№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ЖАМАЛ АПА


Бүгінде қазақтың Бибіпатимасы деуге тұрарлық кешегі Домалақ ана, Қарашаш, Зере сынды данагөй сирек те көреген, бүкіл елдің намысын арқалауға жаратылғандай алып жүрек аналарымыздың ізбасарлары арамызда әлі де бар екені қуантады. Ұрпағының ғана емес, ұлт тұтастығын тіктеуге жан-тәнімен күш-қуатын жұмсап, көңілінің шуағын бар-жоққа бірдей төгіп келе жатқан асыл аналарымыздың бірі, бүгінде есімі көпке ортақ Жамал апа атанған Бибіжамал Мәлікқызының көптеген қайырымдылық қарекеттері елдің көз алдында. Ол Алматыдағы екі балалар үйін көптен бері қамқорлыққа алып келеді екен. Жетісай қаласындағы мәдени-спорттық кешені және жаңа мешіттің құрылысына демеушілік етті. Оның Жаңақорған өңіріне жасаған қайырымдылық істері де көптің көз алдында.
Жамал апаның республика көлемінде атқарып келе жатқан игі істері көп. Мен бүгін өздеріңізбен соның біреуін ғана, яғни өзім куә болған төмендегі өнеге өрнегін бөліспекпін.
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша аудан орталығынан жеті шақырымдай қашықтықта орын тепкен «25 разъезд» бекетіндегі «Тілеулі ата» әулиесінің ел егемендік алуымен бірге шамшырағы қайта жанып, аялы алақандардың қамқорлығымен қадір-қасиетіне қайта қауышты. 1905 жылы осы Жаңақорғанның үстімен шойын жол құрылысы өтетін болып, осы әулиенің тұсынан тас төселіп, рельс салынған екен. Бір ғажабы, шегенделген бұрандалар қиқы-жиқы босап, түсініксіз тылсым күш жұмысшыларды қайран қалдырады.
Соғыс уағында жұмысшы колониясынан босап, елге қайтқан әкем Әшім Кенжеқожаұлы осы әулие басында тас жол салу жұмысына қатысқан екен. Жұмысшылардың өгіз арбамен қазіргі «Құттықожа» елді мекеніне баратын жол бойындағы карьерден қолдап тасып жүріп салған 2 шақырымға жуық жолының жобасы әлі де бар. Міне, осы жолдың үстімен үлкен қаржыға әулие бабаның басына тіке апаратын тақтайдай тас жол салынуына біздің бауырымыз, ел анасы Жамал апа белді бекем буыпты. Бұл өте құптарлық, қуанышты мәселе. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Осыны ескерген есті ұрпақ ата-бабаларының басын қарайтып, қамқорлыққа алып, құрмет парыздарын өтеуге кірісті. «Жоқтық жомарттың қолын байлайды» деген тағы бар. Көкірегің сайрап тұрғанмен, қол қысқалықтан сауапты істерден құр қалып жүргендер де көп. Қолында барымен баянды істерге әрекет жасап, халықтың рухани көкірегін ашып, болмысын байытуда көл-көсір көмегін аямай келе жатқан Жамал апаның бұл жолғы қадамы керемет құптарлық. Өссін, өнсін, ұрпағының тек қызығын көрсін дегіміз келеді. Қазақ қызына тән қайсар мінезімен тәнті етіп жүрген Жамал апаның бұл да бір қыры болса керек.

Шайдарбек ӘШІМҰЛЫ,
зейнеткер, тарихшы.
16 қаңтар 2018 ж. 19 789 0