№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЦИФРЛАНДЫРУ: ШАПШАҢДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

ЦИФРЛАНДЫРУ: ШАПШАҢДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ


ХХІ-ғасырдың 18-жылына қадам бастық. Алғашқы айдың бел ортасынан бастап, ауыл-аймақ әкімдері есеп берді ел алдында. БАҚ өкілі ретінде бізде бардық ауылға. Маған жүктелген міндет: Сыр беткейдегі сегіз ауылдың тынысын тарқата жазу. Жазып қана қоймай, сол мезетте елдімекеннің екпінін әлеуметтік желі арқылы жер-жаһанға жариялау. Яғни, ақпаратты уақытылы «Жаңақорған тынысы» газетінің сайтына һәм желідегі жеке парақшасына салуым керек. Бұл ішкі тапсырма. Талқыланбайды. Тек орындалады. Өкініштісі, орындалмас бұйрықтың санатына еніп кетті. Қазақы «бара көрерміз» деген болжам ақиқатқа айналды. Асылында ұялы телефонның интернеті арқылы жос­парымды жүзеге асырмаққа смартфонның бетін сипадым. Шабан аттай жылжымайтын ғаламтордың жылдамдығы әбден шаршатты. Желіге сурет жүктеу үшін, өте сабырлы болуға тиістісіз. Болмаса, бәрі бекер.
Соңыра, «суып» қалған ауыл жаңалықтарын аудан орталығына оралған соң желіге жарияладық. Иә, әлем жұрты жақын-жуықта 5G жаңа буынды жоғары жылдамдықты пайдаланатынын жарыса жазып жатыр. Ал, бізде «Н», «Н+» сынды алғашқы жылдамдықпен амалдау­да ауыл тұрғындары. Оған еліміздегі ұялы байланыс операторлары да аса ықыласты емес. Себебі, мыңнан аса түтіні және арнайы жайы мен жері болмаса, мұнараны орнатпайды. Хош. Мұны сәл кейінірек тарқата айтамыз. Бірінші бас тақырыпқа ойыссақ.
Мемлекет межесі – озық отыздыққа ену. Яғни, мақсаты айқын, бағдарламасы да дайын. Ол «Цифрлы Қазақстан» деп аталады. Негізгі 4 бағыты бар. Биылдан бастап, жүзеге аса бастаған бұл құжаттың қауқары да қомақты. Әлгінде айтқан төрт басымдықтың әуелгісі – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамту. Бұл жөнінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Бүгінгі таңда 122 қаланың барлығы және 1200-ге жуық ауылдық елді мекен интернет желісіне жоғары жылдамдықты қолжетімділікке ие. «Цифрлы Қазақстан» құнды құжаты аясында жалпы халық саны 2 млн астам болатын 1800 ауылға байланыс желісін тарту жоспарда бар. Нәтижесінде, 2021 жылға дейін ұзындығы 24 мың шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады», дейді.
Сондай-ақ мемлекеттің бағдарлама шеңберінде азаматтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту қарастырылған. Жоба аясында электронды сауда, электронды үкіметтің қызмет көрсетулерін, интерактивті білім беру мен денсаулық сақтау құрылымдарын сандық технологияға негіздейді. Елімізде 2020 жылға дейін интернет қолданушылар санын 80 пайызға, ал, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы хабар таратумен қамтамасыз етпек. Ал, бұл бағытта Жаңақорғанда қандай жұмыстар атқарылуда?

Байланыс саласының бағдары
Расында бүгінгі таңда байланыс қызметі қоғамдағы ең басты қажеттіліктің бірі. Бұл тұрғыда «Қазақтелеком» АҚ – отандық телекоммуникациялық нарықта жетекші рөлге ие. Компания Елбасы жүктеген ақпараттық саладағы жаңғыртудың жаңа жүйесін бәсекеге сай орындауа. Отандық оператор қазіргі таңда республикада сандық желіге ауысу жұмысын аяқтап, телекоммуникациялау бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырды. Оның қатарында Жаңақорған ауданындағы ауыл-аймақта цифрлық станцияға көшті. Бірқатар ауылдық округтегі АТС қызметі талшықты оптикалық кабельге қосылды. Яғни, жоғары жылдамдықты интернет мүмкіндігіне жол ашылды. Бізде өз кезегінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Оңтүстік өңірлік техникалық дирекциясы Жаңақорған желілік техникалық цех басшысы Зейнулла Урқараевпен тілдестік. Сала басшысының айтуынша, бүгінгі таңда ауданда 5821 отбасы телефон нүктесін, 3484 отбасы интернет байланысын, ал цифрлы теледидарды 528 отбасы пайдалануда екен.
– Телекоммуникация саласындағы жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асуда. Уақыт талабына сай, сандық технологияға негізделген цифрлық станциялар бой көтеруде. 2009 жылдан бастап «ВОЛС» талшықты желілері ауыл-аймаққа орнатыла бастады. Қазіргі таңда жеделдетілген бұл желіге 16 елді мекен қосылған. Бұл дегеніміз қарапайым ауыл тұрғындары жоғарғы жылдамдықты интернетті игілігіне икемдеп, кабельді теледидарға қол жеткізді. Биыл Шалқия, Манап, Байкенже ауылына талшықты желіні іске қосу жоспарда бар. Ал, кабель тартылмаған аймақтарға жаңартылған телеантенналар арқылы интернет берілуде, – деді Зейнулла Қалжігітұлы.
Сонымен қатар, Елбасының цифрлы технологияға негізделген Жолдауында: «Оқытудың мазмұндылығын заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмысын жалғастыру керек» деген болатын. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі білім ордаларының басым бөлігіне цифрлық оқыту ресурстары қолжетімді. Оған қоса, өткен жылдан бастап іске қосылған электронды күнделікті тұтастай пайдалануды қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін мектептерге жоғары жылдамдықты интернет керек. Ресми мәліметке сенсек, еліміз бойынша 6956 мектептің 98 пайызы желіге қосылған. Алайда кең жолақты интернет тек 34 пайызында ғана бар. Енді республикадан ауданға ойыссақ. Оңтүстік өңірлік техникалық дирекциясы Жаңақорған желілік техникалық цех басшысы Зейнулла Урқараев аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, 42 мектептің 39-на «e-learning» бағдарламасы үшін жоғары жылдамдықты интернет жеткізген. Ал қалған 3 мектепке «Радиомост» қондырғысы арқылы интернет жеткізетіні белгілі болды.
Иә, цифрландыру жүйесі қай салада болмасын қарқынды жүргізілуде. Десе де, интернеттің жоғарғы жылдамдығы халық үшін маңызды. Өздеріңізге белгілі, интернет желісіне тек компьютерлік құрылғыдан бөлек, байланыс спутниктері, радиосигналдар, кабельдік теледидар, телефон, ұялы байланыс, арнайы талшықтық желілер арқылы байланысуға мүмкіндік мол.
Осының ішінде, ұялы байланыс операторлары шалғай ауылдарға байланыстан бөлек жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жеделдетсе игі. Тақырыпқа тұздық ретінде, Қосүйеңкі ауылының әкімі Жанай Жанпейсовтың пікірін бергенді жөн көрдік. Өйткені, бес жыл бойы табаны тозып, байланыс операторын елге әкелу үшін барын салған. «Жыламаған балаға байланыстың жоқ» екенін түсінген ауыл әкімі қолға алған жұмысты соңына дейін бітіруге мақсат қойған.
– Ауылға ұялы байланыс қондырғысын орнату жұмысын 2013 жылдан бастадым. «Кселл» байланыс операторының облыс орталығынан бастап, Алматы, Астана қаласындағы бас кеңселеріне бардым. Алғашқы кезде лимитке сәйкес 1000 тұрғыннан асу керек деген талап қойды. Кейіннен арнайы жай керектігін жеткізді. Оны да таптым. Мұнара сұрады. Не керек, жоспарларына ендім. Бірақ тағы бір-екі жылға созылды. Ең соңында жерді аукционмен сатып әперіп, электр жарығын апарып, мұнарасын тұрғызып бердік. Бес жылға созылған ұялы байланыс өткен жылдың аяғында ғана іске қосылды. Қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бүгінде тек ұялы байланыс құралына ғана қолжетімді. Интернеті жоқ. Оған қоса, ауылдағы сандық технологияға негізделген сымсыз телефон интернеті де бірде бар, бірде жоқ, – деді ауыл әкімі.
Цифрлы Қазақстанға қадам басқан уақытта қарапайым ұялы байланыспен қанағат етіп отырған ауылдар қаншама. Интернет кәдімгідей арман ауылдағы ағайынға. Ол да дұрыс. Желі арқылы жер-жаһандағы жаңалықты оқып, алыс-жақындағы жақын-жұрағатты мобильді телефонның мүмкіндігін пайдалана отырып, бейнеқоңырау шалғысы келеді. Әзірге мұндай жағдай саусақпен санарлық қана кент, ауылдық округке жасалған. Яғни, Жаңақорған кентімен қоса Төменарық ауылында жоғары жылдамдықты 4G технологиясы тұрақты ұстап тұр. Ал, қалған ауылдар 2G, 3G, Н, Н+ мобильді технологиясын пайдалануда. Жалпы, әрбір 10 жыл сайын ұялы байланыс интернетке деген кеңжолақты қолжетімділікті дамытуда. Мәселен, 1990-1999 жылдары – 2G, 2000-2010 жылдары – 3G, 2010 –жылдан 4G, енді 2020 жылға қарай 5G технологиясы пайда болмақ. Неде болса, көштен қалмау керек. Нарық пен уақыт талабы да сол. Жолдауда жүктелген 10 басымдықтың барлығы да цифрландыру дәуіріне тездетіп бой тіктеу. Түйіндей айтқанда, жаһан жұрты қазір ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Кез келген сәтте адам ойламаған нәрселер дүниеге келіп жатады. Бұның барлығы бізден аса қырағылықты, шапшаң қимылдауды, жедел бейімделуді талап етеді.
Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінің талабы да – осы. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы осы талаптарға сай болуымызды көздейді.

Әбдісамат ӘБДІШ.
03 ақпан 2018 ж. 1 456 0