№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БОРДАҚЫЛАУ ІСІНЕ БЕЙІМ ШАРУА

БОРДАҚЫЛАУ ІСІНЕ БЕЙІМ ШАРУА

Берекесі дарыған Қыркеңсе – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі ауыл. Дала дидарының тұмса табиғаты бақташы қауымға қарасып тұр. Осы тұста, ауылдағы ағайынға бабадан қалған атакәсіпті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың алар орны айрықша. Оған қоса, өңір басшысы биылғы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялауы арқылы ынталы азаматтарға кәсіптерін дамытуға дем берді.
Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы десе көз алдымызға бірден егде адамдардың елестейтіні рас. Өйткені, бүгінгі жастардың көбі мал өсіргенді, оны бағып-қаққанды бейнетті кәсіп санайды. Қиындығынан қашады. Алайда атакәсіпке адалдық танытып, мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген жастар да жоқ емес. Көп болмаса да, бар. Сондай ат төбеліндей аз жастың бірі – Әбдіғаппар ауылының 22 жасар тұрғыны, «Бастау» жобасының түлегі  Дәулет Оразалы. Ол – отбасылық кәсіпті өрістетіп, мүйізді ірі қара мен жылқы малын бордақылауды кәсіп еткеніне жыл толды. Жиырма жасар жас кәсіпкердің атакәсіпті өрістетуге деген ынтасы зор.
– Бүгінгі таңда жұмыс жасаймын деген жанға жан-жақты қолдау бар. Сондықтанда тірліктің көзін тауып, шаруаның тетігін тапса жұмыс жүйелі жүреді. Әуелі Марлен Нұртазаев басшылық ететін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «Бастау-Бизнес» бір айлық оқыту курсынан өттім. Осы мекеме арқылы қаржы институттарына бардым. Өзімде мемлекет қамқорлығын сезінбек ниетте «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығынан 2 млн. 400 мың теңге  несиеге қол жеткіздім. Одан әрі ауылда атакәсіпті өрістету ісіне ден қойдық. Мал бордақылау кәсібі ауылдағы ағайынға таптырмас тірлік. Әрі үйреншікті жұмысы. Бұқараның жанынан табылған мемлекет қолдауына біз қашанда ризамыз, – дейді қыркеңселік кәсіпкер Дәулет Әбубәкірұлы.
Расында шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде, ауыл-аймақта кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосады. Әсіресе, «Қызылорда» Өңірлік инвестиция орталығы сынды қаржы институтының демеуіне ел риза. «Бастау-бизнес» жобасының түлегі, Дәулет Оразалы бүгінде 16 бас мүйізді ірі қарадан бөлек, өзінің 25 бас жылқысын бордақылаумен айналысып, ауыл-аймақтан бөлек Жаңақорған кентін ет өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Жас кәсіпкер сиыр етінен гөрі, жылқы етіне сұраныс қашанда жоғары екенін жасырмады.
Сондай-ақ ол жақында ғана, Қыркеңсе ауылында өткен жастар арасындағы ұлттық ат спорты түрлерінен болған жарысқа арнайы келген аудан әкімі Ғалым Әміреев жұмыс сапары барысында Дәулет Әбубәкірұлының мал бордақылау кәсібімен танысып, оң бағасын беріп кетіпті. Бұлда болса қыркеңселік кәсіпкердің қарекетіне үлкен серпін бергені сөзсіз.
– Негізі Алматы индустриялық колледжін бітіргенмін. Автомеханик деген мамандығым бар. Десе де, бойдағы жастық жігерді пайдаланып, ата-анаммен ақылдаса келе, кәсіпкерлік саласына бет бұрғанды жөн деп таптым. Бұл бағытта ынталы жастарға «Бастау» жобасының тиімділігі зор. Өйткені, кәсіпкерлікке алғаш қадам басқан жандарға бизнестің қыр-сырынан бастап, бизнес-жоба жасауға дейін жәрдемдеседі. Сондықтанда замандастарыма мемлекеттің осындай тамаша мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға шақырамын, – дейді Дәулет Оразалы.
Иә, Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында ет өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Әзірге мақалаға арқау болған қыркеңселік жас кәсіпкер ішкі нарықты игеріп, мал бордақылау кәсібіне әбден маманданып алғанша ауыл-аймақ пен аудан орталығын ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарға қойған. Соңыра, кәсібін кеңейтіп, көрші облыстарға ет экспорттау жоспары бар. Десе де, Дәулеттің мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ауылдағы ағайынның ахуалын тіктеу. Яғни, қолдау қаржы арқылы «екі қолға бір күрек тауып», ауыл әлеуетінің артуына ықпал ету. Межелі мақсатта кезең-кезеңімен орындалу үстінде. Тек, маңдай терді төгіп, адал еңбек ету керектігін әбдіғаппарлық шаруа естен шығарған емес. Керісінше, «мал баққанға бітеді» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырып, қарекетін жасауда. Бұл өзге ауыл жастарына көп үлгі.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
01 тамыз 2018 ж. 1 512 0