№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тәжірибе алмасу – дамуға бастайды

Тәжірибе алмасу – дамуға бастайды


Жаңақорған перспективалы аудан. Оған аудандағы өндірістің өркен жаюы мен кәсіпкерлік саласының қарқын алуын мысал етсек болады. Әйтсе де, халқының саны мен экономикалық әлеуеті деңгейлес Шиелі ауданындағы жұмыстарды сараптап отыру артықтық етпейді. Сондықтан, аудан басшысы Ғалым Әміреев делегацияны бастап Шиелідегі жарқын жұмыстармен танысып қайтқан еді. Артынша орынбасарлары мен сала басшыларын, ауылдық округ әкімдері мен кәсіпкерлерді көрші ауданға жіберді. Мақсат – тәжірибе алмасып, дамудың жолын іздеу. Делегация құрамында бізде көрші ауданның тыныс-тіршілігін бағдарладық. Сонымен...
Аудан әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысов пен Ғалымжан Сопбеков бастаған топ алдымен Жуантөбе ауылдық округіне табан тіреді. Ауылға кіре берісте Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов күтіп алып, жол бастады. Алдымен клуб үйінің жұмысымен таныстық. Сосын мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында салынған спорттық сауықтыру кешенін көрдік. Көрші аудан бұқаралық спортқа қатты көңіл бөледі екен. Оған дәлел, Алғабас елді мекенінде салынған ғимаратта спорттың алты түрінен жастар тәрбиеленуде.
– Былтыр аудан бойынша үш нысан мемлекеттік әріптестікке ұсынылған болатын. Жыл соңында кезекті сессия отырысында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев екі спорттық кешен бойынша келісім шартқа қол қойды. Соның бірі осы Алғабастағы ғимарат. Жалпы, кешеннің фқұрылысының жобалау-сметасы 116 млн. теңгені құрады. Құрылысты «БЕТА и К» ЖШС компаниясы жүргізді, – деп сөз бастады Болат Абдухайысұлы.
– Оның қаржысы қалай шешіледі? – деп сұрады Серқожа Ыдырысұлы.
– Облыстық бюджеттен 10 жылға келісім шарт бар. Құжатта осы жыл аралығында жеке кәсіпкерге ай сайын 733 мың теңгеден төленіп отырады. Осылай кеткен шығын өтеледі. Яғни, сол жылдар ішінде мемлекет тарапынан жалға алу мерзімі аяқталып, нысан толық иесінің құзырында қалады. Одан кейін кәсіпкер сатып жіберуге немесе одан әрі жұмысын жандандыруға мүмкіндігі бар, – деді Болат Ысмағұлов.
Делегация мүшелерімен бірге ғимараттың ішіне ендік. Бірінші қабатта бокс, каратэ, қазақша күрестен залы бар. Онда жастардың жаттығу жасауына жайлылық бар. Ал, екінші қабатта интеллектуалды (шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ және т.б.) спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік мол. Жалпы айтқанда, жаңа кешен заманауи үлгіде салынған. Ғимарат түбінде өзіне қалатын болғандықтан кәсіпкер сапаға ерекше мән бергені байқалып тұр.
– Құрылыс бастарда болашағы қалай болады деген күдік болды. Алайда, тәуекелге бел буып, құрылысты бастап кеттік. Қазір игілігін ауыл жастары көріп отыр, – деді «БЕТА и К» ЖШС басшысы Ерболат Жылқайұлы.

Бүгінде біздің ауыл жастары қыс мезгілінде спортпен шұғылдануға мүмкіндігі аз. Себебі, ауылдық жерлердегі шағын футбол алаңдарында қыс мезгілінде жаттығу жасау мүмкін емес. Спорт мектептің филиалы барлық елді мекенді қамтиды дегеннің өзінде ғимараттары сәулетті дей алмаймыз. Сондықтан, қыста белсенді жаттығу жасауда қиындық туатыны белгілі. Ал, шағын футбол ойнайтын бірде-бір жабық кешен жоқ. Аудан футболшылары Шиелі кенті мен Түркістан қаласына қатынап жүр. Егер біздің кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорттық нысандар салуға кіріссе, жастардың бұқаралық спортпен айналысуға белсенділігі арта түсер еді. Сонда ғана спорттан биік-биік жетістіктерге жетер едік.

ШҰБАТ – ДЕРТКЕ ДАУА, ЖАНҒА ШИПА
Мұны «Ару ана» түйе сүтін өңдеу цехының басшысы Баян Сабырқызы айтып, цехтың бүгіні мен келешегі жайлы сөз етті. Ол 2016 жылы шұбат өңдеу цехын іске қосып, жұмысын бастапты. Тәулігіне 400 литр шұбат өңдейтін цехтың өнімі Жаңақорған, Қызылорда, Алматы және Ақтөбе нарығына жөнелтіледі.
– Бастапқыда шұбат өндіру ісін қолға алдық, былтырдан бастап цехты қайта құру арқылы сиыр сүтін өңдеуді бастадық. Қазіргі таңда шұбаттан басқа, құрт, йогурт, балмұздақ және айран өнімдерін өндіруге кірістік. Әзірге сүтті Бала би ауылынан тасымалдаймыз. Келешекте төрт түлік өсіруді де қолға алатын боламыз. Бастысы сапалы өнімге сұраныс көп, – деді Баян.
Тіпті, шұбатқа қажетті ыдысты мекеме өзі өндіреді. Бүгінде түйе сүтін өңдеу цехы маңында кәсіпкерлік кластері қалыптасып келеді. Яғни, сүт өткізушілер де табысқа кенелуде. Иә, талапшыл да, іскер қыздың тынымсыз тірлігіне тәнті болған делегация мүшелері біздің ауданнан да осындай бастаманы бастауға болатынына көз жеткізді.
Елбасы Үшінші жаңғыруға бастаған Жолдауында отандық өнімнің көлемін арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Сырдың серпілісін осы цехтан-ақ, байқауға болады.

Ақмаядағы ауқымды жоба
Күн тәртібіндегі кезекті аялдама Ақмая ауылдық округіне бардық. Бұл ауылдағы спорт кешенінің құны 66 млн. теңгені құрайды екен. Нысанда бокс, таэквандо, дзюдо және жекпе-жек түрлерінен 143 оқушы жаттығады. Талаптарға сай спортзалды «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмабеков тұрғызған екен. 2540 халқы бар ауыл үшін бұл үлкен демеу, жастарға деген қамқорлық.
– Кешен ашылғалы күндіз-түні жаттығудан қол үзбей келеміз. Мақсат – ел намысын қорғайтын чемпиондар шығару. Жалпы, кешен жаттығуға өте қолайлы, ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуге таптырмайды, – деді таэквандо бапкері Нариман Елупанов.
Айта кететіні, бұл сапар аудан кәсіпкерлеріне үлкен тәжірибе болғаны анық. Оны Жаңақорғанға белгілі кәсіпкер Әсіл Шайыхов та растады.
– Иә, бұл бастаманың кәсіпкер үшін де, ауыл халқы үшін де пайдасы көп екеніне көзім жетті. Бұйырса Жаңақорғанда да осындай нысан салуға болады, – деді ол.
– Сапардың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік саласында тәжірибе алмасу. Бізде де кәсіпкерліктің даму қарқыны жақсы. Дегенмен, әлі де шаруаны ширата түсу керекпіз. Осыны ескеріп көрші ауданның жүйелі жұмысын көзбен көруді жөн көрдік, – деді Ғалымжан Жарқынбекұлы.

ТҮЙІН. Шиелі ауданына барған сапардан не түйдік? Мемлекет басшысы ұсынған мемлекеттік және жекеменшік сектордағы инфроструктуралық қызметтер мен қоғамдық қызметтер көрсету жобаларын іске асыру мақсатындағы ынтымақтастық бағдарламасын Шиелі ауданының әкімдігі мен кәсіпкерлері ұтымды пайдаланып отыр. Осылайша, елді мекендерде жұмыссыздық деңгейін қысқартып, әлеуетін арттыруға жағдай жасауда. Мәселен, 2017 жылы Сыр өңірінде мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жеті нысан іске қосылды. Оның төртеуі спорттық кешен болса, екеуі Шиелі ауданында іске қосылған екен. Биыл да бағдарлама аясында бірнеше әлеуметтік нысан ашылады екен. Демек, біздің қалталылар да елдің игілігіне қаржы жұмсап, пайдаға кеңелуге бетбұрыс жасайтын кез келді. Сапар барысында осыны түйдік.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ,
Жаңақорған-Шиелі-Жаңақорған.
13 ақпан 2018 ж. 1 289 0