№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Болмысы биік азамат еді

Болмысы биік азамат еді

Уақыттан жүйрік не бар? Жылды жылға, ғасырды ғасырға жалғап, өтіп бара жатқан бір дәурен дерсіз! Осы уақыт көшінде жақсының аты, ғалымның хаты ғана өлмейді екен. Мұны неге айтып отырмыз. Мырзахан атамыздың тағлымы мен тәлімі ұрпағымен бірге жасап келеді.
1913 жылы 10 қазанында атамыз Мырзахан Өскенбайұлы Төменарық ауылдық кеңесіне қарасты Молотов колхозында қарапайым шаруа отбасын­да дүниеге келді. Жастайынан әкесінен айырылып, әжесі Оразгүлдің тәлімін алды. 
Балғын шағынан зеректігімен көзге түседі. Мектепте сапалы ілім алуға мән береді. 1934 жылы Қызылорда қаласындағы «Совпартшколаға» түсіп, 8 айлық курсты бітіреді.
1935-1938 жылы Өзбек ССР-індегі Кушка қаласындағы ГСИ №248-ші атқыш­тар бөлімінің командиры ретінде әскери міндетін атқарады.
1938 жылы Жаңақорған аудандық соты хатшысы қызметінен бастайды. 1940 жылы әскери комиссарияттың ұсынысымен Алтай өлкесіндегі Бийск қаласындағы офицерлер даярлайтын курсқа жіберіледі. 1941 жылы Кушка қаласында жаяу әскер взводының командирі ретінде бір ай даярлықтан өтіп, №1-ші ұлттық бригаданың құра­мында Калинин майданында соғыс­қа араласады.
1941 жылғы 29 қарашада кезекті бір шайқаста Мырзаханның взводына бұлар тұрған деревняны кешке дейін жауға бермеу туралы полк командирінен қатаң тапсырма жетеді. Мәскеуге небары 140 шақырымдай қалған. Лейтенант Мырзахан Өскенбаев 13 сарбазымен күші тең емес жаумен арпалысқа түседі. Тың күш келгенше шепті ұстап тұрып, айқаста бауыр тұсынан ауыр жараланады. Осы айқастағы қайсарлығы мен сарбаздарын жұмылдыра білген ептілігі үшін «Ерлігі үшін» медалі табысталады. 
Начинск қаласындағы ауруханада емделіп, 1119-шы атқыштар бригадасына взвод командирі болып соғысқа қайта кіреді. 1944 жылдың 25 қаңтарында Прибалтика майданына қатысады. Одан кейін Эстония мен Латвия, Литваны азат етуге қатысады.
1944 жылдың 19 қыркүйегінде Литваны азат ету кезінде кеудесінен ауыр жараланып, госпитальға түседі. Дәрігерлер жүрегіне жақын тұрған снаряд жарықшағын ала алмады. Оның майдан даласындағы ерлігі үшін сол кездегі ең жоғарғы наградалардың бірі «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттайды. Аруханадан шыққаннан кейін «әскерге жарамсыз» деп тауып, елге қайтады.
1945 жылы аудандық партия комитеті аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне меңгеруші етіп тағайындайды. Осы қызметті 1948 жылдың маусым айына дейін атқарды. Одан кейін аудандық шаруашылық дайындау конторасына директор болып ауысып, онда 1949 жылға дейін қызмет атқарды.
Білімін жетілдіру үшін 1949 жылдың қыркүйек айынан 1951 жылдың маусым айына дейін Алматы қаласындағы заңгерлер мектебіне оқуға түсіп, оны үздік бітіреді. Одан кейінгі кезеңде Қызылорда облыстық Әділет басқармасы мен облыстық сотта заңгер қызметін атқарды.
Онымен қызметтес болған жерлестері жылы пікірде. Бүгінде ауданға белгілі заңгер Әбушахман Өсербайұлы атамыздың алдын көріп, тәлімін алғанның бірі
– 1966 жылы Шиеліден бөлініп, Жаңақорған ауданы болып қайта құрылды. Халық соты ашылды. Адвокат ретінде Мырзахан Өскенбайұлы істеді. Мен 19 жаста тұғынмын. Заң факультетіне түсу үшін екі жыл заң саласында қызмет істеу керек деген талап болды. Сонымен сот мәжілісінің хатшысы болып орналастым. Мырзекеңмен бір кабинетте отырдым. Ол сыпайы, кішіпейіл, жайлы тұлға ретінде сыйлы болды. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін. Күліп жеткізген әрбір сөзі ойында жаңғырып жүретін. Осы күні Мырзекеңнің айтқандары әлі құлағымда. Азаматтық, қылмыстық істерге адвокат ретінде қатысқандағы сөз саптауы мен адам тағдырына бөлек қарайтын. Жалпы Мырзекең ұстаз тұттық. «Әбеңжан» деп еркелетіп, білім алу керектігін ескертіп отыратын. Хатшы болдым, сот орындаушы болдым. Сол кезде де бір кабинетте отырдық. Кейіннен нотаруис болдым. Сонда: «Ә, Әбеңжан, келген кісілердің жұмысын тезірек бітіріп жібер. Адамның алғысын аласын», деп отыратын», – деді заңгер.
Полиция қызметінің ардагері Оразәлі Жамалхан да атамызбен қызмет бабында жақын араласып, ұстаз тұтыпты.
– 1967-1980 жылы қызмет бабында бірге болдық. Сот, прокуратура, милиция бір ғимаратта болатын. Жиырма жылдай тергеуші болдым. Біздің қызмет адвокатпен тығыз байланысты болды. Кейде Мырзекеңнен ақыл сұрап барамыз. «Е, қылмыскерді кінәлап сөйлеуге болмайды. Оны жағдайын түсін. Оның тілінде сөйлес. Сонда ғана ашылады», дейтін. Айтайын дегенім, Мырзекең адамның жанын терең түсінетін психолог еді. Біздің буын оны ұстаз тұтты. Сөзін құрметтеп, ақылына құлақ асатын, – дейді Орекең.
Заң саласының ардагері Қасымбек Төлепбергенов: «Заң саласының ардагерлерінің ішінде Мырзабай Өскенбаевтың орны ерекше. Аудандағы сот саласының қалыптасуына көп еңбегі сіңді. Қылмыстылықтың алдын алуға қызмет етті. Сот процесінде айыпталушының қылмысын жан-жақты зерделеп, саралауына ықпал етіп, босатылуына немесе жеңіл жаза алуына мүдделі болды. Сөзді тауып айтатын. Тіпті сот үстінде судьялар оның сөзіне құлақ асатын. Оның артында ұлағаты қалды. Өсиетін ұстанған 8 ұл-қызы ауданның өсіп-өркендуіне үлес қосуда. Бір айта кететіні, ағамыз соғыста 6 рет жарақат алып, кеудесіндегі снаряд жарықшағын 40 жылға жуық арқалап жүрді. Мұның өзін батырлыққа балауға болады, – деді.
1951-1954 жылы Жалағаш аудандық Халық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. 1954-1980 жылы Шиелі, Жаңақорған ауданында қорғаушы (адвокат) болып қызмет атқарды. Оған Қазақ ССР-і адвокаттар қауымдастығының ұсынысымен «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Болмысы биік азаматтың болмыс-бітімін жастарға насихаттау маңызды іс. Осы бағытта атамыз Мырзахан Өскенбайұлының атын да көше беріліп, жүйелі шараларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырған абзал. Өйткені ата аманатында елдік мұрат, мемлкеттік мүдде жатыр.
Нұржан МЫРЗАХАНОВ
24 қараша 2019 ж. 663 0