№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ 17 КӘСІПКЕР 21 МЛН. ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ГРАНТ АЛДЫ

ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ 17 КӘСІПКЕР 21 МЛН. ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ГРАНТ АЛДЫ


Мемлекет басшысы «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек» деп нақты тапсырма берді. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді үйлестіру мақсатында облыс басшысы Қырымбек Көшербаев «Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялап, кәсіпкерлікті қолдаудың тетіктерін ұсынды. Яғни, қайтарымсыз гранттар арқылы кәсіпкерлерді демеу. Мұның шарапатын кәсіпкерлер көре бастады. Мәселен, Жаңақорған ауданы бойынша 17 азамат 21, 127 026 теңге көлемінде қаржы алды. Біз осы жөнінде тарқата жазсақ...
Әлқиссаны әріден бастасақ. Озық мемлекеттер санатындағы Сингапурде шағын және орта бизнесті дамытудың өзіндік моделі қалыптасқан. Түрлі гранттар арқылы кәсіпкерлік саласын дамытқан. Мәселен, қаржыны бизнестің өнімділігін арттыруға жұмсаған жағдайда PIC грантымен 60 пайыз қыржылай немесе 400 пайыз салықтық үзіліс беріледі. Ал, TECS бағдарламасы бойынша өндіріске жаңа технологияларды енгіз­сеңіз қомақты қаржы аласыз. Одан бөлек стартаптық гранттарға ACE Startups бағдарламасымен қол жеткізуге болады. Осындай артықшылықтардың арқасында Сингапур әлемде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде көш басында. Мәселен, Doing Business рейтингі бойынша 189 елдің арасында бірінші орынды иемденді. Жалпы, онда 140 000 шағын және орта бизнес субъектісі белсенді жұмыс жасайды. Бұл елдегі кәсіпорынның 90 пайызын құрайды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та кәсіркерлікті дамытуды гранттар арқылы қолдауды ұсынды, әрі әрбір ауылда кәсіпкерліктің дамуын қадағалап отыр. Сондықтан ауылдық округ әкімдері білекті сыбанып, іске кірісті. Бизнес жобаларды тұрғындарға түсіндіріп, елді мекендерде кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасай бастады. Оның дәлелі, түрлі бағдармаларға қатысушылар саны артты. Мәселен, биыл грант алуға 32 іскер азамат ниет танытты.
Жалпы, бағдарламаға қатысушы «Бизнес-Кеңесші» курсы арқылы дәріс алады. Яғни, жеке кәсіпкерліктің құқық­тық негіздері, салық режимдерінің ерек­шеліктері, бизнес-жоспарлау бойын­ша білімін жетілдіреді. Сосын бизнес-жоба, кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын сертификат және т.б құжаттарды дай­ындап, конкурсқа қатысады.
Осындай талаптарға 17 жаңақорған­дықтың жобасы сай келіп, кәсібін дамы­туға мүмкіндік алды. Соның бірі – Асқар Исаев. Ұлттық бұйымдарды өндіруді кеңейтуді қолға алған кәсіпкер 1, 500 000 теңге көлемінде грантқа қол жеткізді.
– Қазір Түркістан облысының Бәйдібек ауданында киіз үй өндіруге қажетті сәмбі тал және қамшы жасайтын тобылғы және т.б. өнімдерді көрудемін. Жалпы, өндіріске қажетті шикізатты алып, жұмыс орнын кеңейтуді жоспарлап отырмын. Яғни, Түркістан қаласынан ұлттық бұйымдар жасайтын орталық ашуға ниеттімін, – дейді кәсіпкер.
Еуропалық стандартқа сай лего-кірпіш өндіретін Жомарт Шәуенов те қолдау тапты. Ол 1, 200 000 теңге көлеміндегі грантқа қосымша қалыптар алып, өндіріс қуаттылығын 500 данадан 1500-ге арттырды.
Жалпы, Жаңақорған кентінен тоғыз кәсіпкер бизнесін дамытуда грантқа арқа сүйепті. Қалғаны ауылдық округтердің еншісінде. Қандөзде көлік жөндеу орталығы, Ақүйікте тігін цехы, Шалқияда ағаштан жасалған қол өнер бұйымдарын жасау, Жаңарықта қой қырқу қызметі пайда болады. Сондай-ақ, Аққорған мен Қыркеңседе наубайхана, Көктөбеде кондитерлік цех ашу қаржылай қолдау тапқан.
Грантқа ие болушылар арасында ең қомақты қаржы Төменарық ауыл­дық округіндегі стоматологиялық емха­­наға бағытталған. Кәсіпкер Сәбит Есма­ғамбетов 2, 800 000 теңге грантқа қол жеткізіпті.
– Грант қаржысына тіс емдеуге қажетті аппараттар алдым. Оның ішінде, дентальный рентген-аппарат, медициналық автоклав және т.б. айтуға болады. Қазір тұрғындардың тісін емдеу жұмыстарын бастап кеттім, – дейді ол.
– Шағын және орта бизнесті дамыту маңызды. Себебі, кәсіпкерлікті дамыту арқалы: экономиканы әртараптандырып, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға, ең бастысы, халықтың әл-ауқатының арттыруға болады, – деді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысы Қаржыбек Бүркітбаев.
Қорыта айтқанда, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік гранттар өз иелерін тапты. Енді кәсібін дөңгелетіп, жерлестерін жұмыспен қамтып, мемлекеттің дамуына күш-жігерін жұмсай білу қалды...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
06 қазан 2018 ж. 1 193 0