№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жетігеннің қоңыр сазы Жаңақорғанда

Жетігеннің қоңыр сазы Жаңақорғанда

Қазақ – жаратылысынан қашанда өнерге жақын халық. Қазақтың мәдениеті мен өнері өзгелерден ерекшелеп, дара болмысын танытады. Әсіресе ұлттық ерекшелікті танытуда музыка өнерінің өзіндік орны зор. Оның ішінде музыкалық аспаптарды танып, олардың әуезді әнімен көптің көңілін тербете білу үлкен өнер. Сондай аспаптың бірі – жетіген болса, оны еркін меңгерген – Нұрай Нұрдінді оқырманға жете таныстыруды міндет тұттық.

Жетіген – бұл қыз баласының нәзіктігін, сұлулығын, биязылығын көрсетіп тұратын ерекше аспап.
Нұрай Нұрдін жастайынан зерек, өнерге жақын болды. Мектеп қабырғасында түрлі үйірмелерге қатысып, өнерін шыңдап, түрлі деңгейдегі өнер байқауларында олжалы болып, көптің көзіне түсті. Би үйірмесіне қатысып, төрт жылдық домбыра мектебінде тәлім алды.
– 2015 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің «Халық» бөліміне қабылданып, қазақтың көне аспаптарының бірі – жетігенді меңгердім. Бұл аспаптың қыр-сырын Нұргүл Жақыпбек үйрендім. «Жетіген аспабының құрылымы және ойнап үйрену әдістемесі» атты жетігеннің қыр-сыры жайлы алғашқы кітапты шығарған да осы ұстазым, – дейді  ол.
Оның айтуынша, адамның бойында жетігенге деген махаббат болмаса, оны меңгеру мүмкін емес. Ұстазымның үйрету техникасы мен жетігеннің үні менің осы дәстүрлі аспапқа деген махаббатымды оятты. 
– Әкем мен анам өнер адамдары болмаса да, өнерді түсініп бағалай білетін жандар. Өнер жолы қыз баласына ауыр екендігін айтып, бұл жолды таңдауыма әкем қарсы болды. Бірақ әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиет мені  өнерден алыстата алмады, – дейді Нұрай.
Нұрайдың алғырлығы мен зеректігі колледж қабырғасында оның танылуына жол ашты. Талантының арқасында аз уақыттың ішінде бірнеше аспаптарды меңгерген ол көптеген байқауларға шақырту ала бастады. «Қарақат мектеп студиясымен» бірге респубикалық деңгейдегі концерттерде, «Ән мен әнші» ән кешін де танымал өнер жұлдыздарымен бірге өнер көрсетті. Өнердің ордасында жүрген Нұрай үшін журналистика да жат емес, радио журналистикада саласында «NS» радио жүргізушісі Әсет Рахмандербиевтен білім алып, шабыты келгенде ойын қағазға түсіріп жүреді.
Домбыра, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай, фортепианоны да кәсіби  меңгерген Нұрай Нұрдін болашақта туған жерінде ұлттық аспаптарды кеңінен насихаттап, ұл-қыздарды өнерге баулуды мақсат етіпті.
Жетігенші қыз бүгінде Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде жергілікті «Қаратау қазынасы» ансамблі қатарында қызмет етеді. Нұр-Сәуле студиясында эстрада жанрында ән шырқап жүр.
–  Менің шығармашылық қабілетімді бағалап жұмысқа алған басшыларыма алғыс білдіремін. Жұмыстың қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді. Өнер адамы болған соң уақыт тапшылығы сезіледі. Қыркүйек айы басталғалы қарбалас. Келер айда да үлкен мерекелік іс-шаралар күтіп тұр. «Жас Отан» ұжымымен ең жас мүшесі болып,  «Медиа Жұлдыз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестивалге қатыстым, – деді ол.
Бүгінде ұлттық аспаптардың құндылығын дәріптеп, өзіндік сара жолын таба білген Нұрай талай жасқа үлгі болары анық.
 
Майра Ғаниева
22 қыркүйек 2019 ж. 1 860 0