№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОС КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН

ҚОС КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН


Берекесі дарыған Байкенже – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Дала дидарының тұмса табиғаты бақташы қауымға қарасып тұр. Осы тұста, ауылдағы ағайынға бабадан қалған атакәсіпті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың алар орны айрықша. Оған қоса, өңір басшысы алдағы 3 жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялауы арқылы ынталы азаматтарға кәсіптерін дамытуға дем берді.

Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы десе көз алдымызға бірден егде адамдардың елестейтіні рас. Алайда атакәсіпке адалдық танытып, мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген нәзік жандылар да жоқ емес. Солардың бірі – «Бастау Бизнес» жобасының түлегі, ата кәсіптің керегесін кеңейтіп, ірі қараны ірілендіруге кіріскен шаруалардың арасында Айман Жүнісова да бар. Тек қана ірі қараның шаруасымен айналысып қана қоймай, тігіншілікті де жетік меңгеріп, байкенжеліктерді осы өнерге баулуда. Қос кәсіптің көзін тауып, шағын бизнестің шырайын келтіріп отырған Айман Тасболатқызымен кездесудің сәті түсті.
Жалпы, Елбасы жыл сайынғы Жолдауында кәсіпкерлік саласына жіті көңіл бөліп, халықтың әлеуемттік тұрмысын арттыруына тың серпін беріп келеді. Мәселен, биылғы Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдауды тапсырды. Бұл өз кезегінде жаңадан жұмыс орындарын ашуға, толағай табысқа жетуге жетелейді.
Былтырдан бастап «Бастау Бизнес» арқылы аудан тұрғындары жеңілдетілген пайызбен несие алып, жұмыс жасауға кірісті. Бұл бағдарламадан байкенжеліктер де құр алақан емес. Солардың қатарында «Тимур» шаруа қожалығының төрайымы Айман апайдың жұмысы жүйелі. Бір жылға жуық еңбектің арқасында мал шаруасына бейімделіп келеді.
– Былтыр жұмыссыздықтан шығудың жолын іздеп, ауыл әкімдігіне бардым. Мамандар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына баруға кеңес берді. Уақыт күттірмей мекеме қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Бағыма орай осы «Бастау Бизнес» бағдарламасын оқу бұйырып, бір айлық курсты тәмамдап, 1 500 000 теңге несие алдым. Шүкір, ісім алға басып келеді. Сондықтан, Марлен Нұртазаев басшылық ететін палата қызметкерлеріне үлкен алғыс білдіремін, – деді кәсіпкер әйел.
Бүгінде қолынан шыққан құрақ бұйымдары үлкен сұраныста. Тіпті, аудан орталығында дүкен ашып, саудасына береке дарыта бастаған кәсіп иесінің сапалы тауары қолжетімді. Бұл туралы сәл кейінірек, алдымен, негізгі бағыт мал бордақылауға ойыссақ.
Бұрымды кәсіпкер былтыр қыркүйек айында 5-лекке ілініп, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып бизнес курсқа қатысып, тиісті қаржыға қол жеткізеді. Таңдау төрт түліктің ішіндегі өгізге түскен. Тиісті қаражат қолға тигеннен кейін өгізшелерді сатып алып, баптап, ет бағытына айналдыруда. Іскер жан мүмкіндік болса алдағы уақытта асыл тұқымды өгіздердің санын көбейтуді көздеп отыр. Қазір оның ісіне ұлы Тимур жәрдемші. Атадан қалған асыл қасиет мал шаруашылығын жетік меңгерген ол анасына қолғабыс.
– Ет бағытындағы өнімді көбіне Шиелі ауданындағы фирмаларға өткіземіз. Ауыл-аймақтан келетін тұтынушылардан гөрі көрші ауданнан сұраныс жоғары. Сондықтан, ісімізді ілгерілету үшін ірі қараны көбейтуді көздеп отырмыз. Өгіздерді өсіруден бөлек, сиыр сауып, құрт жайып, ірімшік дайындаймыз. Ал, құрақ тігу бұл анамнан қалған мирас, – дейді байкенжелік кәсіпкер.
Иә, анасынан қалған өнерді бойына дарытқан оған бұл істі уақытында жалғастыруға еш мүмкіндік болмаған. Алайда, араға бірнеше жыл салып мирас болған іске жан бітірді. Отбасылық бизнесті бастаған Айман кәсіпкерге апалы-сіңілі жандар көмектесуде.
Ауылдық клуб үйіндегі үйірмеге жетекшілік ететін Айман Жүнісова ұрпақ тәрбиесінде де осы ұлттық құндылықтарды ұмыт қалдырған емес. Қос қызы да қазір құрақ құрап, ою ойып, сырмақ салады. Бұйыртса немерелерін де үйретуге ниетті екенін жеткізді.
– Қазір көбіне тапсырыс қыздың жасауына беріледі. Тапсырыс күн сайын артқандықтан кенттен дүкен ашуды көздеген болатынбыз. Енді тек сұранысқа сай сапалы өнім дайындай алсақ болғаны. Жалпы, ұлттық құндылықтарды ұлықтап өскелең ұрпаққа үйрету менің парызым деп білемін. Сондықтан, осы өнерді үйренемін дейтін жандарға есігім әрқашан ашық, – дейді ол.
Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылса, керемет емес пе?! Нәзік жандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік таныта бастады. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында белсенділік танытып, елдің экономикалық өсімін кеңейтіп келеді. Түйіндей келе, төрт баланың анасы Айман Тасболатқызының еңбекқорлығы мен бейнеткештігі жастарға қашанда үлгі-өнеге.
Әли ТЕМІРБЕК.
20 қазан 2018 ж. 1 314 0