№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТОЛАРСАҚТАН ОТ КЕШКЕН

ТОЛАРСАҚТАН ОТ КЕШКЕН

Бүгінгі бейбіт заман мен мамыражай күннің оңайлықпен келмегені бесенеден белгілі. Бұл күн – қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, елім, жерім, болашақ ұрпағымның алтын ұясы деген ыстық махаббатпен неміс әскерімен күрескен, оларды тас-талқан етіп жеңіп, жеңіс туын көкке желбіреткен батыр бабалардың арқасында келді. Зұлмат соғыс уақытында бүгінгі күнге жету үшін талай жаңақорғандық қырандар қыршыннан қиылып, азаттық жолында аянбады. Солардың қатарында Сәрсен Сариев те бар еді.
Ол 1917 жылы Қаратаудың бөктеріндегі Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық білім алғаннан кейін, бастауыш мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысы басталған уақытта әскер қатарында болады. Бұл кезде бүкіл елде әскер жасындағы азаматтарды Қызыл Армия қатарына шақыртып, соғысқа аттандыру басталған тұс еді. Бірақ, ол уақытта Кеңес Одағы, әсіресе Орта Азия мемлекеттері мен Қазақстан халқы соғысқа мүлдем дайын болмаған. Осы кезде Сәрсен Сариев Орта Азия Әскери округінің Әндіжан қаласында ашылған шұғыл түрде кіші командирлер дайындайтын әскери курсына оқуға жіберіледі. Курсты бітірген соң Орта Азия әскери округінің 32-ші резервтегі атқыштар дивизиясы, 209-шы резервтегі атқыштар полкінің құрамына взвод командирі дәрежесінде кіші лейтенант атағымен Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласындағы үлкен әскери гарнизонға түседі. Осы жерде әскер қатарына шақырылып, соғыс жағдайына бейімделіп, майданға дайындалып, өз қалауымен майданға аттанады. Аягөз қаласынан өмірлік жолдасы Бизайна Мұқықызын жолықтырып, соғыстан аман оралса бір болуға уағдаласқан екен.
Ресей Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған «Память народа» сайтының деректеріне сәйкес, Сәрсен Сариев 1-Беларусь майданының 45-армия, 85-атқыштар дивизиясы, 257-Суворов орденді Варшава атқыштар полкының атқыштар взвод командирі дәрежесінде соғысқа кіреді. Бұл уақыт Қызыл Армия Европа елдерін азат етіп жатқан кезі. Ол жаяу әскерлер қатарында алғы шепте болып, бірнеше қала мен елді мекенді фашист басқыншыларынан азат етіп, Берлинге жетеді. Атақты «Берлинді штурммен шабуыл жасап алу» операциясына қатысып, Рейхстагқа шабуылдайды.         Немістердің 1945 жылы Шпондаун қаласын азат еткен ұрыс кезінде Сәрсен Сариев өзінің взводымен қалаға бірінші болып кіреді де, неміс фашистері бекініп отырған үйге жасырынып жақындап, жаудың көзін жояды. Одан кейін, Цабакук деревнясы маңында болған ұрыста каналда орналасқан көпірге алдымен жетіп, фашистерге көпірді жарып жіберуге жол бермей, Қызыл Армия әскерінің каналдан өтуіне мүмкіндік жасап, көпірді қорғап қалған. Қан майданда еш жарақат алмау мүмкін еместігі белгілі. Сәрсен Сариев те 1945 жылы 6-мамыр күні жарақаттанып, госпитальге түседі.
Сәрсен Сариев осы ерліктері мен батырлығы үшін КСРО Жоғарғы Советінің қаулысымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, бірнеше қаланы азат еткені үшін алғыс грамоталарымен марапатталған.
Ол 1946 жылы Қызыл армия қатарынан босап, уәдесі бойынша алдымен Аягөз қаласындағы Бизайна апайды алып, екеуі бірге туған жерге оралады. Елге келген соң ауданның ауылшаруашылық саласында елеулі еңбек етіп, басшылық қызметте болады. Ақтөбе ауылдық кеңесінің хатшысы, кеңес төрағасы, аудан орталығындағы май зауытының директоры, бірнеше колхоздың председателі қызметтерін атқарады. Өмірінің соңғы жылдары өзі туып өскен «Бірлік» совхозының «Қосүйеңкі» ауылында ферма меңгерушісі болып жұмыс істейді. Осы елді мекенді алғашқы ұйымдастырып, Қаратау етегінде Ақүйік, Талдысу, Құланшы өзендерінің бойында шашыла қоныстанған ағайынын совхоз орталығына жақындатып көшіріп, өз алдына ауыл болуына атсалысады. Соғыстан кейінгі жылдары елдің тұрмысын жақсартуға, мал басын көбейтіп, аудан экономикасын көтеруге үлкен үлес қосады.
Сәрсен Сариев туған жерге адал перзент деген атына адал болып, соғыстан алған жарақатының салдарынан 1968 жылы 51 жасында дүниеден өтеді.
Индира САРИЕВА.
06 мамыр 2018 ж. 1 103 0