз өмір сүре алмайтын болса, ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі газдарды өзіне тартып, орнына оттегі бөлетін ағаш. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмапты.
Ағаш отырғызудың дәстүрі Хорасан ата мазараты маңында қалыптасқан. Аудан тұрғындары мен баба ұрпақтары жыл сайын ағаш көшетін отырғызып келеді. 2013 жылы алғашқы көшеттің бірін Қырымбек Көшербаев отырғызды. 2014 жылы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев талшыбықты жерге қондырады. Қазір тамырын тереңнен тартқан алма ағаштары жемісін беруде.
Осындайда Алла Елшісінің (ғ.а.с.) «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі» (Бұхари) деген ұлағаты еске түседі.
Қазір баба басындағы бау-бақшада мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мәдениет саласы майталмандары еккен ағаштары жайқалып тұр. Атап айтқанда, Дархан Мыңбай, Әлихан Бәйменов, Рүслан Рүстемов, Ержан Уәйіс, Досхан Жолжақсынова, Зинабдин Шермағамбетов, Мұзараф Махмудов, Жамал Омарова және т.б белгілі тұлғалар еккен ағашы жеміс беруде.
– Көктем мезгілі басталған соң адамзаттың алдында тұрған басты парыздарының бірі – ағаш егу жұмысына көңіл бөлу. Жалпы, баба басында ағаш егу мәдениеті қалыптасып келеді. Жылда саялы және жеміс ағаштары отырғызылуда. Мұндай дәстүрді биыл жалғап, 23-наурызда баба басында ас беріп, 20 шырша және 300 жеміс ағашының көшетін отырғызамыз, – деді Қожакент ауылдық округінің әкімі Асылбек Айтжанов.
Бүгінде бақшада 1500 жеміс ағашы бар. Олардың күтіміне мән берілген. Бірнеше жылда мәуелі ағаштары бар шырайлы жерге айналары сөзсіз. Осы ретте, АҚШ тарихында ерекше есте қалатын Президенті Франклин Рузвельттің сөзі еске түседі. 32-і Президент «Бір елдің өркениет дәрежесі өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» деген екен.
Әлемде ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Халықаралық ағаш егу күнін атап өтеді. Тіпті, Лесото, Уганда, Коста-Рика, Намибия, Танзания, Малави т.б. елдерінің ағаш егу күндері бар. Бізге тек Наурыз мерекесінде ағаш егуді кең ауқымда насихаттап, мереке аясында ұрпағымызға ағаш егу мәдениетін сіңіру қажет-ақ. Жылда кентте және ауылдық округтерде көшеттер отырғызылып жатыр. Бірақ, оны уақытылы суару, күтіп ұстау жағы кемшін болуда. Көшет егуге қоршаланған жерлер арам шөп басып жатыр. Ал, есепте ол жерлерде «пәленбай ағаш өсіп тұр» деп көрсетіледі...
...Ағаш ексе, адамның күнәсі жеңілдейтіні жөнінде тағы бір аңыз бар. Ертеде бір жігіт түс көреді. Түсінде әкесі шөл далада көлеңке іздеп жүріпті. Күннің ыстығынан табаны күйіп, жанұшыра айқайлайды. Жігіт шошып оянады. Ауыл ішінде жүз жасаған қарияға барып түсін жорытады. Ол:
– Балам, әкеңнің қабіріне ағаш ек. Әкең қабірде ауырлық тартып жатыр. Ағаш күнәсін жеңілдетеді, – деп жориды.
Бала ертесіне әкесінің моласына ағаш егеді. Оны күтіп, баптап өсіріпті. Бір күні тағы да түс көреді. Түсінде әкесі үлкен бір ағаштың көлеңкесінде жатыр екен.
«Мазар басына ағаш ексе, сауабы тіріге де, өліге де тиеді» деген сөз осы аңыздардан үлгі болып жетіпті.

ТҮЙІН. Бағзыдан қалған өнегеден ағаш егу – сауапты іс екенін ұғасыз. Мұндай игілікті іс Хорасан ата басында дәстүрге айналды. Енді елді мекендер де осындай дәстүр қалыптасса...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
21 наурыз 2018 ж. 5 439 0