№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ШЫҢҒЫСТЫҢ ШАҒЫН КӘСІБІ

ШЫҢҒЫСТЫҢ ШАҒЫН КӘСІБІ


Бүгін біздің қозғағалы отырған тақырып – Елбасы Жолдауынан туындаған басым бағыттың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Оның ішінде, жастар арасындағы бизнестің көкжиегін кеңейту. Жасыратыны жоқ, бүгінде аудан орталығымен қоса, ауыл-аймақта да кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Оған қоса, өңір басшысы биылғы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялауы арқылы ынталы азаматтарға кәсіптерін дамытуға дем берді.
Осы тұста, сунақаталық жас кәсіпкер Шыңғыс Қалымбетовтың шағын кәсібі көпке үлгі. Өткен жылдың соңында ол отбасымен ақылдаса келе, ауылдан қоғамдық монша салуды қолға алады. Әрі бұл бір жағынан ауыл тұрғындары үшін аса қажет әлеуметтік нысан болып табылады. Осыны ескерген жас кәсіп иесі қолда бар қаражатқа монша құрылысын бастайды. Бұған дейін Астана қаласында сауда-саттық саласында тәжірибе жинаған Шыңғыс ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап, қоғамдық моншаны іске қосады. Әрине, мемлекеттің де қолдауын айта кету керек. Аудандық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығынан» қаржылай қолдауға ие болады.
«Мың естігенше бір көрген артық» деген нақылға сүйене отырып, Сунақата ауылына бардық. Аллыстан менмұндалаған заманауи моншаның ішкі мүмкіндігімен таныстық. Жуынатын бөлмелері кең. Құрғақ және дымқыл бу бөлмесі бар. Оған қоса, арнайы отбасылық жеке кабинасы мен моншаға қажетті заттар мен сусындар сататын шағын орын дәлізде орналасқан. Бір мезетте 30 адам шомылуға мүмкіндігі бар моншада 1 тазалықшы мен 1 отжағушы адам жұмыспен қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы қоғамдық моншадан еш кем түспейді. Сондай-ақ жақында ғана аудан әкімі Ғалым Әміреев арнайы келіп, жұмысымен танысып, оң бағасын беріп кетіпті. Әрі өзге де қолдауларға құжаттарын дайындауға кеңесін айтыпты.
– Негізі қос бірдей мамандығым бар. Екеуі де мұнай газ саласы бойынша. Десе де, бұйырған сала бизнес болды. Астанада сауда саласында қызмет жасап, кәсіптің қыр-сырына қанықтық. Кейіннен қарашаңыраққа келіп, туған өлкенің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосуға бел будық. Қоғамдық моншаны соғу оңайға соқпады. Жеке қаржы мен мемлекет қолдауының нәтижесінде халық игілігіне пайдалануға бердік. Одан бөлек, Шиелі кентінде де шағын саудамен айналысамын.
Шүкір, ауылда да кәсіп жасаймын деген адамға жұмыс табылады. Тек, тынбай еңбектеніп, тиянақты тірлік етсе болғаны, – дейді Шыңғыс Тұрсынбекұлы.
Иә, жетісіне үш мәрте ел игілігіне қызмет жасап жатқан қоғамдық моншаға бұқара тарапынан сұраныс жоғары. Сунақатадан бөлек, көршілес Еңбек, Екпінді елдімекенінің тұрғындары талғамға сай моншаның тұрақты тұтынушысы. Жасыратыны жоқ, бұған дейін көпшілік қауым Шиелі кентіне барып, монша жағалайтын болған.
– Ауыл ортасынан заманауи үлгідегі моншаның ашылғанына қуаныштымыз. Өйткені, бұған дейін ауылда мұндай кең ауқымды бұқара арналған монша болған жоқ. Ендігі кезекте қолжетімді нысанның игілігін көрудеміз. Бағасы да қолжетімді, – дейді ауыл тұрғыны Дәулет Орынбасаров.
Жалпы қашанда еңбек еткен адамның еңсесі биік. Байқайсыз ба, істің көзін тауып, кәсібін өрістетіп жатқандардың жоспары да, алдыға қойған мақсаты да айқын. Өйткені, олар өзіне сенеді. Мемлекеттің де қолдауы бар екенін біледі. Яғни, еңбектену қашанда берекет пен ырыздықтың бастауы. Ал, адал кәсіп жасау – адамның туған жер, өсіп-өнген өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Осындай туған өлкенің кәдесіне жарарлық кәсіп жасап, бұқараның алғысын алып отырған сунақаталық жас кәсіпкердің қарекеті кісі қуанарлық. Сәтін салса, моншаға қосарлана салынған нысанның бір бөлігіне бизнес-жоба қарастыруда. Одан бөлек шаштараз бөлмесі дайын, енді монша ауласына балалар ойнайтын алаңқай мен бассейн салу жоспары бар. Мұның бәрі әзірге жоба күйінде жетілдіру үстінде. Бір жағынан мемлекеттік бағдарлама немесе қаржылық институттардың есебінен жүзеге асыруды ойлайды. Әзірге Шиелі шаһарындағы сауда нүктесі мен қоғамдық моншаның қызметін қатар алып жүрген жас кәсіп иесінің келешегі кемел, болашағы баянды. Біз мұны Шыңғыспен тілдесу барысында түйдік.

Әбдісамат ӘБДІШ.
11 маусым 2018 ж. 1 058 0