МАЛ БОРДАҚЫЛАУ КӘСІБІН ӨРІСТЕТКЕН
Берекесі дарыған Сүттіқұдық – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Дала дидарының тұмса табиғаты бақташы қауымға қарасып тұр. Осы тұста, ауылдағы ағайынға бабадан қалған атакәсіпті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың алар орны айрықша. Осы тұста, мемлекет қолдауын сезініп, қарекет жасап отырған шаруашылықтың бірі Сүттіқұдық аулының тұрғыны – Махсатхан Раманқұлов. Ол – отбасылық кәсіпті өрістетіп, жылқы мал бордақылауды кәсіп еткеніне бірнеше жылдың жүзі болды.
– Бүгінгі таңда «қимылдағанның қыр асатынын» елдің бәрі біледі. Сондықтан да тірліктің көзін тауып, шаруаның тетігін тапса жұмыс жүйелі жүреді. Өзімде мемлекет қамқорлығын сезінбек ниетте осыдан үш жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 3 млн. теңге несиеге қол жеткіздім. Әуелі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «Бизнес-кеңесші» оқыту курсынан өттім. Осы мекеме арқылы қаржы институттарына бардым. Одан әрі ауылда атакәсіпті өрістету ісіне ден қойдық. Мал бордақылау кәсібі ауылдағы ағайынға таптырмас тірлік. Әрі үйреншікті жұмысы. Бұқараның жанынан табылған мемлекет қолдауына біз қашанда ризамыз, – дейді Махсатхан Раманқұлов.
Расында шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде, ауыл-аймақта кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосады. Әсіресе, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы сынды қолдау қорының демеуіне ел риза. Отбасылық кәсіпті талғажау еткен сүттіқұдықтық Махсатханның жары Гүлжахан Төрехожаева биыл тағы да аталмыш қолдау қоры арқылы 4 млн. теңге несие алды. Осылайша, 10 бас жылқыны бордақылаумен айналысып отырған отбасы ауыл-аймақтан бөлек Қызылорда қаласы мен Шалқия кентін ет өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Жылқы етіне сұраныс қашанда жоғары екенін жасырмады. Отбасылық бизнес болғандықтан отағасына қашанда жары көмектеседі. Олар кәсіпкер ретінде тіркеліп, уақытылы мемлекеттік аударымдарымды аударып отқанын тілге тиек етті. Бұл да болса, салық базасының ұлғайып, ауыл әлеуетінің артуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Иә, Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында ет өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Әзірге Махсатхан Раманқұлов ішкі нарықты игеріп, мал бордақылау кәсібіне әбден маманданып алғанша ауыл-аймақ пен аудан орталығын ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарға қойған. Соңыра, кәсібін кеңейтіп, көрші облыстарға ет экспорттау жоспары бар. Десе де, бұл отбасының мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ауылдағы ағайынның ахуалын тіктеу. Яғни, қолдау қаржы арқылы «екі қолға бір күрек тауып», ауыл әлеуетінің артуына ықпал ету. Межелі мақсатта кезең-кезеңімен орындалу үстінде. Тек, маңдай терді төгіп, адал еңбек ету керектігін сүттіқұдықтық шаруа естен шығарған емес. Керсінше, оны өмірлік ұстанымға айналдырып, қарекетін жасауда.
Самат КЕРУЕНБЕК.