» » » ЕСІМІ ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ АЗАМАТ

ЕСІМІ ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ АЗАМАТ

Қай кезде де қатар жүріп, еңбек соқпақтарында қиын-қыстауларын бірге жеңген ағалар, қатар замандастар жыл өткен сайын, жасың ұлғайғанда есіңе алып, ойыңды қозғайтын адал еңбегімен, ақ пейілмен өзіне тарта жүріп, жасының үлкендігіне қарамай, қатар жандарша, ақыл-кеңесін айтып, ой бөлісіп жүретін абзал жандарды іздегендей боласың. Міне, сондай замандас ағалардың бірі, көптің көңілін тауып, еңбекте абырой биігінен көрінген Бейсенбек ағамыздың орны ерекше еді.
Мен 1965 жылы университетті бітіріп, «Красная звезда» мал шаруашылығына бухгалтерлік жұмысқа келгенімде Бейсенбек Ақылбекұлы совхоздың №3 фермасында зоотехник қызметінде еді.
Біздің алғашқы таныстығымыз, 1966 жылы совхоз директоры ауысатын жиналыста кездесуден басталды. Совхозға директор болып белгілі азамат Шәзінда Қарақожаев келді.
Жиналыста орта бойлы, дөңгелек жүзді, қырықты алқымдаған келбетті азамат «Мына орын бос па?» деп сұрады. Мен де тез орнымнан тұрып, «аға отырыңыз» деп қол беріп, амандастым. Жиын басталам дегенше қасымдағы кісіні әңгімеге тартып, жақындау таныстым.
– Мен Бейсенбек Ақылбеков деген ағаң болам. Фермада зоотехникпін, – деп әңгімесін бастады.
Одан кейін әңгімеміз ашық-жарқын ұласып, бір-бірімізді бұрыннан білетін ескі достардай сырласа кеттік...
– Аға екі жыл болды, орталыққа сирек келесіз, қайда тұрасыз? – дедім.
– Қойшылармен бірге жазда тауда, қыста Сырда боламын. Ал, үйім Сүттықұдықта, – деп жауап қатты.
Екеуара әңгімені жиналыс бөлді. Жарты сағаттың ішінде Бейсекеңнің жылышырайлы, мейірімді жан екенін білдім.
Міне, осы кезден бастап Бейсенбек ағамен ағалы-інілі сыйластық ұласты. Мен 1970 жылдың сәуір айында төрт жыл бас экономистік қызметтен, аудандық партия комитетінің шешімімен Төменарық совхозына бас бухгалтер болып келгенімде, Бейсенбек аға да уәделескендей осы шаруашылыққа ауысып, ферма меңгерушісі болып тағайындалды.
Бұл кісінің іскерлігін, өзі жүрген ортаға деген азаматтық көзқарасын, парасатты ақыл-оймен қарамағындағы жұмысшының тілін таба білетінін ұқтым. Жұмысқа деген адалдығы, жауапкершілігінің арқасында совхоздың абырой-беделі артып, 100 аналық қойдан 105-115-ке дейін төл алып, бір-екі жылда республикада екінші орынға ие болдық. Осылайша Республиканың ауыспалы «Қызыл туын» жеңіп алдық.
Бір күні «Мұзарап сырымды да, шынымды да саған айтам, шешімін өзің тап, директорда сенің сөзіңді тыңдайды» деп өтініш білдіргендей сыңай танытты.
– Оу, Бейсеке! Не мәселе? Айта беріңіз, – дегенімше, ол былай:
– Анау №2 ферма алынған төлдің 60-65 процентін арнайы еркек қозы етіп көрсетіп, 35-40 проценті ұрғашы болады екен де, 50-60 проценті егіз туды болып шығады екен. Содан 100 аналықтан кейбір шопандар 120-130-дан төл алды болып көрсеткішке жетеді екен. Осы жағдайды бас есепші ретінде анықтап көрсең, – деді.
– Жарайды Бейсеке. Анықтап көреміз, – деп шығарып салдым.
Сосын бұл қалай болғаны деп ойландым. Ақыры мәселені совхоз басшысына айтпасам, аяғы қылмыстық әрекетке жол беретінін түсіндім.
Совхоз директоры көпжылдық тәжірибесі бар Әбутәліп Алтыбаевпен түсіністікпен жұмыс істеп жүргенмін. Көп кідірмей жұмыс соңына таман кіріп, мән-жайді айтқанымда аң-таң болған басшы, тез арада бас зоотехникті алдыртты.
Бас мамандарды жетекші етіп құрылған комиссия өтіріктің бетін ашып, Бейсекең айтқаны айдай анықталып, біраз адамдар ферма басшысынан бастап жұмыстан босатылып, шындық орнына келді.
Біздің Бейсекең осындай тазалық сүйгіш қасиетін айта берсе мысал көп.
Одан кейінгі жылдары «Алмалық» совхозына директор болғанымда, Бейсекең осы совхоздың Байкенже бөлімшесіне басқарушы болып келді.
Бейсенбек ағаның қоғамдық жұмыстарға белсенділігі, кейбір ағайын арасындағы түйткіл мәселелерді шешуде орынды сөзімен ерекшеленетін.
Ауыл ақсақалдар алқасының басшысы ретінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жетім-жесірге әлеуметтік жәрдем-көмек беруді ұйымдастырып, басшыға қосшы болып жүретіндігі ел есінен шыққан жоқ.
Ағамыз биыл 90 жасқа толар еді. Амал не, өмір деген өзекті бәріне берер кезекті дегендей, өмірден озғанына да жиырма жылдай уақыт болыпты.
Бейсенбек секілді ел ардақтыларының қабілет-қарымы мен болмыс-бітімін жас ұрпақтақтың бойына сіңіріп, насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет-ақ. Бұл – аға буынның асыл міндеті екені сөзсіз.

Мұзарап МАХМҰТҰЛЫ,
ауданның «Құрметті азаматы».


23 ақпан 2019 ж. 890 0