№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Медиа нарық: Жаңа жанрлар, тың белестер

Медиа нарық: Жаңа жанрлар, тың белестер

   Бүгінгі күн талабы Қазақстанда жаңа журналистер толқынын қалыптастыру болып отыр. БАҚ қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру бағытында аймақ журналистері облыс әкімдігінің демеуімен Мәскеу қаласында болып қайтқаны туралы хабарлаған едік. «Жаңақорған тынысы» газеті редакциясында осы делегацияның жетекшілерімен арнайы кездесу ұйымдастырылып, отандық медиа-өнімнің бәсекеге қабілетті бола түсуін қамтамасыз ететін жаңа идеяларына қанықтық деуімізге болады.


  Басқосуға Қорқыт ата атындағы уни­верситеттің журналистика маман­дығына тәрбиеленіп жатқан түлектер де келіп, бағыт-бағдар алды.
Алдымен сөз алған «Сыр Медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов екі елдің журналистика саласындағы тенденциясына баға бере келіп, көрші мемлекет медиа-нарығының бізден бірнеше жылға ілгерілеп кетуінің сыры – теориядан гөрі практикалық жұмыстарға басымдық беруімен түсіндірді.
– Мәскеу мектептерінің өзінде газет шығарылып, радио хабарлары тара­тыла­тынын көрдік. Біздің конференциямыз өтіп жатқан М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің сайттарында осы күнгі жаңалықтар сол мезетінде тара­тылып жатты.
Бүгінгі заман – жаһанданудың, муль­ти­медиялық дәуірлеудің заманы. Бұл үшін технологиялық жоғары деңгейде жабдықталған база қалыптасу керек. Жур­налистің осы талапқа бейімделуі, бірнеше тіл білуі шекараға бөлінбейтін медиакеңістікте еркін жұмыс жасауына жол ашар еді, – дей келе осы талап тұрғысында өңірлік БАҚ нарығында қабілетті шыңдау, атап айтқанда алдағы уақытта желілік сервердің көлемін арттырып, үлкен бейнесюжеттерді қамту, аудитория таңдамайтын ақпарат көздіктері – аудиожазба механизмдерін қалыптастыру талаптары көзделіп отырғанын жеткізді. Кадр деңгейі – ең шешуші фактор. Осы бағытта болашақ мамандарымыз терең біліммен қаруланумен қатар мультимедиаға дайын болуы керектігі жөнінде кеңестерімен бөлісті.
– Бүгінгі жаһанданудың нақты көрі­ні­сі – интернеттегі контенттерді пай­даланатын аудитория артып барады. Жас журналистерді оқыту жүйесі де мүлде жаңа негізге көше бастады, – деді облыс әкімі кеңесшісі, Қорқыт ата атындағы университеттің журналистика факультеті оқытушысы Динара Асқарқызы.
Бүгін әрбір журналист блогер болуы тиіс. Бұған дейін БАҚ көздіктері қаншалықты көп болса, енді алдағы уақытта соның барлығын атқаратын бір ғана құрал қалады. Ол – қалта телефоныңыз. Сіз сол арқылы барлық қажеттілігіңізді ала аласыз: ақпарат алмасу, хабар тарату, әлемнің кез келген нүктесінен қалаған мәліметіңізді алу, қалаған әдебиетіңізді оқу, тіпті тұрмыстық қажеттілік – дәрігерге тіркелу, кеңес алу, әлеуметтік төлемдерді аудару, бәрі-бәрі телефонға шоғырланатын болады.
Барлығы цифрлық технологияға көшкенде мерзімді баспасөз жойылады деген ұғым тумауы керек. Газеттер – зиялы қауымның қолданыстағы құнды қажеттілігі ретінде қоғамдағы орнын жоғалтпайды. Бірақ элиталық газеттердің бағасы да жоғары болады. Осы талаптар тұрғысынан танылуда журналистерге бәсекеге қабілеттілік бәрінен маңызды, – деп сөзін түйіндеген ол осы тақырыпта сұрақтарға жауап берді.
Келесі кезекте «Жаңақорған тынысы» газетінің арнаулы тілшілері Әбдісамат Әбдіш «Лонгридтің контент мазмұнын арттырудағы орны» туралы баяндаса, Баян Үсейінова очерк, эссе, фельеотонның: қазіргі қоғамдағы өзектілігі мәселесі жөнінде ой өрбітті.
– Лонгрид ағылшын тіліндегі «Long»– ұзақ, «Read» – оқу деген сөзінен пайда болған. Лонгридті оқуға оқырман ұзақ уақытын жұмсайды. Бірақ, лонгрид сіз ойлағандай іш пыстыратын жай ғана мәтін емес. Бұл – мәтін, видео, инфографика, презентация мен музыканы талап ететін жиынтық ақпарат. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болады. Олар тек мәтінді толықтырып қана қоймайды, оқырманға жаңа ақпарат беріп отырады. Лонгрид бірнеше тақырыпты қамтымайды, тек бір тақырыпқа жан-жақты зерттеу жұмысын жүргізеді. Лонгрид – нағыз аналитикалық ақпарат көзі. Лонгридтің авторларының негізгі мақсаты оқырманның назарын өзіне аударып, оған ерекше хикаяны баяндау. Бірақ, хикая өзекті тақырыптағы мәселенің шешімін табуға керек.
Бұл жөнінде түсінік берген журналист Әбдісамат Әбдіш одан әрі Лонгридті беттеуге арналған онлайн бағдарламамен таныстырды.
Дәстүрлі жанрдың құрылымдары жөнінде баяндаған журналист Б.Үсейінова очеркте басты тұлға – адам арқылы бүкіл қоғамның тыныс-тіршілігінен хабар беруге болатыны,очеркте өмір шындығын баяндауда деректерге сүйеніп қана қоймай, шығармашылық ой-толғам, логикалық бағамдауға мол мүмкіндіктер болатынын өз жазу әдіс-тәсілдерінен мысалдар келтіру арқылы айқындап берді. Жолсапар очерктері, Эссе жөнінде талдау жасаған ол қазірде скриншот журналистика, видеожурналистиканың шығуы көлемді материалдар оқылмайды деген ұғымды алға шығарғанын, қызықты, сапалы мақаланы оқитын ойлы оқырманға көркем дүниелерді ұсынуда очерк жанрының (қазірде ағылшынша фичерз деп аталып, кең қолданылып жүр) маңызы жөнінде айта келе:
– Жаңа технологияның мүмкіндігін қуаттау керек. Осыны жетік пайдалана отырып қазақ журналистикасы бәсекеге қабілетті бола түседі, бірақ ол ұлттық болмысынан айырылып қалмауы керек, – деп пікірін түйіндеді.
Бұдан әрі жиын модераторы, газеттің бас редакторы Нұрлат Байгенже «Медиа нарықта тауар өнімділігін қалыптастыру тәсілдері» туралы баяндады:
– Журналист ең бастысы сөз өнерінің қасиетін тани біру керек. Тілшінің шығармашылық потенциалы неден көрінеді? Жаңа медиа нарықтың талап-міндеттері. Біз оған қалай бейімделдік? деген тақырыптарға талдау жасаған ол одан әрі сайтта материал дайындаудың жолдарын сөз етті. Материалдарды сайт пен газетте беру тәсілдері, гиперсілтемелер, сайтқа сілтемелер беру мәдениеті жөнінде түсініктеме берді. Әлем бойынша интернет желісінде жанрларға сұраныс деңгейіне сараптама жасағанда қысқа хабарларға, оның ішінде әлеуметтің өзекті мәселелерге сұранысы өте жоғары екеніне көпшілік назарын аударды.
Сөзінің қорытындысында М.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ақпарат таратудың тәсілдері мен жолдары туралы көрген-түйген әсерлерімен бөлісті. Оқу орны жанындағы «Моховая, 9» студенттер телеканалы жөнінде әңгімелеп берді.
Тренинг соңында орталықтағы №163 орта мектебінен келген қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Майра Әбуова сөз алып, келешекте тілші боламын деген талапкер шәкірттеріне бұл саланың қызығынан да, қиындығынан да хабар беріп, дұрыс таңдау жасауына ықпал ете білгендері үшін газеттің басшылық ұжымына алғысын жеткізді. Одан әрі кең түрде сұрақ-жауаптарға алмасты.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
21 қараша 2018 ж. 1 483 0