№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БОРДАҚЫЛАУ КӘСІБІНЕН БЕРЕКЕ ТАПҚАН ҚОЖАЛЫҚ

БОРДАҚЫЛАУ КӘСІБІНЕН БЕРЕКЕ ТАПҚАН ҚОЖАЛЫҚ


Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында шаруаларға кооперативтік өндірісті дамытып, бірігіп жұмыс жасауға пәрмен берген болатын. Бұл өз кезегінде ұсақ шаруалардың өндірістік кооперативтерге бірігуі өзі үшін ғана емес, өңір үшінде маңызы зор. Себебі, қожалыққа бірігу арқылы кірістердің артуына, бәсекелестік қабілетін жоғарылатуға, бірлесіп өнім өндіруге, және оны тиімді сатуға қол жеткізеді. Осы тұста Аққорған ауылы – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Жазиралы жайылымы төрт түлікті түлетіп һәм төлдетуге таптырмайтын жер. Содан болса керек, аққорғандық Сәдірқожа Атымтаев ауыл азаматтарының басын қосып, «Сәдір ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін қолға алды. «Біріккен істе береке бар» демекші, мал бордақылау кәсібін дөңгелетіп отырған қожалық әлі де мемлекет қолдауына үміт артады.
– Шүкір, бүгінде іріленудің нәтижесінде мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болдық. Мемлекеттің «50 ауыл» бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара малын бордақылау алаңдарын ашуға кооперативтің 24 мүшесіне 46 млн. теңге қаржы алдық. Несие алып, несібін арттырған кәсіпкерлер бүгінде мал бордақылау ісіне әбден бейімделген. Биылғы жылға да кооперативтің 20 мүшесі қаржылай қолдау алуға құжаттарын дайындап, өтінім беріп қойды. Сәтін салса, демеу қаржы қолға тисе, атакәсіпті одан әрі жандандырамыз – дейді «Сәдір ата» ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивінің төрағасы Сәдірқожа Атымтаев.
Расында ұсақ шаруалардың өндірістік кооперативтерге бірігудің маңызы зор. Өйткені, ет өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары. Мәселен, «Сәдір ата» кооперативі өткен жылдың қазан айынан бастап, бүгінгі таңға дейін 35 тонна ет өнімдерін пұлдаған. Ең алғашқы ет өнімдерін облыс орталығында өткен «Алтын күз» мерекесінде қызылордалық тұрғындарға саудалаған қожалықтың шаруасы ширақ. Оған қоса, Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында ет және сүт өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Әзірге бұл қожалық ішкі нарықты игеріп, мал бордақылау кәсібіне әбден маманданып алғанша ауыл-аймақ пен аудан орталығын ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарға қойған. Қазірде 200-ге жуық ірі қара малын байлап отырған кооператив мүшелері өз кәсіптеріне дән риза.
– Жасыратыны жоқ, ұсақ қожалықтардың аты бар да, заты жоқ. Бірігуде береке барын бабалар ертеректе айтып кеткен. Осы тұста, мұны шешудің қандай жолы бар деген орынды сауал туындайды. Мұның жауабы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айтылған пәрменді тапсырмадан табуға болады. Яғни, 60-қадамдағы: «Ет және ет өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар таратудағы негізгі міндет, үш жыл ішінде ТМД елдері нарығында шығарылатын өнімдердің жартысына дейінгі экспортты қамтамасыз ету, ауылда кооперативтік өндірісті дамыту арқылы шетелдік үлгілерді ұйымдастыру туралы» тоқталды. Сондықтанда біріге отырып, атакәсіпті өрістету ісіне ден қойдық. Мал бордақылау кәсібі ауылдағы ағайынға таптырмас тірлік. Әрі үйреншікті жұмысы. Бұқараның жанынан табылған мемлекет қолдауына біз қашанда ризамыз – дейді кооператив мүшесі Бауыржан Үсенов.
Осы тұста, аймақ халқының 60 пайызы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, кооперативке бірігіп, тындырымды тірлік жасау бұл үлкен қолдау. Яғни, кооперативтерге бірігу арқылы кірістердің артуына, бәсекелестік қабілетін жоғарылатуға, бірлесіп өнім өндіруге, өңдеу және оны тиімді сатуға қол жеткізеді. Әрине, ауылда қорасындағы азын-аулақ малымен күнелтіп отырған жандар жетерлік. Алайда төрт түліктің өнімін өткізу оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда өндірістік тұрғыда іріленуден ұтарымыз көп. Мемлекеттің діттеген мақсаты – отандық экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселесі – осы саланы дамытып, ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру. Десе де, аудандағы ұсақ шаруа қожалықтардың ауызбіршілік танытып, өндірістік кооперивтерге бірігіп, аймақ бойынша көш бастауы қуантарлық жайт. Бұл бағытта аққорғандық Сәдірқожа Атымтаев басшылық ететін «Сәдір ата» ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивінің мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ауылдағы ағайынның ахуалын тіктеу. Яғни, қолдау қаржы арқылы «екі қолға бір күрек тауып», ауыл әлеуетінің артуына ықпал ету. Межелі мақсатта кезең-кезеңімен орындалу үстінде.

Әбдісамат ӘБДІШ.
10 сәуір 2018 ж. 1 304 0