№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӘСІПКЕРГЕ ЖАЙЛЫЛЫҚ МАҢЫЗДЫ

КӘСІПКЕРГЕ ЖАЙЛЫЛЫҚ МАҢЫЗДЫ


Ғалым Әміреев кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, егін шаруашылығы саласын реформалау, салық түсімін арттыру, жұмыссыздық деңгейін қысқарту және т.б. салада бетбұрыстар жасады. Соның нәтижесінде егін шаруашылығы саласында мол өнім жиналды, белсенді кәсіпкерлердің саны артты, салықтың базасы ұлғайды. Бір сөзбен айтқанда, 2017 жылы Сыр өңірінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінен көш бастадық. Бірақ, дайын өнім өндірудің жолын таптық дей алмаймыз.
Бүгінде облыстың төрт түлігінің үштен бірі біздің ауданда, кәсіпкерлердің саны жөнінен біріншіміз.
Расында, бізде қой көп. Жылына екі рет қырқым болады. Бірақ, тонна-тонна жүнді бей-берекет өртеп жібереміз. Ал, Иран, Түркия секілді тоқыма өнеркәсібі дамыған елдерде қойдың жөні құнды шикізат. Сиырда аз емес, жылқы да көп. Оның сүтін өткізетін жер жоқ, не еті өндірілмейді. Түсінген боларсыздар, өзімізде өндірілетін өнімдермен мақтана алмаймыз. Бұл тұрғыда, Шиелі ауданында тындырымды тірліктер баршылық. Оның бір ғана мысалы, сүт өнімдері өндіріледі, құс шаруашылығы дамып келеді. Оған Шиелі кентіндегі екінші деңгейлі алты банктің филиалы жұмыс жасауының әсері көп. Онда өндірістің кең қанат жайғандығын Шиелі темір жол станциясы ІІ-класты болуынан аңғаруға болады. Яғни, жүк тасымалдайтын поездар Жаңақорғанмен салыстырғанда анағұрлым ұзақ уақыт тұрады. Станция маңында кәсіпкерлік кластері қалыптасқан. Ең бастысы, сауда мәдениеті дамыған. Содан болса керек-ті, сауда-саттыққа арналған бес базар бар. Ал, мал базары Қызылорда мен Жезқазған қаласы, Созақ және Жаңақорған ауданының нарығын қамтып отыр.
Жалпы, екі ауданның географиялық орналасуы мен ауа-райы ұқсас, халқының саны деңгейлес. Сондықтан, көрші ауданмен тәжірибе алмасып, дамудың жолын бірге іздеген құптарлық іс. Аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы осы бастаманы қолға алды.
Өзі делегацияны бастап барып, Шиелідегі кәсіпкерлік және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған нысандардың жұмысымен танысты, әрі Шиелі ауданының әкімі Əшім Оразбекұлымен нəтижелі бастамаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.
Хош. Қос аудан басшысы жұмыс жасауды жүйелей түсер. Бұл уақыт еншісіндегі шаруа. Бізге Шиелі ауданының тәжірибесі не үшін қажет? Соған жауап іздеп көрелік.
Қарағанды облысында құқық қорғау саласында еңбек еткен жаңақорғандық азамат отбасылық жағдайына байланысты ауылына келеді. Жұмыс іздеп біраз сабылады. Бірақ, бізде жұмыс табу оңай ма?! Не керек, кәсіпкерлікпен айналысуды мақсат тұтады.
Кәсіпкерлікке тіркеліп, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған ауданындағы филиалы арқылы «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығына» кәсібін бастау үшін қаржы алуға өтініш береді. Бес-алты айда бизнес-жоспарын қорғап, қаржыға да қол жеткізеді. Сосын Ресейден темірді түрлі қалыпқа түсіретін станок алып келеді. Алайда кәсібін бастамас бұрын, екі ауданның нарығын зерттеп, зерделейді. Ақырында Шиелі кентінде кәсібін бастауға бекінеді.
Станоктың тілін интернет көздерін пайдалану арқылы үйреніп, жұмыссыз жүрген бауыры екеуі бастап кетеді. Алғашында ою-өрнекті қақпа мен есік жасауға тапсырыстар қабылдай бастайды. Жұмысты сапалы, әрі уақытылы жасағандықтан тапсырыс көлемі артып, екі дәнікерлеуші алады. Кейіннен балабақшалар мен бизнес субъектілерінен де тапсырыстар түсіп, жұмысы дөңгелей түседі.
Әлгі кәсіпкерден: «Неге Шиеліні таңдадыңыз? Бізде кәсіпті дамытуға болмай ма?», деп сұрадық. Ол: – Алдымен Жаңақорған кентінде кәсібіме ыңғайлы жерді іздедім. Тапқандай болдым. Бірақ, аудан нарығында біз жасайтын темір қақпа мен есікке сұраныс жоғары еместігін білдім. Себебі, жаңақорғандықтар Түркістан қаласынан қажеттісін алуға әдеттенген. Ал, кәсібін енді бастағандар түркістандықтармен бәсекелесу қиын алмайды. Екінші жағынан, Жаңақорған мен Шиелі ауданы тұрғындарының менталитеті екі түрлі. Бізде белден басқанға, саудаласқанға құмар. Көбіне тегін алғысы келіп тұрады. Ал, кәсіпкер үшін жайлылық пен ыңғайлылық маңызды, – деп жауап қатты.
Рас, Шиелі ауданында кәсіпкерлікті дамытуға ыңғайлылық бардай. Оған бірнеше екінші деңгейлі банктердің шоғырлануы, сауда мәдениетінің дамуы әсер ететіндей. Бәрінен бұрын, кәсіпкерлер мен жергілікті биліктің арасында байланыс бар. Қалай дейсіз ғой?! Шиелі кентін қоспағанның өзінде Алғабас, Ақмая, Жөлек және т.б. елді мекенде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік нысандар бой көтерген. Сүт және құс өнімдері және т.б. нарыққа шығарылады. Бізде, аяқ киім тігетін және сүт өнімдерін өндейтін цех ашылған еді. Алайда, аяғы баянды болмады. Неге?..
Бүгінде аудан басшысы кәсіпкерлерді аптаның сәрсенбісінде қабылдап, жеке мәселелерін тыңдап, бағыт-бағдар көрсетуде. Бұл жергілікті билік пен кәсіпкерлердің арасындағы байланысты арттыра түсетін қадам. Енді сала басшылары мен ауылдық округ әкімдері бюрократиялық кедергілерді азайтып, кәсіпкерліктің дамуына мүдделік танытып, ауылшаруашылығы саласының дайын өнімдерін өңдейтін цехтарды көбейтсе, әлеуметтік-экономикалық дамудың деңгейі еселене артар еді. Міне, аудан басшысының көрші ауданға жасаған сапарынан осыны ұқтық...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
13 ақпан 2018 ж. 1 084 0