№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БІЛІМ САЛАСЫ: ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНЕР СӘТ ТУДЫ!

БІЛІМ САЛАСЫ: ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНЕР СӘТ ТУДЫ!


Әлемнің озық елдерінде мемлекеттік капиталдың 70-80 пайызын адам капиталы құрайды. Ал, қалған бөлігі табиғи ресурстар, жылжымайтын мүлік пен өнеркәсіптік қорлардың (зауыт, фабрика, ғимараттар) үлесіне тиесілі. Қазақстанда мемлекеттік капиталының 68 пайызын табиғи ресурстар құраса, 21 пайызы – өндірістік қорлардың еншісінде. Адам капиталының үлесі 11 пайыз ғана. Содан болса керек-ті, Мемлекет басшысы рухани жаңғыру мақаласында да, соңғы Жолдауында да тұрақты даму және әлемдік бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуі үшін ұлттық байлықтың ерекше түрі саналатын адам капиталын дамытуды стратегиялық басымдыққа балады.
Адами капиталды қалыптастыратын һәм дамытатын құрал – мектепте. Сондықтан, білім саласының қаржыландыруы артты. Заманауи типтік жобадағы мектептер салынуда. Тәжірибелік сабақтар өткізілетін сыныптар жабдықталуда. Интернетке қолжетімділік артты. Енді мектеп директорлары реформаларды сапалы жүзеге асырып, ұстаздарды жұмысқа ынталандыра түсуі тиіс.
Бесарық ауылдық округіндегі Ж.Қыдыров атындағы №54 мектепте «Ұлттық бірыңғай тестілеу – білім сапасының негізгі көрсеткіші» атты аудандық семинар-практикумында осы мәселе талқыланды. Яғни, адами капиталдың сапасын көтеру жолдары сараланды, әрі ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізу жолдары пысықталды.
Аудандағы 42 мектеп директорының басын қосқан шараға аудан басшысы Ғалым Әміреев арнайы қатысты.
Айта кететіні, семинар-практикумын өткізуге №54 мектептің таңдалып алынуы кездейсоқтық емес. Білім ордасында жоғары нәтижеге жетудің жолы қалыптасқан. Мәселен, 2015 жылы ҰБТ қорытындысы бойынша 94,3 балмен ауданда үздік көрсеткіш көрсетті. 2017 жылы 94 балл жинап, тағы да биіктен көрінді. Ауданның кейбір мектептері ширек ғасырдан бері «Алтын белгі» иегерін шығара алмай жүргені ақиқат. Бұл тұрғыда да, бесарықтық мектеп мақтана алады. Осыдан үш жыл бұрын екі түлек «Алтын белгіні» қорғаса, 2016 жылы бір талапкер алтынға лайықты болды. Былтыр бес оқушыға «Алтын белгі» табысталды. Сондай-ақ, екі білімпаз 125 балдан жинап, ауданның абыройын асқақтатқан еді.
Сондықтан, әкім мектеп ұстаздарының тәжірибесімен танысуды жөн санады. Алдымен бастауыш сыныпқа енді. Білімнің негізі бастауышта қаланады десек, 2-сынып оқушылары ағылшын тілін нәтижелі меңгеруде екен. Оны ағылшын тілінде еркін тілдесе білулерінен аңғардық. Күрделі сабақты Гүлнұр Өскенбаева мен Ақнұр Дабарова да сәтті жүргізетінін көрдік.
Ғалым Махмұтбайұлы биология пәні кабинетіне барды. Онда 13 жылдан бері ҰБТ-ға оқушылар дайындап, мол тәжірибе жинаған Баян Бекенова нәтижеге жұмыс жасаудың жолымен бөлісті. Яғни, сыныптың көрнекілік құралдарымен жабдықталуының артықшылығына және оқушының әрбір тақырыпты меңгеруін бақылап, білімін талдап отырудың маңызына тоқталды.
Одан кейін тарих пәнінің мұғалімі Жанат Жолтаеваның, математика пәнінің мұғалімі Күнсулу Тілеубекованың, физика пәнінің мұғалімі Ұлған Батишеваның тәжірибесімен де танысты. Тәжірибелі ұстаздар 11 сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау барысында 6-11 сынып материалдарын жинақтап, жылдық жоспарды негізге алатынын, аптасына екі күн үш сағаттан қосымша сабақ беретінін айтты. Ең бастысы, оқушыларды 6-сыныптан қабылдап алып, 11-сыныпқа дейін білім нәрімен сусындатып, нәтижесін көзбен көретіндерімен бөлісті.
ҰБТ-дағы негізгі пәннің бірі – қазақ тілі десек, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлайхан Байтелиеваның оқушылары ҰБТ бойынша жоғары балл жинап жүр. Мәселен, қазақ тілінен 22-23 балды енсерсе, қазақ әдебиетінен 28,2 баллдық көрсеткіштерді қорғауда.
– Жоғары көрсеткішке қалай қол жеткіздіңіз? Оның сыры неде? – деп сұрады әкім.
– Оқу жылы басталғанда сыныптан 2-3 рет сынама тест алып, оқушыларды 3 деңгейге топтастырамын. Яғни, жоғары, орта және төмен деңгейге сынып оқушыларын бөлемін. Сосын төменгі деңгейдегі оқушыны орта деңгейге, ортаны жоғары деңгейге жеткізуге жұмыс жасаймын, – деп жауап қатты ұстаз.
Аудан әкімі мектеп мұғалімдерінің жұмысымен танысып болғаннан кейін семинардың пленарлық отырысына қатысып:
– Оқу-ағарту қаражаты қаншалық мол, шарт-жағдайы кемелді-әдісі қаншалық жақсы болғанымен, ұстаздар жауапкершілікті сезінбей оқыту сапасын өзгерту мүмкін емес. Ал, мұғалімдердің жауапкершілік жүгін сезіне білуі директордың ұйымдастыру жұмыстарына байланыс­ты. Сондықтан, мектеп басшылары уақытты босқа өткізбей, жұмысқа сергектік таныта білуі тиіс, – деп директорларды жауапкершілікке шақырды.
– 2017 жылы аудан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облыста көш бастадық. Өкініштісі ҰБТ-ның көрсеткіші төмен болды. Мұндай қателікті биыл қайталауға жол бермеу қажет, – деп қатаң ескертті Ғалым Махмұтбайұлы.
Сондай-ақ, ұстаздардың тәжірибе алмасатын бірыңғай платформа құру қажеттілігі айтылды. Жолдауда айтылғандай, аудандағы үздік оқытушылардың тәжірибесін интернет арқылы таратуды жолға қойып, әрбір мектеп директоры әлеуметтік желіде атқарып жатқан жұмыстары жайлы есеп беріп, «ашық мектеп» үлгісін қалыптастыру тапсырылды.
Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов мінбеге көтеріліп, әріптестерін жауапкершілікке шақырды.
– Сіздерді Ж.Қыдыров атындағы №54 мектепке не үшін жинап отырмыз? Тәжірибе алмасып, білім ордасының үздік үлгілерін мектептеріңізге енгізу үшін шақырдық. Мектептің тірегі – білімді, білікті ұстаздар. Бірақ, қазір көп мектепте мұғалімдер толық жүктемемен жұмыс жасамайды. Оқушыларға 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін әр мұғалім сатылап сабақ береді. Сосын ұстаздарда жауапкершілік қайдан болады? – деді ауданның бас ұстазы.
Жолдауда білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту қажеттілігі айтылды. Сондықтан білім беру сапасын арттыру мақсатында ұстаздардың тәжірибе алмасуын жолға қойып, әрбір мектеп ұстазының жұмысы егжей-тегжей талданатынын ескертті бөлім басшысы.
Ал, мектеп директоры Нұралхан Түктібаев мұғалімдердің бәсекеге түсуі жақсы көрсеткішке бастайтын бірден-бір жол екенін айтты. Демек, ұстазға 6-11 сыныпқа дейін бір сынапқа бекітіп, оның жақсы нәтиже көрсетуін талап ете білу қажет-ақ. Ең бастысы, ұстаздың жүктемесін толық беріп, алаңсыз жұмыс жасауына мүмкіндік жасау маңызды.
Семинардың соңы сыныптан тыс іс-шаралармен жалғасты. Онда №239 мектептің физика пән мұғалімі Гүлжан Шалысбаева, №247 мектептің тарих пән мұғалімі Замира Қожамұратова, №160 мектептің математика пәні мұғалімі Абзал Қошанов ҰБТ-ға оқушыларды дайындаудағы үздік тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, №54 мектептің психологы Абай Бектұрсын талапкерлерді психологиялық тұрғыда дайындап, сенімділігін арттырудың артықшылығын түсіндірді.

P.S.: Жапонияда жер қойнауындағы қазба байлықтары аз болғанымен дамыған елдердің алдыңғы қатарында. Израильдің даласы құм-тасты бола тұра жоғарғы технологияларды қолдану арқылы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіріп, табысқа жетіп отыр. Әрине, мұнын бәрі адам капиталының арқасында. Ал, адам капиталын қалыптастырып, дамыту ұстаздардың қолында. Ендеше, өтпелі кезеңде ұстаздарға мол жауапкершілік жүктеліп отыр. Ал, жауапкершілікті аудан мектептері қаншалықты сезініп отырғандығын ҰБТ-ның қорытынды көрсеткішінен көретін боламыз...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Жаңақорған-Бесарық-Жаңақорған.
10 ақпан 2018 ж. 1 667 0