Буын ауруы мен варикозды бал арасымен емдеу
Адам өз қызығушылығын кәсіпке айналдыра білсе, нәтижесі жемісті болары анық. Бабалардың айтып кеткен өсиеті бұл. Бейберекет әр кәсіптің басын шалған кісінің ісіне береке кірмейді. Өмірімізге еніп келе жатқан нарық заманында бейім шаруамен айналысқанның алар асуы биік болмақ. Осындай биіктен көрініп ауданның атын Республикада, одан әрі Украинада асқақтатып жүрген омарташылық кәсібімен айналасына танымал, ортасында сыйлы азамат – Омар Шамсудинұлы ағамыз жайында болмақ әңгіме. Сонымен...

– Өзім әуесқой ара өсірушімін. Негізгі мамандығым гидротехник болғанымен, бұл салада совет үкіметі тарқағанға дейін ғана жұмыс жасадым. Кейіннен бойыма емшілік қасиет қонып, омарташылық кәсіпке қызығушылығым артып, осы кәсіппен айналысып келе жатқаныма 40 жылдың шамасы болды. Осы жылдар аралығында ара балынан алынатын өнімдерді өз бетімше зерттеп толығымен біліп алдым десе де болады. Араның негізгі беретін өнімі – бал. Ара балды гүлдерден азығы тәтті шырын мен тозаңды ұшып-қонып жүріп жинайды. Күн жылынысымен аралардың қызу тіршілігі басталады. Көктем мезгілінде аралар ішектерінде тұрып қалған керек емес заттардан құтылып, өз ұяларын жасауға кіріседі. Жазда тыным таппай гүл тозаңдарын жинайды. Күзге қарай аралардың тіршілігі бәсеңдей бастайды. Осыдан кейін аралар жарты жыл ұшпай, өмірлерін омартада өткізеді. Көріп тұрғандарыңыздай ара өсіру арнайы жерді талап етпейді. Бір сөзбен айтқанда, омарташылық аз шығынмен мол табыс табуға болатын, сонымен қатар өте ауыр кәсіп түрі, – дейді Омар Изатов.
Сондай-ақ ол жасаған жұмысыңның нәтижесін көру үшін арамен әр күніңді, әр сәтіңді қызығушылықпен, бар ынтаңды салып өткізу керектігін жеткізді. Әрі тұрғындарға денсаулығыңыз мықты болсын десеңіз күніне бір қасық бал жеп тұруға кеңесін берді.
– Әселдің құрамында глюкоза мен витаминдер, макроэлементтер, барлығы жүзден аса құнды ингредиенттер бар. Бал барлық ауруға дауа. Ұяшықтарының өзі халық емінде пайдаланылуда. Тіпті ара уы да көптеген дертке шипа. Қазіргі таңда ара балы асқазан, бауыр, бүйрек және жүйке ауруларына медицинада кең қолданыста, қант диабетімен ауыратын және толық адамдарға балды жеуге болмайды, – деп Омар аға өмірлік кеңесімен бөлісті.
Сізді ара шақса қуаныңыз. Айтқымыз келгені оның шаққаны да шипа. Араны шақтыру арқылы емдеу медицинада апитерапия деп аталады. Ең алғашқы апитерапиямен емдеу саласы Мәскеуде бастау алып дамыса, біздің елде кейінгі жылдары ғана қолға алына бастады. Ауданда апитерапия емін жақсы меңгерген бүгінгі басты кейіпкер Омар Шамсудинұлы. Көбіне бұл ем саласына препараттар көмектеспеген жағдайда инсульт алған адамдар жүгінеді екен. Ескерте кететін жайт, бір күнде 12 арадан артық шақтыруға болмайды, тым көп ара шақтырса уланып қалу қаупі барын білдік.
Түрік ұлтының өкілі бізбен қазақ тілінде еш қиналмай тілдесіп, әңгіме соңында дархан көңілді халқымыздың салтымен дастарханнан дәм ауыз таттырды. Дастархан басында жаңақорғандық омарташы 1-наурыз «Алғыс айту» күніне орай ақ тілегін жеткізді.
– Бұл күн 130-дан астам ұлт мекен ететін Қазақстан халқының құрметі мен ынтымағының күні. Жалпыхалықтық мереке. Қиын-қыстау заманда қазақты көптеген ұлт паналады. Өзегінен теппей, несібесімен бөліскен, бөтенсінбей бауырына тартқан қазақтың пейіліне мың да бір рахмет. Кең байтақ жерде, елде тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызға біздер өте бақыттымыз. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, еліміз, жеріміз бүтін, бейбітшілік заман болсын, - деп жүрекжарды лебізін білдірді Омар Изатов.
P.S. Иә, қашанда бейнетсіз зейнет болмайды. Қиыншылықтар артта қалар, бастысы омарташыға мойымайтын қажырлылықты тілеп, бүгінгі таңда елдегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қатынастың өнегелі өлшеміне Омар ағаның себепкер болып жүргеніне куә болып тарқастық.
Лаура БИБАСАРОВА.