№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өмірдің өлшемі – ұзақтығында емес...

Өмірдің өлшемі – ұзақтығында емес...


«Бұл үйде Ұлы Отан соғысы ардагері тұрады». Осындай жазуы бар тақтайша жанынан өткен кімнің болсын жүрегін дір еткізіп, осы бір айтар ауызға ауыр «соғыс» деген тажалдың -- тарихтың түріліп қалған беттерінің әлі де көзі тірі белгісі бар екеніне айқын елес беретіні бар. Иә, халық басына қаралы күн тудырған қанқұйлы оқиғалардың ортасынан аман келген ағаларымыз бізге осының бәрі аңыз, ертегі емес, нағыз ақиқат екенін айғақтап тұратындай еді. Бірақ, олардың қатары тым сиреп қалды. Ауданымызда көзі тірі соғыс ардагерлер саны бес саусағымызды бүгуге де толмайды.


9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында жылдағы әдетімізбен осы аз ғана қалған теберіктерімізбен тағы бір ауыз тілдесіп қалмаққа қам қыла бастадық. Мерекеде ғана емес, басқа уақытта да шаңырақтарына арнайы соғып, шерлі көкіректе қаттаулы жатқан шежіре-сандықтан қалағанымызша сусындап жүрген жайымыз бар еді.
Жұма күні кентіміздің Мұсаханов көшесінде тұратын Махметжан Сапарбаев ағамыздың құтханасының қақпасына асыға еніп келеміз.
- Ә, балам, келдің бе, кел жаныма отыр, – деп еркелете хал-жағдай сұрап, құмартқан сауалыңа бүкпесіз жауабын беріп, кеңінен көсілер кеңпейіл қарияның ақеділ ықыласын сағынып та қалғандаймыз. Бірақ, бұл жолы едәуір қысылыңқырап, қиналыс үстінде жатқан қарияның айналасына алыс-жақыннан бала-шағалары түгелге жуық жиналып қалыпты.
– Әкемнің өмір жолы аудан халқына алақандағыдай айқын ғой. Дегенмен, өз қолыммен әкем туралы жазып қойып едім. Міне, осыны Жеңіс мерекесіне орай жарық көретін төлбасылымға жарияласаңыздар екен. Бұл менің әкемнің алдындағы перзенттік борышымның бір өтеуіндей болар еді, – деп естелігін қолыма ұстатты. Біз бүгін атаның ең жақсы көретін қызы – Алтынның осы бір жүрек жарды жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынбақпыз.
Әкеміз біздің – Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Махметжан Сапарбаев 1923 жылы Жаңақорған ауданы, Ленин бөлімшесінде дүниеге келді. Әкесі Сапарбай теміржолшы, ал анасы Қыздаркүл үй шаруашылығымен айналысқан. Екеуі тоғыз перзент көрген екен, бірақ, содан үшеуі ғана аман-есен ер жеткен.
Әкеміз алты жасында мектепке барды. Аса елгезектігінен 1-ші сыныптан бірден 3-ке, 3-ші сыныптан 5-ші сыныпқа аттап, орта білімін аудан орталығындағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы мектепте жалғастарды. Мектептен соң ол Алматы қаласындағы қаржыгер мамандарын даярлайтын үш айлық курсқа жіберіледі. 1940 жылы ол аудандық қаржы бөлімінде инспектор , одан әрі есепші болып еңбек жолын бастайды. 1942 жылы мекеменің бас есепшісі болады. 42-нің шілде айында әскер қатарына шақырылады. Алдымен, Чкалов облысы (қазіргі Орынбор) Илецк қаласында әскери училищеде оқып, кіші лейтенант шенін алады. №20 танк дивизиясы құрамында №155 танк-десанттық бөлімше командирінің көмекшісі ретінде Брянск майданына кіреді. Өзінің айтуынша, Курск доғасындағы жүріп жатқан шайқастың қақ ортасына түседі. Курск шайқасы тарихта ірі майдан шебі саналды. Ол 1943 жылдың 5 шілдесінен 23-ші тамызына дейін жалғасқан. Онда екі миллионнан астам адам, алты мың танк, төрт миллиондай самолет қатысқан екен. Курск қамалын жанқиярлықпен қорғаған кеңес жауынгерлері қатарында менің әкем – кіші лейтенант Махметжан Сапарбаев та зұлым жаумен бетпе-бет шайқаста сұм тажалды бастан өткерді. Алғы шепте алты күн бойы бір қадам да ішкері ене алмаған жау әскеріне құрамында біздің әкеміз бар жауынгерлер тойтара соққы беріп, қарсы жақтың бүкіл жоспарының күлі көкке ұшты.Қырық тоғыз күн мен түн кескілескен Курск доғасы үшін соғыста жан аямай шайқасқандар бүгінгі бейбіт күннің шырағы маздауына қасық қаны қалғанша күресті.
Әкемнің пайымдауынша, өзі және қаруластарының ажалдың бетіне тік қарап, жауды тойтарып, жеңіске жетуіне нақ осы Отан алдында берген айнымас сертімен адал сүйіспеншіліктері себеп болғандай. Бұл соғыста әкеміз үш рет жараланып, Тула және Қазан қалаларындағы госпитальда емделіп шыққан. Соңғы рет ауыр жарақат алып, 1944 жылдың қарашасында елге қайтарылды. Елге келісімен өзінің бүкіл күш-жігерін тылдағы ел жағдайының аяққа тұруына арнайды. 1944 жылдың желтоқсанынан бастап аудандық атқару комитеті жұмылдыру бөлімінде, 1946 жылдан 1949 жылға дейін аудандық-әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде, ал 1949 жылдан 1952 жылға дейін аудандық сақтандыру кассасы меңгерушісі болып қызмет атқарады. Әкеміз үнемі білімге ұмтылған. Осы мақсатпен КазГУ-де жоғары білім алып, экономист-қаржыгер маманы атанды. Міне, осы мамандығымен 1952-1972 жылдары Мемлекеттік банктік аудандық бөлімшесін 20 жыл бойы басқарды.
Әкеміз біздің әр уақытта қоғам мүддесін өз басынан жоғары қоятын. Мәселен, 1959 жылы ауданды су алғанда мемлекеттік банк ғимаратының бүкіл құжаттарын 18 миллион сом қаражатымен бірге аман сақтап қалыпты. Ол одан әрі аудандық тұтынушылар қоғамын басқарып тұрған кезінде кент орталығында сол кезде күніне 2,5 тонна нан шығаратын наубайхана, сыйымдылығы 200 тонна азық-түлік қоймасын салуға қол жеткізді. Ауданда 96 сауда нүктесі бой түзеген. Осындай жетістіктері үшін кәсіпорын ауыспалы «Қызыл туды» иеленіп, Республика бойынша Социалистік жарыста жеңімпаз атанған.
1972 жылдан 1980 жылға дейін Жаңақорған поселкелік Кеңесін басқарды. Әкеміз зейнетке шыққан соң да қоғамдық қызметтен қол үзбеді. 1986 жылдан 2012 жылға дейін Жаңақорған аудандық Ардагерлер Кеңесін басқарды. Бұл кезеңдері ол соғыс ардагерлеріне, мүгедектерге және аз қамтылған отбасыларға айрықша қамқор болды. 2015 жылы ол үкіметтік ұсыныс негізінде Мәскеуде өткен әскери парадқа қатысып қайтты.
Ол отбасына да ерекше жүрек жылуын арнаған жан. Адал серігі анамыз – Әмида Сарбасовамен алпыс бес жылға жуық тату-тәтті ғұмыр сүрді. Анамыз біздің 2010 жылы өмірден қайтты. Бірақ, әкемнің аяулы жарымен алғаш кездесуі туралы естелігі әлі ұмытылған емес. Әкемнің айтуынша, бұл бір ғажайып оқиға болыпты. 1946-шы жылдары майдангер жас жігіт ат үстінде келе жатып қараса, алдында үш қыз кетіп барады екен. «Осы қыздардың қайсысы бірінші бұрылып қараса, соған сөз саламын» деп іштей бекінеді. Бірінші болып біздің анамыз қараған екен. Әкеміз сол күні-ақ құдалыққа адам жібереді. Міне, осы күннен бастап екеуінің жарасымды жұбайлық ғұмырлары жалғасын тауыпты. Екеуі бірге алты ұл-қызды өсіріп, жетілдірді. Бәрі де әке үмітін ақтап, абыройлы азаматтар болып қалыптасты. Бірі ғалым, бірі зерттеуші, бірі кәсіпкер. Ал, немерелерінің барлығы дерлік ата жолын жалғаған экономисттер.
Әкеміз біздің «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі» және «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. 2014 жылы «Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталды.
Біз бәрінен бұрын әкеміздің әлі де арамызда екеніне шын разымыз. Ол қанша жасқа келсе де, біздіңнағыз періштеміз, қорғанымыз, тірегіміз және сүйенішіміз. Ол біз үшін өмір бойы мақтанып өтуге тұрарлық таңғажайып тұлга.
Махметжан ағаның қызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің доценті Алтын Сапарбаева осылай деп сыр толғайды. Өкініштісі, ардақты әке туралы газеттің мерекелік санына жариялап, асыл жанға тарту ретінде ұсынбақ болған жазбасы қапелімде еске алу мазмұнындағы естелікке айналып, ол кісіні жақсы білетін, қадірлейтін қалың елінің көңіліне жол тартты.
Сейсенбі күні Жаңақорған жұртшылығы болып, Ұлы Отан соғысының ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің Құрметті төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Махметжан Сапарбаевты соңғы сапарға шығарып салды.
Қаралы митингте аудан әкімі Ғалым Әміреев сөз алып, Махметжан ағаның бейбіт өмірге қосқан үлесі, аудан экономикасы мен әлеуетінің өсуіне қосқан теңдессіз еңбегіне терең тоқталып өтті. Бүкіл тағдыр-талайы атамекен тарихымен тұтаса өріліп жатқан тұлға туралы кезінде өзімен қызметтес болған қоғам қайраткерлері шынайы лебіздерін арнады. Кезінде ауданымыздың әкімі болған, қазір де ел игілігіне қызмет жасап келе жатқан Нажмаддин Мусабаев ағамыз,аудандық ардагердер кеңесінің Құрметті төрағасы Зинабдин Шермұхаммед, Махметжан ағаның үлкен ұлы Оразалы ағаның жүректен шыққан шынайы лебіздері жиналғандардың жан-дүниесін толқытты.
Ал, асыл аға бір кездері өздері жасты жанармен қарсы алған қуаныш мерекесінде тура араға жарты ғасыр салып туған жұртының жүрегіне қастерлі қимастыққа толы мұңды қалдырып, артына қайрылмастан кете барды.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
09 мамыр 2019 ж. 1 654 0