№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Төменарықтан шыққан тұңғыш дәрігер

Төменарықтан шыққан тұңғыш дәрігер

Төменарықтың тіні ерте кезеңдерден тамыр тартады. Тіпті Сығанақ қаласымен байланыстырып жататындар да табылады. Береке дарыған өлкеден ұлттың дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалар көптеп шықты. Соның бірі – дәрігер Әділбек Тоқтыбаев.
1914 жылғы 25 тамызда Төменарық станциясында саудагер-кәсіпкер отбасында дүниеге келеді. Әділбектің әкесі Тоқтыбай қазақтың қараша үйін шебер жасайтын ұста болған. Ол кезде қараша үй сұранысқа ие болғаны белгілі. Олай болса, Тоқтыбайдың ел арасындағы беделін бағамдауға болады. Ал анасы Сұлтанай 13 құрсақ көтергенімен тұрақтамайды, тек Сұлтанбек, Құрманкүл және сүт кенжесі Әділбектің тілеуін тілеумен өтті.
Әділбек жастайынан ұқыпты, зерек болып өседі. Кіндік қаны тамған жерде әріп таниды. Сосын Ақмешіттегі орыс-қазақ мектебінде білім алады. 1940 жылы Алматы қаласындағы дәрігерлік институтын бітіреді. Алғашқы еңбек жолын сондағы емдеу мекемелерінің бірінде бастайды.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Әділбек Алматыдағы Сталин атындағы әскери комиссариат арқылы әскер қатарына шақырылып, майдан шебіндегі 422 атқыштар дивизиясының, 106 артиллериялық полкіне кіші дәрігер болып бекітіледі. 1942 жылы әскери дәрігер Ә.Тоқтыбаев басқа әскери бөлімге ауысып, Сталинград үшін шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы, жаралы жауынгерлерді сауықтырудағы ерен еңбегі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталады. Сол жылдың май айында Сталинград үшін болған алапат шайқаста жау самолеттерінің кезекті бомбалауынан соң аяғының тізеден жоғары тұсынан жарақат алып, 1943 жылдың 24 мамырына дейін Мәскеудің орталық госпиталінде ем қабылдап бір аяғын берген Әбекең елге қайтарылады. Туған жерге оралысымен Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері болып бекітіледі. 1944 жылдың 3 наурызы күні Қызылорда облыстық әлеуметтік-сараптама эксперттік комиссиясы шешім шығарып «ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деп таныды. Бұл кезеңде дәрігердің мойнында үлкен жүк болатын. Бүгінгідей заманауи құрал-жабдық, жайлы ғимарат жоқ. Бірақ ісіне адал жандар қандай болмасын қиындыққа мойымай қарсы тұрып, жұмысын ширатады емес пе?! Әділбек Тоқтыбайұлы да анау жоқ, мынау жоқ деп отырмай қолда бар мүмкіндікпен халыққа сапалы қызмет етудің қамына кіріседі.
Жұмысқа жауапты азамат облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Баймахановтың бұйрығымен Қызылорда қаласында даярлықтан өтеді. Сосын Шиелі ауданына рентгенолог маманы болып қызмет етеді.
1945 жылдың 10 қаңтарында әскер қатарына қайта шақырылып Ақмоладағы облыстық әскери комиссариатпен әскери гарнизон дәрігері болып бекітіліп, атақты дәрігер Розенбергтің қарамағында ординаторлық қызмет атқарған ол осы мерзімде Ақмола тубдиспансерінде фтизиатор-рентгенолог ісіне маманданды. 1946 жылдың шілде айында әскери қызметке жарамсыз деп танылып, Түркістан әскери округі қолбасшысының бұйрығымен әскер қатарынан босатылған соң туған жерге оралып Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қайта тағайындалған ол кадр жетіспеушілігі себепті әрі хирург, әрі рентгенолог қызметін атқарады.
Жауынгер – дәрігер 1948 жылы дүние салды. Аудан тұрғындары қиын кезде қаншама адамның ажалына арашашы болған аяулы дәрігерді ақтық сапарға қимастықпен шығарып салады.
Қазір осы асыл азаматтың тұяғы – ұлы Мэлс 1987 жылдан бері РУ-6 мекемесінде абыройлы еңбек етіп келеді. Төрт баланың әкесі атанған бұл азамат та 1969-1971 жылдары Семей жер асты сынақ полигонына қатысушы ретінде Ұлы Отан соғысының ардагерлігіне теңестірілген. Кіші ұлы Асылбек болса әке жолын қуып Астанадағы медициналық академияның түлегі, бұл күнде сол қаладағы емдеу мекемелерінің бірінде еңбек етуде. Өмір жолы қиын кезбен тұспа-тұс келген азаматтың ғұмыры осылай өріліп, ерте үзілген еді. Ал туған жері өзінің ер мінезді ұландарын ешқашан ұмытпақ емес.
Әттең-ай, ауданнан шыққан алғашқы дәрігердің бірі Әділбек Тоқтыбаевтың есімін ұлықтау шаралары қолға алынса жақсы болар еді...

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ
24 қыркүйек 2019 ж. 988 0