№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » БАТЫРБЕКТІҢ МҰРАТЫ БИІК

БАТЫРБЕКТІҢ МҰРАТЫ БИІК



Шағын шаруашылықтарды ірілендіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін деңгейге жеткізу қажет. Үкімет алдындағы үлкен міндеттің бірі осы. Өйткені шағын шаруашылықтар тың жерлерді немесе айналымнан шыққан жерді қайта игеруге шамасы жетпейді, заманауи технологияны енгізіп, саланы цифрландыруға қауқарсыз. Уақыттың талабына сай шаруасын түзей бастаған шаруашылықтар қатарына Сунақата ауылдық округіндегі «Айбын» шаруа қожалығын жатқызуға болады. Батырбек Кенжеев төрағалық ететін шаруашылық 400 гектарға жуық алқапқа күріштің дәнін тастады. Іскер азамат басқаратын шаруа қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Шіліңгір шілденің ыстығында таңның атысынан кештің батысына дейін дала еңбегімен шұғылдану оңай емес. Каналдың да суы бірқалыпты дей алмаймыз. Мәселен былтыр су тапшылығына байланысты күріштіктің көлемі қысқартылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ата-әжелеріміздің маңдай терімен қазылған канал бүгінде Екпінді мен Сунақатаның қажетіне жарап тұр. Осы орайда, аз-кем канал тарихына тоқталсақ. Сырдария өзенінің оң жағасындағы «Оймақты» деген жерден сағасын алып, ұзындығы 18 шақырым болатын Сунақата каналын қысқа мерзімде қазуға жергілікті халық соғыс уағында жұмылдырылады.
Аудан көлеміндегі колхоздардан қол еңбегі көмекке келіп, қыстың күні жердің тоңының қалыңдығына қарамастан түнімен қазылатын арықтың ізіне от жағып, күндіз жер қазуға дайындайды. Күндіз-түні қауырт жұмысқа қарттар, жастар мен әйелдер қатысады. Осындай еңбектің арқасында 1944 жылы 4 сәуірде канал «Жаман бала» бөлімшесіне жеткізіліп, көктемгі егіске дайын болады. Сол жылдан бастап Сунақата каналы Жаңарық, Кеңесарық, Елтай, Қандыарал, Жаңажол, Мәдениет, Талдысу және Ынтымақ колхоздарын аяқсумен қамтамасыз ете бастады. 1945-1947 жылдары Сунақата каналының аяғы ұзартылып, 30,4 шақырымға жеткізілді. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында салынған каналға мән беріп, қазу жұмыстарын жүргізсе тау етегіндегі тың жерлерге дейін игеруге болады. Диқандардың ойынан осыны дөп бастық.
Сонымен діттеген жерге де келіп жеттік. Қожалық төрағасы Батырбек Балабекұлы күтіп алып, жол бастады. Сөзі салмақты, ойы жүйелі азамат әңгімені жақсы жаңалығымен бастады.
– Биыл шаруашылықта адам саны көбейіп, егіс көлемі артты. Ауыл азаматтарының бас қосып, бір қожалыққа бірігуі жақсы бастама. Екінші жаңалық аудастырған Лидер күрішінің биылғы тұр-сипаты қуантады. Бұйыртса, әр гектардан 60-65 центнер өнім аламыз деген ниеттеміз, дейді ол.
– Шаруашылық қай жылы құрылды?
– 2003 жылы Алматыдан ауылға келіп, қожалықты аштым. Туған өлкеге келуімнің бірден-бір себебі, ағайынның тұрмысын түзетіп, тұралап қалған ата кәсіпті жандандыру болатын. Бір сөзбен айтқанда, елге қызмет ету үшін келіп, ауыл азаматтарының басын қостым. 16 жыл өтіпті, енді еңсе көтеріп жатырмыз.
– Қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– 17-20 адам жұмыс жасайды. Маусымдық жұмысқа тартылған еңбеккерлердің жалақылары да уақытылы. Ең бастысы, жұмыс істеймін деген ниет болса, қай жерде болмасын жұмыс табылады. Бізде бір өкініштісі, тәуекелшіл болу жетіспейді, бір жағынан «өзім дегенде өгіз қара күшім бардың» күйінен шыға алмай жүрміз.
– Техника жағы қалай?
– Шыны керек, ерте көктемде жерді тегістеп, егінге дайындайтын техникаларды Шымкент қаласынан арнайы алдырамыз. Күндігіне 50 000 теңге төлейміз. Ал қожалық есебінде әзірге 6 көлік бар, оның үшеуі жатка. Күзгі орымға дейін «Торм-750» деген канадалық комбайнын алу жоспарда. «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы алатын комбайн құны 80 млн. теңгені құрайды. Субсидия арқылы 20 процентін үкімет төлесе қалғанын өз мойнымызға аламыз.
Жол үстінде бізге қожалық сушысы Арыстан Төлебаев ілесті. Биыл қожалық қатарына қосылған диқанның еңбегі өнімді.
– Бұл Арыстан деген ауылдың азаматы. Егін саласына төселген білікті маман. Ерте көктемде ауылдың аға буыны жиналғанда біріге жұмыс жасауды қолдап, жауапкершілікті өз мойнына алды. Шілденің аптап ыстығында да тынбай еңбек етуде, нәтижесі жаман емес, – деді төраға.
Рас, жүйелі жұмысты егіннің басына барғанда көрдік. Күріш дән байлапты.
– Күріш те бала тәрізді деген рас екен-ау. Оған күнделікті күтімін жасап, кейде сырласып тұрасың. Таң бозарып атқанда бірінші күріштің көңіл-күйіне қарайсың. Гербицид, подкорн, фосфор, сульфатты уақытылы беру маңызды. Күріштің күтімі жылдағыдан жақсы. Соның салдарынан болар, Лидер күрішінің дәні жылдағыдан артық. Бұл – өнімнің белгісі. Құдай қаласа, төкпей-шашпай жинап алсақ болғаны, – деді диқан.
Биыл қожалық 380 гектарға күріш, 170 гектарға жаңа жоңышқа мен мақсары және 44 гектарға ескі жоңышқа екті. Жыл сайын 60 центнерден өнім алатын шаруашылық биыл осы деңгейден түспеуді мақсат тұтты.
– Ең алдымен атызға судың келуін көреміз. Өйткені күріш сусыз өспейді. Ала-жаздай суда тұруы тиіс. Жерді ауыстырып тұру да маңызды. Биыл осыдан үш жыл бұрын ашылған жерді игерудеміз, – деді шаруа.
Жыңғыл, шеңгел, жидеден ну орманға айналған жерлерді ашып, егін егу үшін де күш керек. Тәуекелшіл болуы тиіс.
– Шиелі ауданының өзінен 500 гектарға жуық жерді ашып, тәжірибе жинақтадым. Авнгард, Балаби, Еңбекші сынды ауылдарда болып, дала еңбегіне төселдім. Өзім қазір Шиеліде тұрамын. Менің бар көздегенім ауылдағы ағайынды жұмысқа жұмылдырып, біріге еңбек етуді ұйымдастыру. Олардың әлеуметтік жағдайын түзуге ықпал ету. Шынын айтқанда, шаруашылық игілігінде 44 гектар ғана жер бар. Қалған алқапты ауылдағы ағайыннан жалға алдық. Игерілмей жатқан қаншама жер бар, біз соны пайдаланғымыз келеді, алайда, жер иелері оны беруге құлықсыз. Айналымнан шыққан жерлерді қайта іске қосып, егін егіп, одан мол өнім алып, кәдеге жарату керек қой. Бірақ, ауылдастарым мұндай игілікті іске асықпай отыр.
– Бізде су тапшылығы үлкен мәселе. Сунақ ата каналы бастау алатын Қамысқақтан 36-аймаққа дейін канал қайта қазылса деген тілегіміз бар. Шиелідегі Бидай көл ауылы мен біздің егістік бір арнадан су ішеді, яғни, бір сағадан ағатын су екіге бөлініп су жібереді. Егер көрші аудан арнасын толықтай ашса, онда бізге су келуін тоқтатады. Ол жақта канал толық қазылған, бізде канал қазылмағалы қай заман. Әкімдік осыны ескерсе, қалғаны өзіміздің қолда. Екіншіден, кейде жер жетпей жатады, ауыл тұрғындары игерусіз қалған жерлерін жалға беретін болса, келер жылы егіс көлемін 1000 гектарға жеткізу жоспарда бар. Міне, бізді осы екі жайт қинайды, әйтпесе, егін шаруашылығын ширататын уақытқа келдік, – деді Батырбек Балабиұлы.
Үкімет кооперативтік өндірісті дамытуға мән беруде. Яғни ірі-ірі ауылшаруашылық құрылымын құруға және дайын өнім өндіруге қолдау білдіруде. Біздің кейіпкеріміз ауылдастары қолдаса сондай ірі шаруашылық құрып, Сунақатаны серпілтуге ниетті.
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жерге туыңды тік» деген тарауында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» – деді. Сол себепті, әрбір азамат туған ауылына деген махаббатын оята білуі керек. Келешекте ауыл жастары шынығатын спорт алаңын, демалыс паркін, сок секілді ауылға қажетті әлеуметтік нысандар салуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек тау беткейге егін егу де басты мақсатымыз», – дейді жаны жомарт кәсіпкер.
Екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отырған Батырбек Кенжеев ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөледі. Әсіресе, ұлдарына үнемі ақыл-кеңесін айтып, пайдалы білім алуына жағдай жасайды. «Қара нан жесем де, мен үшін ұлдарымның елге адал қызмет еткенін көруден асқан бақыт жоқ» дейді ол. Осы сөз азаматтың шынайы болмыс-бітімін көрсететіндей...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ,
Жаңақорған-Сунақата-Жаңақорған.

23 шілде 2019 ж. 627 0