№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ДАЛА ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

ДАЛА ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Көктемде жауынның мол болуына байланысты жоңышқа бітік болды. Мәселен, былтырғы бірінші орымда 38 622 тонна мал азығы жиналса, биылғы көрсеткіш – 43 562-ге жетті. Биыл дария суының деңгейі сақталуына байланысты күріштің де реңі жақсы, мол өнім жинауға негіз бар. Біз дала жұмысының тыныс-тіршілігін бағдарлау мақсатында мамандарды сөзге тарттық.

– Қазіргі аудан бойынша күтімге алынған 13512 гектар ескі жоңышқаның 100 гектары тұқымға қалдырылып, бірінші орымнан 43562 тонна өнім алынды. Бүгінгі таңда ауылдық округтерде жоңышқа шөбінің екінші орымын жинау жұмыстары жүргізілуде, – деді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Дәурен Абибуллаев.
Айта кетейік, жоңышқа жинаудан ауылдық округтер арасында Аққорған көш басында. Келінтөбе, Қожакент, Қыркеңсе және Жаңарық ауылдық округі үздіктер қатарында. Оған қоса тау беткейдегі Ақүйік пен Қыраш ауылдық округі де мал азығын жинауға дем беріп, 107 тонна жоңышқа жинады.
– Шыны керек, биыл жоңышқа жақсы өнім беруде. Бағасы да тұрақты, сұраныс та жоғары. Егіс алаңынан тиеп аламын дегендерге 210-220 теңгеден берілуде. Жалпы биыл мал азығынан тапшылық көрмейміз деген ойдамын, – деді «Сұңқар» шаруашылығының төрағасы Құлмағамбет Исаханов.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, биылғы жылы 200 шаруа қожалық 7740 гектарға 1934 тонна күріш тұқымының дәнін сепкен. Оның ішінде, Лидер тұқымы – 350 тоннаны құраса, Маржан – 1540, Ай-керім – 44 тонна себілді.
– Шаруақожалықтар күріштікке қажетті 2400 тонна азот, 390 тонна фосфор тыңайтқышын сатып алып, 3700 гектарға үстеп қоректендіру жұмыстары жүргізілуде. Яғни күріштің күтіміне жағдай жасалуда, – деді бөлім басшысының орынбасары Серік Сейдуалиев.
Сонымен қатар арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің 1242 келісі сатып алынып, күріш егісінің 3205 гектарына, жүгері егісінің 160 гектарына арамшөптерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Күріш алқабына басымдық берген ауылдық округтер ішінде Аққорған ауылдық округі бірінші орында тұр. Бұл ауылда 48 шаруа қожалық 1537 гектарға дән сеуіп, баптап-күтуде. Жалпы аудан бойынша күріш алқабы 10 гектарға жетпейтін 40 қожалық болса, соның 20-ға жуығы осы ауылда. Ал, шаруашылықтар ішінде «Түгіскен ТШ» ЖШС 530 гектарға дәнді дақыл дәнін тастады. Оның 90 гектары Маржан, 50 гектары Ай-керім, қалғаны Лидер сортынан екен. Сондай-ақ серіктестіктің бір артықшылығы былтырдан бастап егінге дрон арқылы гербицид пен тыңайтқыштар себуде.
– Дрон арқылы қажетті тыңайтқыш берудің артықшылығы көп. Біріншіден тыңайтқыш күріш алқабының қажетті жеріне беріп, шығынды азайтуға болады. Екіншіден, уақытты үнемді қолданасыз. Қазір аудан бойынша екі ғана қожалық осы құрылғыны пайдаланады. Көп шаруашылықтар маусымдық жұмысқа 3-4 млн теңге тұратын құрылғыны пайдалануға асығар емес. Жалпы заманауи технологиялар өнімділікті арттырудың жалғыз жолы, – деді «Түгіскен ТШ» агрономы Манас Ибрагимов.
Аққорғаннан кейін Қожакент, Келінтөбе, Қыркеңсе және Жаңарық ауылдық округінің диқандары күріштен мол өнім алуға ниетті. Ал, Екпінді мен Қаратөбе ауылында күріш көлемі аз. Қазіргі таңда қос ауылдағы 6 шаруашылықтың 560 гектар жеріне дәнді дақыл егілді.
Ескерте кететіні, әрбір өнім түріне субсидия алу электронды түрде жүзеге асады. Яғни, qoldau.kz сайты арқылы өтінім беріп, кез келген сұрақтарға жауапты, тіпті қандай құжат керектігін де сол арқылы алуға болады. Тыңайтқыштарды күрішке сепкен қожалықтың бірі – «Ислам» шаруа қожалығы.
– Биыл 129 гектарға күріш дәнін тастадық. Көбіне Маржан сортына мән береміз. Тыңайтқыш себу жұмысын тәмамдадық. Біз басымдықты карбимид, селитра сынды тыңайтқыштың түріне бердік, – деді қожалық төрағасы Мақсат Жұмаділов.
Жалпы жаңақорғандық диқандар Маржан күрішін өсіруге машықтанған. Өйткені басқа күріштің түрі біздің жерлерге жерсінуі қиын. Сондықтан барға қанағат етіп, маржаннан несібемізді теріп отырмыз деген диқандар биыл да жылдағы дәстүр бойынша гектарына 50-55 центнер өнім алуға ниетті. Енді тек жерге еткен еңбектің қайтарымын күту қалды.

Әлібек ТЕМІРБЕК
10 шілде 2019 ж. 968 0