» » МӘСКЕУ ТӨРІНДЕГІ МӘЖІЛІС

МӘСКЕУ ТӨРІНДЕГІ МӘЖІЛІС

     

Дәстүрлі конференцияны журналистика факультетінің деканы, профессор Елена Вартанова ашып, алыс-жақын шет елдерден келген қонақтармен таныстырды.
– Журналистика тың бетбұрыстармен бетпе-бет келді. Енді жаһандану жағдайында БАҚ дамуы қалай жүреді? Оған цифрландырудың әсері қандай? Осы сұрақтарға бірге жауап іздеп, тиімді жол табу үшін жиналдық, – деді профессор.
Италияның Перуджи университетінің профессоры Паоло Манчини дәстүрлі басылымның бүгіні мен бұқаралық медианың перспективаларына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық-саяси коммуникация жүйесінде ақпарат құралдарының рөлі, жаңа медиа аудиторияның назарын аударатын элементтер мен жарнамаларды орналастыру және т.б сөз етті.
Хельсин университетінің (Финляндия) профессоры Ханну Ниеминен: – БАҚ қоғамға объективті, жедел ақпарат таратудың жолын іздеуде. Осы ретте, масс-медиа элементтерін біріктіре ала­тын әлеуметтік желілер басымдыққа ие бола бастады. Яғни, редакторлық бақылау мен түзеуден өтпейтін блогерлердің ақпарат таратуда белсендігілі байқалуда – деді.
Мұндай ойды Нортумбрия университетінің профессоры (Англия) Массимо Рагнед те қолдап, жаңа медианың проблемалары мен перспективаларына кеңірек тоқталды.
Жаһандану жағдайында жаңалық таратудың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылаған жиын секциялық жұмыстар бойынша жұмысын жалғастырып, онда ғалымдар мен студенттер әлеуметтік сауалнамалар мен ғылыми зерттеулерін ортаға салды. Айта кету керек, конференцияға әлемнің 10-нан астам елінен келген 150 делегат қатысты.
Сондай-ақ, "ТМД журналистік білім беру мәселелері" атты дөңгелек үстел басында журналистика саласының өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Онда Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің (Өзбекстан) ректоры Шерзод Кудратходжаев, Беларусь мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Ольга Михайловна, Тампере университетінің (Финляндия) профессоры Каарле Норденстренг, Қырғыз-Ресей университетінің профессоры Алексей Куликовский, Санкт-Петербург университетінің профессоры Анатолий Пую және т.б қатысты.
Олар қазіргі медианың динамикасы, заманауи БАҚ құн­дылықтары, мазмұны мен миссиясы, бұқаралық медианы қалып­тастыруда өзекті мәселелер мен перспективалары, журналистерді заманауи медиаға дайындау міндеттері мен проблемалары, дәстүрлі басылымдардың бүгіні мен келешегі тақырыбында өз ойларын ортаға салып, журналистиканың жаңа бағыт-бағдарын бағамдауға тырысты.
Облыс әкімінің кеңесшісі, Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты Динара Бисембина жаңа медиа және олардың жұмыс жасау принциптері, жастар аудиториясын тартудың тиімді жолдары жөніндегі ойын ортаға салды. Ал, "Сыр медиа" ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов дәстүрлі және жаңа медианың проблемалары мен перспективаларына тоқталды.
Жалпы, халықаралық конференцияда ақпарат құралдары заманға сай дамудың жолына түскенін, дәстүрлі басылымдардың мультимедиялық элементтерді тиімді үйлестіріп, ақпаратты беру формасын өзгертіп жатқанын пайымдадық.
Жалпы, Ломоносов атындағы ММУ-нің жаңа медианы қолдану аясы бізді қызықтырды. Бұл жерде студенттердің күнделікті медиа жұмыстарына араласуға мүмкіндігі мол екен. Журналистика факультетінің мультимедиялық орталығында студенттер аудио, видео хабарлар дайындап, ақпараттық салада бәсекеге қабілеттілігін шыңдауда. Тіпті, мектептерде сайт жұмысы жолға қойылып, бұқаралық медианың дамуына белсенді үлес қосуда.
27 қазан 2018 ж. 1 093 0