№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Абай – рухани шамшырақ

Абай – рухани шамшырақ


Абай тойы басталды. Иә, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты салтанатты кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, рухани-мәдени мерекелік шараларды ресми түрде бастап берді. Қазір жер-жерде Абайды ұлықтау шаралары өткізіліп, Абайдытану бағытында мазмұнды шараларға куә болудамыз.


Кітапхана – руханияттың орталығы десек, Абайтану іліміне үлес қосу бізге міндет. Сондықтан аудандық кітапхананың басшысы Әсем Тілеубергенова әдеби марафонға ұйытқы болды. Қазір Жаңақорған ауданындағы ауылдық округтегі кітапханашылар әдеби марафонды жалғастырып, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқып, талдап, оқырманды белсенді қатысуға шықыруда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Ұлы ақынның шығармалары бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық болады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн», деді.
Абайдың шығармаларына зер салсаңыз, елдің өркениет көшінен лайықты орын алу жолында білімге, еңбекке шақырды. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі арқылы білімсіздік пен надандықты, жалқаулық пен екіжүзділікті, күншілдік пен мансапқорлықты, менмендік пен мақтаншақтықты, әділетсіздік пен сатқындықты сөз етіп, жаман қасиеттерді тәрбиелеу керектігін түсіндіріп, адами капиталдың маңызын түсіндіріп, толық адам идеясын ұсынды.
Адам болам десеңіз
Бес нәрсеге асық бол
Олар: Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым.
Яғни адамды рухани кемелдендіріп, ой-санасын жетілдіріп, ғылымды меңгеруге қажетті дағдыларды көрсетті.
Бес нәрседен қашық бол.
Олар: Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ.
Бұл – қоғамның негізгі керітартпа факторлары. Мұндай әдеттерден біз арыла алдық па?!
Абайдың «Қанағат, Рақымына» қарағанда «Бекер мал шашпағын» берік ұстандық. Оған аста-төк тойлар бәсекесі дәлел.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен негіз алған «толық адам» идеясын Абай қара сөздерінде талдайды.
Төртінші қара сөзінде күлкі мастық екенін, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен өткізуден сақтандырады. Жетінші қара сөзінде айтылатын «жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасын көкірекке сәуле, көңілге сенім құймай адамдық деңгейге жетпейтінін түсіндіреді. Он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек үшеуін ғылым арқылы таразылап: «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсандар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол», дейді.
Отыз сегізінші қара сөзінде толық адам дәрежесіне жетпей толыққанды өмір сүру мүмкін еместігін алға тартып: «Құдай тағаланың ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» дейді. Сосын адамдықтың қалыбын былай ұсынады: «Әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Екіншісі – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпақтық шақырады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надақтық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің», деп ары қарай надақтық, еріншектік, залықтықты тереңірек талдап, жаман қасиеттерден сақтандырады.
Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлары бізге шамшырақ болуы тиіс. Сонда өркениет көшінде өз орнымызды тауып, дамудың жолына түсеміз. Абайдың тереңдігі де осында. Оның мұндай кемелдігіне орыс халқы да қатты қызықты. Оны Абайтанушы ғалымдардың еңбектеріне зер салу арқылы білесіз. Мәселен, Семей қаласы кітапханасының оқырманы Абай «Современник», «Русский вестник», «Вестник Европы», «Исторический вестник», «Русская мысль», «Русская речь», «Новости», «Новое время» журналдарын үнемі назарында ұстағаны білеміз
Абайдың рухани мұрасын оқу арқылы осындай ойға кеңелесіз...

Әсем САҒАТҚЫЗЫ,
Жаңақорған аудандық
орталықтандырылған
кітапхананың кітапханашысы

25 қаңтар 2020 ж. 791 0